Экономика • 08 Маусым, 2023

ЕАДБ: Өсім факторы – өзгерістерге бейімделу

1282 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алдағы жылы еліміздің ІЖӨ өсімі 4,4% деңгейінде болжанып отыр. Экономиканы әртараптандыру жөніндегі мемлекеттік бас­тамалар, мақсатты инвестициялар, сондай-ақ өндірістік қуаттарды кеңейту сыртқы ортаның қолайсыз әсерін өтейді.

ЕАДБ: Өсім факторы – өзгерістерге бейімделу

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Еуразия даму банкі (ЕАДБ) банкке мүше мемлекеттердің экономикалық дамуының 2023-2025 жылдарға ар­нал­ған негізгі макроэкономикалық көр­сет­кіштерінің болжамын ұсынды. Банк өз болжамында аймаққа үш негізгі жаһандық тренд – инфляцияның соңғы онжылдықпен салыстырғанда жоғары деңгейде сақталуымен баяулауы, дамы­ған елдердегі ақша-несие саясатын қатаңдату циклдерінің аяқталуы, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсу қарқынының әлсіреуі ықпал етеді деп есептейді. Еуразиялық аймақ елдері жоғары инфляция мен экспорттық өнімдерге сұраныстың шектелуін күтіп отыр. Соған қарамастан мемлекеттер ортамерзімді перспективада жағымсыз сыртқы экономикалық жағдайларға төзімділіктің жоғары деңгейін көр­се­тетін болады. «2023 жылғы болжам банкке мүше барлық мемлекеттер үшін жақсартылды. Қайта қарауға экономикалардың 2022 жылы өзгерген жұмыс жағдайларына айтарлықтай жылдам бейімделуі және бірқатар елдердің салық-бюджет саясатын қолдауы аясында осы жылдың басындағы қарқынды нәтижелер негіз болды», делінген ЕАДБ хабарламасында.

Ұйымның болжамынша, ағымдағы жылдың соңында Ресейдің ІЖӨ-сі 1%-ға артып, 2024-2025 жылдары жыл сайын шамамен 1,3%-ға өсуін жалғастырады. Ресейдегі сұранысты қалпына келтіру және жеткізу тізбегін ішінара қайта құрылымдау Беларусь экономикасының 2023 жылы 2,2%-ға өсуіне ықпал етеді. Әрі қарай қарқын шамамен 1%-ға тұрақталады. Ортамерзімді перспективада бұл елдердегі іскерлік белсенділік белгісіздіктің күшеюімен, инвестициялық және аралық өнімдерді жеткізудегі қиындықтармен және озық технологияларға қолжетімділіктің төмендеуімен шектеле береді. Ішкі сұраныстың белсенділігі мен өзара сауданың ұлғаюы 2023 жылдың соңына қарай ЕАДБ-ға мүше басқа мемлекеттерде жоғары өсу қарқынын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, Арменияда ІЖӨ 7,5%-ға, Қырғызстанда – 4,2%-ға, Тәжікстанда – 7,9%-ға өседі.

ЕАДБ аймақтағы инфляция был­тырғы 12,4%-дан биыл 6,4%-ға дейін төмендейтінін болжап отыр. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,2 пайызға теңеледі. Ұйым инфляцияның баяулауын экономикалардың түзелуімен және өткен жылы байқалған девальвация мен инфляциялық күтулерден шегінумен байланыстырады. Арменияда инфляция 2023 жылы – 2,5%, Беларусьте – 7,8%, Қырғызстанда – 7,1%, Ресейде – 6,1%, Тәжікстанда 6,6% болады деп болжануда. Келер жылы ең жоғары инфляция Беларусьте (8,2%), ал ең төменгі инфляция Арменияда (3,2%) тіркелуі мүмкін. Сондай-ақ келесі жылы Қазақстанда инфляция – 5,5%, Ресейде – 4,9% деңгейінде болады. 2025 жылы елімізде баға өсімі 4,1%-ға дейін баяу­лайды. «Біз әлем 2010 жылдарға тән тым төмен инфляция мен қарқынға қайта оралмайды деп сенеміз және 2023-2025 жылдары АҚШ-та – 3,6%, ал Еуроодақта – 3,7% инфляцияны болжаймыз», дейді ЕАДБ экономисі Евгений Винокуров.

