Өндіріс • 08 Маусым, 2023

Машина жасау саласы: Жаңаша дамуға бағдар

290 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Республикамыздың машина жасау саласы өндірістік, экспорттық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, білікті кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру жолында дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл бағыттағы межелі істер сала дамуының алдағы бес жылға арналған кешенді жоспарында қамтылған.

Машина жасау саласы: Жаңаша дамуға бағдар

Елімізде машина жасауды­ же­дел дамыту үшін қажетті ре­сурстық-шикізаттық база, тех­ни­ка­лық және өндірістік құзыреттер, ірі өткізу нарық­тары (ҚХР, ЕАЭО), экспортқа ба­ғытталған кәсіп­­орындар бар. Машина жасау саласын табысты дамытудың және кешенді жоспарды іске асырудың маңызды да қажетті шарты ‒ сала кәсіпорындарын қар­жы­лан­дыру, әлемдік құн құру және жет­кізу тізбегіне интеграция­лау­мен халықаралық бәсекеге қабі­леттілігін нығайту, сондай-ақ саладағы ғылыми-техникалық әлеуетті одан әрі дамыту.

Бүгінгі таңда респуб­ли­ка­­мыздың машина жасау саласы шикізат пен құрамдас бөліктерден басталып, дайын бұйыммен аяқталатын толық тізбегі, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі оқшаулы құрастыру өндірісі бар кәсіпорындармен ұсынылған. 2021 жылы машина жасау саласындағы еңбек өнімділігі бір қызметкерге 25,7 мың доллардан келді. Саланың негізгі капиталына 65 миллиард теңгеден аса (150 миллион доллар) қаражат салынды, 245 миллион доллардан аса тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Елдің ІЖӨ құрылымындағы машина жасау саласының үлесі 1,5%-ға, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11%-ға дейін өсті. Бірақ отандық машина жасау өнімдері әлемдік нарықта жеткілікті түрде ұсынылмай отыр (небәрі 0,02%). Бұған қоса машина жасау өнімдері өндірісінің жыл сайынғы жалпы өсуі аясында импортқа айтарлықтай тәуелділік сақталуда. Ұлттық статистика деректері бойынша, еліміздің барлық импортының шамамен 40%-ын машина жасау өнімдері құрайды (2021 жылы 41,4 млрд доллардың 16,4-і). Машина жасаудың ішкі нарығы отандық өндіріспен небәрі 20% қамтамасыз етіледі. Макроөңір деңгейінде машина жасау өнім­де­рін өткізудің елеулі әлеуеті бар. Алайда қазіргі жағдай не­гіз­гі сауда серіктесіміз Ресейге қа­тысты санкциялармен, жаһандық және өңірлік тауар жет­кізу тізбегінің бұзылуымен, жо­ғары инфляциялық тәуекел­дер­­мен күрделене түскен. Сол секілді саладағы негізгі өнді­ріс­тік қорлар жаңартуды қажет етеді. Қазір де жабдықтар 37-40%­­ дәрежесінде тозған, яғни негіз­гі қор­лардың техникалық жай-күйі күшейтілген бақылауды және жаңғыртуды қажет етеді. Алайда бұл банктік несие берудің жоғары мөлшерлемелеріне, кәсіпорындардың қайта несие­ле­нуіне, кепіл базасының болмауына байланысты қиындық келтіруде. Машиналар мен технологиялық жабдықтардың физикалық тозуының жоғары деңгейі техникалық әлеуетті тежейді. Ескі және тозған техниканы жұмыс күйінде ұстау шығындарды көбейтеді, өндіріс тиімділігін бәсеңдетеді, дайын өнімнің бірлігіне өзіндік құнын арттырып, нәтижесінде отандық өнімнің нарыққа қабілеттілігін төмендетеді. Бұдан бөлек, кәсіп­орындар арасындағы және салааралық кооперацияның н­а­шар­­лығы, ұзақ мерзімді офтейк-шарттар механизмінің жет­кіліксіз бөлінуі, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, тағы басқа көптеген фактордың теріс әсері бар.

Саланы дамытудың қалып­тас­­қан өзара байланысты мә­се­лелерін кешіктірмей және ке­шенді түрде шешу маңызды. Өйт­кені олар технологиялық, тех­ни­калық, заңнамалық, норма­тив­тік-құқықтық, қаржы­лық­-эко­номикалық, білім беру, кадр­лық және басқа салалардағы мәселелердің кең ауқымын қоз­ғайды. Отандық машина жасау өнеркәсібінің одан әрі табыс­ты және ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету үшін саланың әлеуетін толық көлемде іске асырудың жүйелі тәсілі қажет. Бұл елдің экономикалық өсімін, технологиялық үдерісін арттырып, әлеуметтік дамуына ықпал етеді.

