«Архивтердің ашықтығы мен қолжетімдігі: дамудың жаңа трендтері» тақырыбына арналған жазғы мектеп жұмысын құттықтау сөзімен ашқан Президент Әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Төлеев тарихи мәдени мұрамызды сақтау мен дамытуда архив ісі мамандарының біліктілігі маңызды рөлге ие екенін атап өтті.
– Өткенді білу – адамзатқа ортақ құндылықтарды құрметтеу. Ал архив құжаттарын сақтау мен мұқият зерделеу ісі сала мамандарынан жоғары біліктілікті талап етеді. Архивтік құжаттар жазбаша жад ретінде қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан да азаматтық қоғамда әрқайсымыз үшін архивтердің ашықтығы мен қолжетімдігі маңызды. Ал кәсіби байланыстар архив мекемелерінің арасында ғана емес, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Жас архившілер үшін жазғы мектеп тарихи-мәдени мұраны сақтау мен зерделеудің, құжаттамалық айналымдағы құнды деректерді сараптау мен өміршеңдігін қамтамасыз етудің заманауи мүмкіндіктеріне жол ашады, – деді ол.
Форум барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ж.Түймебаев, Ресей Мемлекеттік гуманитарлық университетінің ректоры А.Безбородов, Жалпыресейлік құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институтының директоры П.Кюнг, «Узархив» Өзбекстан агенттігінің директоры У.Юсуповтың жас архившілерге жолдаған жылы лебіздері оқылды. Өз кезегінде Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Михаил Ларин, Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық кітапханасы және архивтерінің бас директоры Абдулла Маджид Аль-Али жаһандық сын-қатерлер кезеңінде архив ісін дамытудағы жаңа мүмкіндіктерді, цифрлық технологиялық жетістіктерді бөлісуде халықаралық диалог алаңдарының зор мүмкіндік беретініне тоқталды.
Бүгінде Президент архиві мен БАӘ Ұлттық кітапханасы мен архивтері арасындағы архив саласындағы халықаралық байланыстарды жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол қойылған. Осы орайда өзара тиімді бағдарламалар мен іс-шараларды жандандыруға, екі елдегі құжаттық мұраны сақтау мүддесінде ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған келісімдер аясында жас архившілер үлкен қор жинап, БАӘ архив ісіндегі заманауи жетістіктеріне куә болып қайтқанын айта кеткен абзал.
Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина дәстүрлі жазғы мектептің халықаралық сипат алуы Қазақстан архившілер қоғамдастығының белсенді әрі іскер қадамдарының жемісі деп атап өтті. Оның айтуынша, алты жыл ішінде жазғы мектепке қатысушылар саны мыңға жуықтап отыр. Осы жылдарда жас архившілер мектебінің географиялық ауқымы кеңейіп, оның қатарын Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан және тағы басқа елдерден келген архившілер толықтыру үстінде. Жас архившілер биылғы кездесуде архив ісі бетпе-бет келіп отырған жаңа заман талаптарын, технология саласындағы жетісіктер туралы еркін ақпарат алмасып, архив ісіне жаңа бір тыныс әкелетін ортақ шешімдерді талқылайды. Жазғы мектеп кәсіби алаң ретінде аймақтардағы архивтердің дамуына, сондай-ақ шетелдік әріптестердің жетістіктерінен хабардар болуға ықпал ететіні сөзсіз.
Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат жас архившілердің кездесуі өте өзекті, сұранысқа ие тақырып аясында өтіп жатқанын тілге тиек етті.
– Бүгінде архив ісі цифрлық технологиялардың қарыштап дамуымен жаңа мүмкіндіктер кезеңінде тұр. Бірақ кейінгі уақытта жалған ақпараттардың белең алуы жекелеген мемлекеттерге ғана емес, әлемдік экономикаға кері әсерін тигізіп жатыр. Ал жасанды интеллекттің адамзат үшін пайдасымен қатар кері әсеріне қатысты сарапшылар дабыл қағып отыр. Осы орайда шындықтың шырақшысы ретінде архив ісі мамандарынан түпнұсқа құжаттардың өміршеңдігін сақтау, әлемде қалыптасқан ахуалды қаперге алып әрі заманауи мүмкіндіктерді игере отырып, архив ісін алға оздыруда қырағылық танытуы қажет, – деді ол.
Қазір архивтердің даму деңгейі сол елдің өркениет дәрежесі мен халықтың өз тарихын қаншалықты бағамдауының көрсеткіші іспетті. Әлемдік өркениет түрлі бағытта дамыған сайын, қоғамдық өмірдің барлық саласында, оның ішінде архивтердің қызметінде жаңа сын-қатерлер туындап отыр. Архив ісін жүргізуде ғаламдық кедергілерді айналып өтіп, жаһандық өзгерістерге төтеп берудің жолдарын анықтау жазғы мектептің көтерер жүгі болса керек. Архив ісі мамандарын тек архивтік қызмет шеңберінде ғана емес, қоғамға қолжетімді ашық архив қалыптастыру және өз тарихы мен мәдениетін жете білетін отансүйгіш мамандармен толықтыруды да қарастыратын болады.
Жазғы мектеп қатысушылары архивтерді цифрлық трансформациялау мен білікті кадрлар дайындау жұмыстарын ұтымды ұйымдастырудағы ұсыныстарын ортаға салды. Президент архиві мамандары еліміздегі архивтерді әлемдегі жетекші архивтердің инновациялық даму жолымен ілгерілете отырып, бұл істе барынша ашықтық пен цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға үйретуді мақсат етеді. Осы орайда жазғы мектеп ізгі дәстүрді жалғастыра отырып, архившілер үш күн қатарынан заманауи әдістемелер, цифрлық трансформация, ғылыми тәсілдерді іс жүзінде қолданудың мүмкіндіктерін талқылайды.
АЛМАТЫ