Жасы жүзден асқан қария, кәмелеттік жасқа толып, алғаш дауыс берген бозбала, соғыс ардагері, қоғам қайраткері, атақты жазушы, өнер жұлдызы... қойшы, әйтеуір, бәрі бар. Енді бірде талдықорғандық азаматтың сайлауға өзі бағып жүрген түйесін мініп келгенін көрдік. Жә, аптап ыстықта апталап су ішпейтін киелі жануардың жөні бөлек. Халқымыз да Ойсылқара тұқымын ерекше көреді. Оның шұбатының өзі мың түрлі дертке ем. Баламызды да «ботам» деп еркелетеміз. Содан-ақ түйенің қасиетін біле беріңіз.
Ал ендігі қызық басқа. Ол – диван арқалаған бір адамның сайлауға келіп дауыс бергені. Сол-ақ екен оны барлық ақпараттық сайт іліп ала жөнелді. Суретін жариялады. Бұған өзіміз де таңғалдық. Арғы-бергі сайлауда мұндай оқиғаны көрген емеспіз. Жұрт дауыс беруге отбасымен, достарымен барады. Ал енді диван арқалап келу... Шынында, бұл тың жаңалық. Оны біреулер сан-саққа жорыды. Әсіресе әлеуметтік желіде екі қолын қайда сыйдырарын білмей отырғандарға тамаша «тұздық» болды.
Әлгі кісі сайлауға диванды бекер арқалап келді деп ойламаймын. Өзі де ер екен, анау-мынау көтере алмайтын дүниені бір өзі алып келгені. Енді мұны ол атын шығару үшін жасады ма, әлде, диванда көсіліп жатып алып, күндіз-түні елімізді сынап отыратындарға көрсеткен қыры ма, кім білсін?! Не де болса, ішінде. Тіпті, елімізге мәлім бір портал: «Сайлаушылардың бірі демалыс күні өзгеріс енгізуді ұйғарып, сайлау учаскесіне диван арқалап келді», деп жазды.
Біреулер оны «хайп» деп жатты. Қазір екінің бірінің аузынан осы сөз түспейді. Өткен жолы ауылдағы бойдақ құрдасым да «хайп» деп бөгеттен өзенге секірген видеосын салып жіберіпті.
Сонда «хайп» дегеніміз не? Ол ағылшынша «High yield investment program» деген бірнеше сөздің қысқарған түрі. Яғни «табысты, пайдалы инвестициялық жоба» деген мағына береді. Оның тарихы өткен ғасырда АҚШ-та бастау алған. Америкалық медиа маман Дуглас Рашкоффтың жазуынша, мұның түпкі мағынасы «тері астындағы ине» дегенді білдіреді. Өткен ғасырдың 20 жылдары оны есірткіге тәуелділерге қатысты қолданылған. Бір сөзбен айтқанда, тәуелділік. Демек, оны даурықпа айқайы көп алдамшы жарнама деуге де болады. Бүгінде «хайпқа» тәуелділердің саны артқан. Әсіресе арзан атақ пен дабыраға құмар көп. Олар әлеуметтік желі ме, шоу бағдарлама немесе жарнама арқылы ма, әйтеуір, бір жерден жылт етіп өзін көрсеткісі келіп тұрады. Психологтер мұның алдын алмаса, ертең айықпас дертке айналуы мүмкін дейді. Себебі оның қоғамға қаупі мол.
Жалпы, жұмыр басты пенденің «атақты болып, жалпақ ел таныса» деген ниеті дұрыс. Ол адамды алға ұмтылдырып, жігерлендіреді. Қуат береді. Бірақ оның жалған дақпырт үшін болмағанын қалайсың. Осы жерде ел ішіндегі езу тартқызар бір әңгіменің есіме түсіп отырғаны. Бұл өзі болған оқиға. Өткен ғасыр басында Торғай дуанында үлкен жәрмеңке өтеді. Оған елдің барлық игі жақсысы жиналып, той-думанға айналады. Соған барып келген Тайшықара биден ауылдастары «Дуандағы тойдан не көрдіңіз?», деп сұрағанда: «Ойбай несін айтасың, екі бұзық, екі қызық, бір жүзік, бір масқара көрдім» деген екен. «О, не дегеніңіз, түсіндіріп айтып берсеңізші», дейді ғой әңгіме тыңдағысы келіп отырғандар. «Тойдағы аламан жарыста Төке би мен Құлжан би дауласып, шаппаған атына бәйге алды, екі бұзығым сол. Сейдахмет пен Есенжол деген ақындар екеуі екі үйде отырып, жұртты аузына қаратты, бұл – екі қызығым. Қараторғай болысын отыз жыл басқарған Баймұрат Түркебайұлы кемел ақыл әрі сымбатымен елді таңғалдырды, бұл – бір жүзігім. Қарамойын Елғон «құрым сал» атанамын деп, үстіне құрым киізден киім киіп келді, бір масқарам – осы», деп жауап беріпті Тайшықара. Сол тойдағы дауда ел арасында беделді Баймұрат болыс «Қой Төке, қой Төке, қой Төке» деп үш рет айтып Төке биді сол тоқтатқан екен деседі. Соңынан Баймұрат «Жасы үлкен аға еді, топ алдында бетін қайтарып едім, айыбым болсын» деп екі шұбар ат жіберген екен. Оны қабылдаған Төке би «Баймұрат «Қой Төке» деп үш рет айтып еді ғой», депті. Оны естіп, сөзге тоқтаған Баймұрат тағы бір ат жіберіпті.
Осындағы «құрым сал» атанамын деп барған Елғонның өзі жай адам емес. Ел ішінде «Елғон» айтты деген бірталай сөз қалған. Баяғы адамдардың бойында тектілік бар екенін білесіз. Қазіргі «атың шықпаса, жер өртемен» жүргендерден сондай қасиет көресіз бе?..