Банк келеңсіз күйзелістерді азайтуға бағытталған қосымша мемлекеттік шараларды жүзеге асыруға байланысты еліміздің биылғы ІЖӨ бағалауын 0,1 пайыздық тармаққа көтерген. ЕАДБ ел билігінің орта және шағын бизнесті қаржыландыру көлемін 224 млрд теңгеге (ІЖӨ-нің 0,2%) ұлғайтуды, 20 мың жобаны субсидиялауды, 18 мыңнан астам жобаға мемлекеттік кепілдік беруді жоспарлап отырғанын нақтылайды. Сондай-ақ мемлекеттік шаралар 18,3 триллион теңге (ІЖӨ-нің 17,6%-ы) сомасында инвестиция тартуға және 873 инвестициялық жобаның жалпы республикалық пулын іске асыруға бағытталатын болады. «Экономика шетелдік кәсіпорындарды Қазақстанға көшіруден қосымша серпін алады. Теңіз мұнай кен орнында жаңа қуаттарды іске қосу өсудің негізгі факторы болмақ. Каспий құбыр консорциумының жұмыс істеуі ортамерзімді болжамды кезеңде Қазақстан экономикасы үшін қауіп төндірмейтін режімде жүзеге асырылады деп болжануда», дейді ЕАДБ зерттеушілері.

Экономиканы қолдау шарала­ры­ мұнай бағасының болжамды төмен­де­уінің жағымсыз салдарын өтейді. Ке­лер жылы жаңғыртылған теңіз нысандарын толық пайдалануға беру экономикалық өсімге негіз болады. Сонымен қатар ақша-несие саясатын жеңілдету несиелеу мен экономикалық белсенділікті де арттырады. Жаһандық экономика құлдыраудан шыққан кезде экспорт артады. Биылғы бірінші тоқсанда ІЖӨ алдыңғы тоқсандағы 3,8%-бен салыстырғанда 4,9%-ға өсті. Мұндай динамикаға өнеркәсіптегі (негізінен тау-кен өнеркәсібінде) өсудің қалпына келуі және өңдеуші кәсіпорындардағы (негізінен машина жасау) тауар айналымының артуы ықпал етті. Қызмет көрсету, құрылыс және ауыл шаруашылығы салалары да оң серпін берді. Қаңтар-сәуірде экономика қарқыны баяуламай, ІЖӨ 5%-ға жетті.

Сарапшылардың пайымдауынша, еліміздің экономикалық өсіміне негізгі сауда серіктестерінің ұзақ әрі терең рецессиясы әсер етуі мүмкін. Бұған қоса Еуроаймақ пен АҚШ-тағы қаржылық құбылмалылық жаһандық өсу перспективаларына қысым жасап жатыр. Еуразиялық аймақта өз кезегінде Ресеймен ынтымақтасатын компа­нияларға қарсы қайталама санк­­­­ция­лардың ықтималдығы арт­ты.­ Эко­­но­микалық белсенділікті шек­тей­тін тағы бір тәуекел ‒ Каспий құ­быр консорциумының ұзақ уақытқа тоқ­тауы болуы мүмкін. «Мұның бәрі тәуекелді сценарийде болжамды ке­зеңде Қазақстанның экономикалық өсу қар­қынын бәсеңдетуі мүмкін. Елдің инфля­цияға қарсы тәуекелдері де өзекті бо­лып қала береді. Құлдырауды күткен не­гізгі орталық банктердің инфляциялық қы­сымның күшеюіне қарсы тойтарысы әлсірейді. Мұндай жағдайда ішкі тұ­тынушылық бағалар базалық сценарий­ден­ жылдам өсуі мүмкін», дейді сарапшылар.

