Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Алапат қиял жетелеп кетсе,
жетелеп,
Адуындықтан, зымырандықтан
суымай.
Барасың қайда төтелеп?
Ағылып өткен ойлар суылы-ай.
Тебінбей жатып, терсінбей
жатып қан қызды,
Ашқылтым татып, ұйымай.
Көкке қол созып, андыздап өрген,
андыздап,
Бусанған көңіл буын-ай.
Еміреніп жүріп, егіліп кетсем егіліп,
Жамандыққа елі жуымай,
Тасынып барып,
төгіліп кетсем төгіліп,
Алапат шабыт суынбай».
Бұл – ақынның «Алапат шабыт суынбай» атты өлеңі. Осы өлеңді оқығанда оның өзін көргендей, үнін естігендей боламыз. Мұны шалқыған шабыт жалынының жанды шарпуы деп түсінуге де болар... Ақын көңілін бусандырған да, қанын қыздырған да, емірентіп, егілткен де, тасытып, төгілткен де бойындағы шиыршық атқан шабыты.
Ақынның поэзия әлеміндегі салмағын сезіндіретін, сөз өнеріндегі өзіндік қолтаңбасын айшықтайтын туындылары енген «Қаратауым – ақ отауым» атты кітабын қайта қолға алғанымызда, санамызда өзгеше бір қозғалыс болды. Іле көкірек көзімізге сиқырлы сазды, қуаныш пен қоңыр мұңды қатар қондырған, жан дүниеңді әрі-сәрі күйге түсірер жыр әлемі өзіне баурап ала жөнелді.
«Ей, қара өлеңнің қара дүлдүлі,
Мұхтарұлы қаражаяу деп пе едің?!
Сарыла оқып,
сарғайған қағаз беттерін,
Өлең-жырдан аулақтап,
Өшіріп алған ақындық
жалын-өрттерін.
Сен болып, ол болып, мен болып,
Поэзияның бұзамыз
әлі алынбас қамал-шептерін»,
деп өзіне серт берген ақынның шығармаларында қамтылған тақырыптар сан-алуан. Махаббат, табиғат лирикалары, өмір, адам, адамгершілік, толғауы тоқсан тіршілік, әлем сырларына үңілдірер толғамдары, ұлт, тарих, туған жер, әке, ана, ерлік, елдік, еңбек және басқа да тақырыптардағы идеялық мазмұны терең туындылары ақынның шеберлігін, ой еркіндігін, сөз саптаудағы сұңғылалығын, дүниетанымының кең әрі көркем сипатты екенін көрсетеді.
Ақын шығармаларында қазақ поэзиясындағы көркемдеу, бейнелеу дәстүрінің сәтті жалғастығы анық байқалады. Бұл қаламгер туындыларының көркемдік-эстетикалық сапасын көтеруге барынша әсерін тигізген.
Ұлт әдебиеті кешегі және бүгінгі дәуірдің тынысынан, шежіресінен хабардар береді. Бұл дегеніміз – әдебиетіміздің қай замандағы болсын халықтың қайғы-қасіреті, қуаныш-жұбанышы, буырқанған не жасыған көңіл-күйі, ілгеріге ұмтылыстары мен азаттық жолындағы аттаныстары, ел мен жерді қорғаудағы күресі, жақсы мен жаманның тартысы, ақ пен қараның айқасы, тұлғалар өмірі туралы деректерді көркем тілмен, бейнелі суреттеу тәсілімен ұлт жадына сіңірудегі орнын айқындайды. Осы реттен алғанда С.Мұхтарұлы әдебиеттің басты міндетін жан дүниесімен түсініп, өз туындыларына талғам биігінен қарауды шығармашылық мұрат еткен.
Әрине, шағын бір мақалада ақынның барлық өлеңдері, поэма-дастандарын қамтып, пікір айту қиын. Сондықтан ақын поэзиясындағы жұтынып тұрған бірер өлеңге назар аударып, одан әрі дастан, толғау, поэмалары жөнінде аз-кем сөз қозғауды жөн көрдік.
Өлеңдерінің көркемдік сипатынан, мазмұнынан қазақы болмыс, таным, ұлттық мінез аңқып тұрған ақынның «Ана туралы баллада» деген өлеңі бар.
«Бір зират бар қарапайым,
Шет жағында ауылдың.
Сағынышпен барған сайын,
Өзекті өртер ауыр мұң.