Машина жасау саласының бәсекеге қабілетін нығай­та­тын кешенді жоспарды табыс­ты­ ­іске асыру сала дамуына қуатты серпін беріп, еліміздің тұрақты индустриялық өсуіне зор үлес қосады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2024-2028 жыл­дарға арнап әзірлеген құжат ішкі және сыртқы нарықта тауардың жаңа түрлерін игеру мен қолданыстағы түрлерін кеңейту арқылы саланың тұрақты өсуін қамтамасыз етпек. Жоспар өндіріске цифрлық технологияларды, автоматтандыруды, робот техникасын және өнеркәсіптік бағдарламалауды енгізу есе­бі­нен әртараптандырылған және технологиялық тұрғыдан да­мы­ған экономиканы құру бойынша индустриялық саясатты іс жү­зін­де жүзеге асыру үшін қолға алынған.

Осы бағытта мемлекет елі­міз­де өндірілетін машина жасау­ өнім­дерінің жиынтығын ұлғай­ту­­ға және қосылған құнын арт­тыруға бағытталған жеке сектордың, әсіресе шағын және орта бизнестің кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсететін болады. Өсу әлеуеті бар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне басымдықты қолдау көрсету, сондай-ақ ШОБ субъектілерін мемлекеттік ынталандырулармен қамтуды арттыру көзделуде. Олар үшін қаржыландырудың қолжетімділігі бағдарламалар мен мемлекеттік ынталандыруларды кеңейту және неғұрлым мақсатты бағыттау, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыру мүмкіндігімен немесе сомаға шектеусіз инвестициялық мақ­саттар үшін арзан қаражатты қамтамасыз ету есебінен ұлғай­ты­лады. Отандық өндіру­ші­лер мен олардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарықта ілгері­ле­ту бойынша жүйелі жұмыс жа­л­ғасады. Сондай-ақ сала мен кәсіпорындарды дамыту­ды ынталандырудың институ­цио­налдық, инфра­құ­рылымдық, экономикалық және басқа да түрлері одан әрі же­тілдіріледі.

Отандық машина жасау­ды­ дамытуға жәрдемдесу ин­дус­­трия­лық-инновациялық жо­­­­­ба­­­ларды іздестіру мен іске асы­­­ру, сондай-ақ сарапшылық қо­ғам­дас­тықтың қатысуымен салалық деңгейдегі маңызды міндеттерді шешуге­ бағытталған іс-шаралармен жүр­гі­зілетін болады. Олардың әлеу­меттік-экономикалық тиім­­ділігін ескере отырып, мем­ле­кет­тік ынталандыруларды алу үшін жобаларды ашық та ай­қын негізде іріктеу көзделеді. Мемлекет республикалық, өңірлік деңгейде кооперация институттары қыз­метінің тиімділігін арттыру арқылы жүйелі негізде жеке сектормен өзара іс-қимылды күшейту іс-шараларын қабылдайды. Құ­жатта атап өтілгендей, отан­дық сала өндірушілерін ынталандыру кезінде мемлекеттік мекемелер мен даму институттары қызметінде барынша ашықтық саясаты, ақпарат еркіндігі, мемлекеттік ынталандыруларға, жұмыс жағдайлары, құрылымы және әлеуетті дамуы әртүрлі сала секторларының ерекшелігін ескере отырып, қажетті және жеткілікті құралдарға мақсатты қолжетімділік қамтамасыз еті­леді. Сонымен бірге саланы дамыту бойынша барлық негізгі шешім мен іс-шара жоспарларын мемлекеттің, қо­­ғамның және өнеркәсіптік кәсіп­орындардың стратегиялық мүдделерінің тең­герімі негізінде ұжымдық түрде қабылдау мақсат етіледі.

Кешенді жоспар 2021 жылмен салыстырғанда машина­ жасау са­ласындағы жалпы қосылған құн­ды 4,5 есеге арттыруға негіз­делген. Бәсекеге қабілетті кәсіп­орын­дарға жағдай жасау үшін саланы дамытудың негізгі шарттарын жақсарту, отандық өнімді ішкі және сыртқы нарықта жылжыту, саланың басым секторларын дамыту сынды маңызды міндеттерді шешу қажет. 2024-2028 жылдарға ар­нал­ған машина жасау саласын база­лық қаржыландыру және ынталандыру құны 2,3 трлн теңгені құрайды деп болжануда. Бұл қаражат экономиканың дамуы мен мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, тек машина жасауды дамытуға және тек шағын және орта бизнес­ке бөлінеді. Бұл ретте ірі капиталды қажет ететін жобаларды қаржыландыру үкіметтің шешімімен басқа көздерден түсетін қаражат есебінен жүзе­ге­ асырылмақ. Бұл қаражат ба­сымдық ретінде жұмыс істеп тұр­ған отандық өндірістерді да­мыту мен жаңадан құруды қар­жы­ландыруға бағытталады.

Кешенді жоспарды іске асырудың түпкілікті нәтижесі ‒ 2028 жылға қарай саладағы өнімнің нақты көлем индексінің 217,8%-ға өсуі, экспорттың 5,7 млрд долларға дейін ұлғаюы, еңбек өнімділігінің 191,7%-ға артуы, саланың негізгі капиталына инвестицияның нақты көлем индексінің 153,5%-ға өсуі болмақ.