ЕАДБ бағалауынша, инфляция нақты 16,8%-дан (сәуір айының соңында) 2023 жылдың соңына қарай 7,9%-ға­­ дейін төмендейді. Алдыңғы болжамда төмендеу 7,8%-ға дейін деп болжанған. Зерттеушілер жоспарланған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтерінің көтерілу әсерін сыртқы факторлар теңестіреді деп топшылайды. Инфляцияның төмендеуіне теңгенің долларға шаққандағы баға­мының нығаюы, әлемдік тауар нарық­тарындағы бағаның төмендеуі, база­лық мөлшерлемені 2022 жылдың соңынан бастап 16,75% деңгейінде ұстау, бағаның өсуін тежеуге бағытталған Үкіметтің шаралары әсер етеді.

2025 жылдың соңына қарай инфляция 2024 жылдың соңына қарай болжанған 5,5%-дан 4,1%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұған тауарлық және логистикалық бағыттар жұмысын қалыпқа келтірумен қатар жеткізу тізбегіндегі үзілістерге байланысты күйзелістерді әлсірету де, инфляциялық күтулерді тұрақтандыру да ықпал етеді. Ақша-несие саясатының шаралары инфляцияны ортамерзімді мақсатты 3-4%-ға жеткізуге бағытталатын болады. Сәуірде инфляция наурыздағы 18,1%-дан 16,8%-ға дейін төмендеді. Сарапшылар мұны ішінара статис­ти­калық әсермен байланыс­тырады. 2022 жылдың наурыз-сәуір айларында тұтыну бағасы индексінің динамикасында өсу байқалды. Сонымен қатар азық-түлік бағасының индексі (ФАО) он үшінші ай қатарынан төмендеп келеді және тасымалдау құнының төмендеуі жаһандық жеткізу тізбегінің жұмыс істеуі қалып­ты жағдайға оралғанын көрсетеді. Белсенді кезеңі өткен жылдың соңында орын алған базалық мөлшерлеменің ұлғаюы да тежеуші әсер етті. «Біздің бағалауымызша, тұтыну бағасының өсу шыңы өтті, бірақ инфляцияға қарсы факторлар сақталып тұр. Әлеуметтік төлемдер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы өсуде, халықты несиелеу артуда. Қызмет көрсету саласында тұтынушылық баға­лар­ әлі де жаңа жағдайларға бейімделу са­тысында. Сыртқы экономикалық конъюн­к­ту­ра­да­ғы белгісіздік инфляциялық күтуді жоғары деңгейде ұстайды. Соған қарамастан, инфляция жылдың қалған бөлігінде төмендеу бағытында болады», дейді ЕАДБ сарапшылары.

Биылғы екінші жартыжылдықтан бас­тап Ұлттық банк базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетеді деп күтіледі. Жыл соңына дейін ол 15%-ға дейін төмендеуі мүмкін (мамыр айының соңындағы жағдай бойынша 16,75%). Сыртқы сектор тарапынан инфляциялық қысым әлсіреген жағдайда 2024 жылдың соңына қарай мөлшерлеме 11-12%-ға­ дейін төмендеуі мүмкін. АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі 2023 жылдың үшінші тоқсанында, Еуропалық орталық банк осы жылдың ортасына қарай мөлшерлемелерді төмендете бас­тайды. Теңге бағамының динамикасы ағымдағы жылдың қалған бөлігінде тұрақты болады деп болжанып отыр. Жоғары базалық мөлшерлеме отандық қаржы активтерінің тартымдылығын сақтап тұрады. Бағам төмендеген сайын теңге бағамының динамикасының кері өзгеруін күтуге болады. Теңге бағамы орта есеппен 2023 жылы бір доллар үшін 451 теңге, 2024 жылы 465 теңге деңгейінде болжанып отыр.

ЕАДБ 2022 жылғы қарашадағы макроэкономикалық болжамында ІЖӨ 2023 жылы 4,2%-ға өседі деп күткен. Азия даму банкінің мамандары Қазақстан экономикасы 2023 жылы 3,7 пайызға өсуі мүмкін деп отыр. Дүниежүзілік банк экономикамыз биыл 3,5 пайызға, 2024 жылы 4 пайызға жақсарады деп есептейді. Ал Аналитикалық несие рейтингі агенттігінің шолуында биыл ІЖӨ 4,1%-ға, ал 2024 жылы 3,9%-ға өсетіні айтылған.

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024