Жанындағы қара тасқа,
Отырамын сүйеніп:
Екі жүрек тағдырлас та,
Мен тірімін ол өлік...
Еске аламын өткенімді,
Періштедей кезімді.
Әжем мені бауырына алып,
Ана болып емізді.
Өз қолымен құндақтапты,
Тәтті ләззат құйып тың.
Шөліркеген шеміршегі,
Ақ сүт болып ұйыпты»,
дейді ақын.
Кезінде оқырманнан өз бағасын алған бұл өлеңде Сейсен Мұхтарұлы бақиға аттанған әжесіне деген сағынышын баса алмай, аялы алақанның жылуын аңсап, қабір басында өзімен-өзі сырласады, өткен періште кезін еске алады. Бейне бір әжесі қабірден шығып, өзінің маңдайынан сипағандай күй кешеді. Осы көңіл-күй оның қиялын шарықтатып, тәтті сезімдерге бөлеп, шөліркеген шеміршегі ақ сүт болып төгілген әжесінің әлди жырына тербелген сары даланы ойымен кезіп кетеді.
«Аялапты шуақ – әр күн,
Бесік жыры төгіліп.
Мейірімнен жарқын дала,
Кетіпті бір егіліп...
...Жылылықтан гүлдердің де,
Қауыздары ашылып,
Анаға кеп иіліп,
Ұлылыққа бас ұрып...»
Әжесі мен туған жерін бір ұғымға сыйдырып, оларды бірегей тұтас әлем ретінде санасында сомдаған ақынның суреткерлік қуатын, қиялының ұшқырлығын көрсететін бұл жолдар ананың ұлылығына бар әлем бас иетінін түйсіндіреді.
Тәтті әуезімен жұбатып, кіндік қаны тамған жерге немересін аунатып алған асыл әженің бұ дүниедегі аналық мейірім-шуағы, өзіне деген ыстық ықыласы ақынның санасына ерекше әсер етеді. Немересіне туған жердің топырағын иіскетіп, «Ұлы болсын елімнің!» деп дұға тілеп, ақырғы рет сүйіп, иіп, бақиға жүзін бұрып кете барған анаға деген қимастық сезім жаныңды қалай тебірентпесін. Анаға деген құрмет пен тағзымның бастауында тұрған осынау ұлы сезімнің ыстық лебі жан сарайыңды кеулеп, жанарыңа жас үйірмей қоя ма?
Әже моласының басында ойға берілген ақын. Кенет мола, бәлкім ана даланы жаңғырта тіл қатады:
«...Анам десең, сүйсең мені,
Қара жерді сүй мына.
Ақ анам деп білсең мені,
Анаң сенің жер мына.
Төк сол үшін ақтық терді,
Арналсын бар намысың.
Арна соған бар жігерді,
«Адам ғой» деп танысын!»
Осынау үнді естігенде ақынның бойындағы уайым-қайғы ыдырап, рухы көтеріліп шыға келеді. Бейне бір әжесі қайта тіріліп келіп демегендей болады. О дүниелік болса да әжесінің мейірімі таусылмайтын, сарқылмайтын, мәңгіге жанын шуаққа бөлеп жүретін, Құдайдың құдіретінен бастау алған ұлы күш екенін сезінеді. Шабыты шарықтаған ақын одан әрі:
«Селк еттім де, шаттандым мен,
Қара, әдемі бір шоқ гүл.
Жайнап мола бүйірінен,
Жерді жарып шыққан бұл.
Иіскедім сан қайтара,
Алдым сүйіп көгінен.
Сыйладың ба, қайсар ана,
Қуансын деп тегі мен.
Ана, сенің гүліңмін ғой,
Гүлдей жайнап келемін.
Мына ұлы ғұмырда да,
Гүл болу ғой тілегім.
Асыл ана, айып етпе,
Келген жоқпын зар үшін.
Дүниені дүр сілкінтсе,
Дауысымнан танырсың»,
дейді.
Ақынның атамекенге деген сүйіспеншілігі орасан. Балалық шақ, өскен орта, туған жерге деген құрметі ақынның атажұрт алдындағы перзенттік парыз ұғымын айқындап бергендей. Ана, Отан-Ана құшағынан берілген жылылықтан гүлдей жайнап өсетінін айтып қуану, жігерлену үлкен бақыт емес пе. Соны ақын баршаға ұғындырғысы келеді. Ананың перзентіне деген сүйіспеншілігінің теңдессіз күш екенін, анаға деген махаббат пен құрметтің Отан-Анаға деген сүйіспеншілікке ұласатынын ұқтырады. Ана мен Отан-Ана екеуі егіз ұғым, ажырамас, бірегей құндылық екенін айтады.
Жалпы, С.Мұхтарұлы ана тақырыбын қозғай отырып, кең даламызды, туған жеріміздің сүюге үндейді, ана мен бала арасындағы тылсым байланыстың құдіретін толғайды.
С.Мұхтарұлының қазақ поэзиясындағы өзіндік орнын айқындауда лирикалық шығармаларының үлесі зор. Ол тамаша лирик ақын. Нәзік те сазды, жұмсақ үнді, жүректің пернесін дөп басар лирикалық туындылары жұтынып-ақ тұр. Ақынның табиғат лирикасы тақырыбында жазылған өлеңдеріндегі түрлі құбылыстар, сұлу сурет, пейзаждар адамның көңіл-күйіне ерекше әсер етеді. «Сырдария», «Туған жерді сағыну», «Қайтқан қаздар», «Қайың», «Жаусыншы жаңбыр» деген шығармалары жанға жылы тиеді.
Сөз шеберінің махаббат лирикаларының жөні, тұрпаты, ішкі иірімі бөлек. Кеудесін жарып шыққан махаббат тақырыбындағы аққу жырларынан өзгеше бір леп еседі, жаныңды рахатқа бөлейді, ерні кезеріп шөліркеген рухың қанады. Бейнелі сөздер, теңеулер тынысыңды ашса, ойын астарлап, тұспалдап жеткізудегі шеберлігі тәнті етпей қоймайды. Өмір шындығын еркін қиялымен сәтті ұштастырып, мөлдір де таза сезімін, риясыз ниетін жайып салады.
Сейсен Мұхтарұлының шығармашылығы жөнінде сөз еткенде оның дастан, толғау, поэмаларына тоқталмай өту мүмкін емес. Өйткені ақынның осы бағыттағы шығармалары қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар. Тарихтың терең қойнауын шарлаған, арман-тілегі айшықталған, рухын, үмітін кестелі сөзбен өрген кең тынысты шығармаларының қайсысын алсаңыз да ойыңды қозғап, жүрегіңді шымырлатады, тамсандырады. Санаға салмақ сала отырып жаныңды серпілтетіні өз алдына бөлек әңгіме. Сондай-ақ ақынның әлемдік тұлғалардың өмірін, еңбегін арқау етіп, олардың жан дүниесіне бар болмысымен еніп жазған табиғаты ерек, сипаты өзгеше жырлары есіңді алады.
Ақынның «Күн желкен немесе Қорқыт ата» дастаны, «Рембрандт», «Винсент Ван Гог», «Замана», «Қарақұм. Күн батып, таң атқанша», т.б. поэмалары бар. Бұл туындылардың барлығында кейіпкер бейнесін ашуда қолданған әдіс-амалы, сөз саптауы ақынның шеберлігін анық көрсетеді. Біз осы туындылардың кейбіріне аз-кем тоқтала кетсек.
Нидерландтық соқыр суретшінің өмірге деген көзқарасы мен ішкі әлемін кеулеген қайғы-мұңы берілген «Рембрандт» поэмасы ақынның ұшқыр қиялы мен биік өресінің жемісі. Ерекше мәнермен, романтикалық сарынмен жазылған поэма он монологтан тұрады. Рембрандттың қиялы, сезімі, мінезі, өнерге деген адалдығы, қайғыдан қан жылаған жүрегінің дүрсілі поэманың табиғатын аша түскен. Кім болса да көзден қалу оңай ма? Ал суретші зағип болып қалса ше?.. «Суретшімін. Көзден қалдым, біттім енді не дейін? Ақын болсам сандуғаштай сұңқылдаған көмейін. Өкінішті жүрегімді саздырған, Қалдырайын, кейінгіге берейін», деп азап шексе де мойымаған Рембрандт сен үшін рухы мықты жан. Поэмада Рембрандттың романтикалық арманы, күншілдерге ызасы, үміті, өткенге өкінуі, келешекке үмітпен қарауы, бәрі-бәрі шұрайлы тілмен берілген. Шығарманы таланттардың, өнер адамдары рухының мықтылығы көрсететін психологиялық поэма деуге болады. Биік арман, өнерге деген құштарлық адамды алға жетелейді – бұл поэманың идеялық мазмұны.
«Винсет Ван Гог» поэмасы да психологиялық шығарма. Нидерландтық суретшінің тағдыр жолына арналған шығармада адам жанының иірімдері, өмір шындығы жан-жақты қозғала отырып, кейіпкердің жүрек сырын поэтикалық тұрғыда сәтті ашқан деп айтуға болады. Ақын өз кейіпкерінің ішкі әлемін сипаттай отырып, барлық трагедиялық жағдайлардың туындауына қоғамдағы келеңсіздіктер әсер ететінін айтады әрі адам тағдырына, келешекке өз биігінен қарайды. Өз заманынан бір ғасыр бұрын өмір сүрген суретшінің талантын, талайлы тағдырын, болмыс-бітімін, көзқарасын шебер жеткізген ақынның бұл поэмасы ақын жырлағандай: «Келгендікпен өмірге ғашық еткім, Мазақ пенен азапты басып өттім. Түсінгейсің, келешек не екенін, Бояуменен жазылған өсиеттің», деп болашаққа сөз арнап тұр.
С.Мұхтарұлының шоқтығы биік туындысы – «Күн желкен немесе Қорқыт ата» дастаны. Бұл дастан кезінде поэзияның биігі деп бағаланған. Ұлы дала туралы ой-толғамға негізделген шығармада рухани-мәдени қазынаны сақтау, ел мен жердің қадірін білу, намыс, ар-ұят сынды асыл ұғымдарды бағалау ұлы парыз екені тәпсірленген поэманың көтеріп тұрған жүгі ауыр. Ақын аманатын арқалаған поэма алысқа барады, қазақ поэзиясымен, қазақпен бірге жасайды деп ойлаймыз.
«Жазушы» баспасынан 1990 жылы жарық көрген дастанда Қорқыттың өмір сүрген дәуірі, оғыздардың таным-түсінігі, салт-дәстүрі, бабамыздың өмірге келуіне қатысты аңыз-әпсана берілген. Тарқата айтсақ, Ұлы даланы мекендеген халқымыздың басынан өткерген нәубеттері, ел мен жерді анталаған жаудан қорғаудағы жанқиярлық ерлігі, қазақтың мәдениеті, руханияты поэмада барынша қамтылған. Отан, атамекен, туған ел ұғымдарын айырықша мәнерде аша білген.
Жалпыадамзатқа ортақ қасірет үшін күңіреніп, жаны байыз таппаған, соңында рухани мол мұра, асыл сөз қалдырған Қорқытты күн желкенге теңеген ақынның аталған туындысы қазақтың жанына етене жақын дүние.
Ақын көркемдік деңгейі жоғары дастан, поэма, толғаулары арқылы қазақтың сөз өнеріне өзіндік үлесін қоса білді деп айта аламыз. Сондықтан да болар, Халық жазушысы Хамит Ерғалиев кезінде: «Аламан бәйгеге шабатын арғымақтың сипатын ешкім анық біле бермейді. Шын тұлпар сырт көзге көріксіз келеді. Сейсен – сырын ішіне бүккен аламан бәйгеге қосатын арғымақ», депті. Шынында, біздің кейіпкеріміз арғымақ ақын.
Ол – ақын ғана емес, жазушы, журналист, зерттеуші. Елу үш жасында өмірден озып, бұ дүниеден жүзін бұрып кете барған ақынның алғашқы жинағы «Бүлдіршін» деген атпен 1967 жылы жарық көрген. Одан кейін «Құм кешкен керуен», «Саптағы сарбаз», «Тағы бір көктем», «Нұр тағысы», «Нұрлы жүрек» деген өлең кітаптары шықты. Бұдан бөлек, «500 сұраққа жауап» атты өнертану, зерттеу кітабы, «Шоқан және өнер» атты ғылыми публицистикалық еңбегі және халық суретшісі К.Телжанов туралы тарихи-библиографиялық «Атамекен» атты повесі басылды. «Қорқыттануға баспалдақ» атты ғылыми-зерттеу еңбегі «Қорқыт ата» энциклопедиялық жинағына енген.
Белгілі ғалым Алма Қыраубаева айтқандай, оқуға түсерде шығарманы өлеңмен жазған Сейсен Мұхтарұлының есімі, мұрасы ұмыт қалмаса дейміз.