Бокс • 09 Маусым, 2023

Олимпиадамен қоштасуға асықпаймыз...

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Спорт әлемінде футболдан кейін жанкүйері ең көп спорт түрінің бірі саналатын әуесқой бокс алдағы Париж Олимпиадасының бағдарламасында қалуы мүмкін. Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) атқарушы комитеті боксты Олимпия ойындарының бағдарламасында қалдыруды ұсынып отыр.

Олимпиадамен қоштасуға асықпаймыз...

Атқарушы комитеттің бұл ұсынысы 22 маусымға жоспарланған Халықаралық Олимпиада комитетінің кезектен тыс отырысында қаралады. Сонымен қатар ХОК 2024 жылы Парижде өтетін Олимпия ойын­дарына боксшылардың қатысу тәртібі мен Халықаралық бокс қауымдастығын (IBA) ХОК құрамында қалдыру-қалдырмау мәсе­лесін де қарайды.

Кейінгі бірнеше жылдан бері Халық­аралық бокс қауымдастығы мен Халықаралық Олимпиада комитетінің арасы салқындап кеткені белгілі. Тіпті жағдайдың ушыққаны сонша, ХОК 2019 жылы IBA-ға 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама беретін іріктеу жарыстарын, Олимпиада кезіндегі бокс бәсекелерін ұйымдас­тыруға шектеу қойған болатын.

ХОК Халықаралық бокс қауым­дастығын «Бармақ басты, көз қыс­ты» әрекеттерге жиі бараты­нын, төрешілердің сыбайлас жем­қор­лыққа жол беретінін, сондай-ақ ұйымның қаржылық қыз­ме­тінде ашықтық жоқ екенін алға тартып, айыптап келеді. Тіпті федерация президенттігіне ресейлік Умар Кремлевтің келуі, «Газпром» компаниясының ұйымға демеуші болуы да ХОК пен IBA арасындағы қарым-қатынасты одан бетер қиындатып жіберді.

Ал Ресейдің Украинаға басып кіруі екі ұйым арасындағы шиеленісті мүлдем тығырыққа тіреді. Мәселен, 2022 жылдың көктемінде ХОК Халықаралық спорт федерацияларына Ресей мен Беларусь спортшыларының жарысқа өз тулары және әнұраны астында қатысуына шектеу қоюды ұсынған болатын. Барлық федерация ХОК-тың бұл ұсынысын бұлжытпай орындап келеді. IBA да алғашында ХОК үкіміне мойынсұнғанымен, 2022 жылдың күзінде ХОК салған тыйымды алып тас­тап, Ресей және Беларусь спортшыларына биыл өткен ерлер және әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарында өз туының астында өнер көрсетуге рұқсат берді. IBA-ның бұл шешімінен кейін әуесқой бокста жетекші рөл атқаратын АҚШ, Ұлыбритания және тағы 17 елдің бокс федерациялары Ташкенттегі әлем чемпио­натына қатысудан бас тартып, бойкот жария­лаған еді. Сөйтіп, олар Халықаралық бокс қауымдастығының мүшелігінен шығып, Дүние­жүзілік бокс федерациясы (World Boxing) атты жаңа ұйым құрды.

Өз кезегінде, IBA әлемдік бокс ұйымын сақтап қалуға және ХОК-пен ара-қатынасын жақсартуға барынша тырысып-ақ жатыр. Жақында Халықаралық бокс қауымдастығы ХОК тарапынан өз құқықтарын қалпына келтіруге қойылатын барлық талапты орын­дағанын мәлімдеді. Оның ішінде ең негізгісі – ұйымды басқарудағы, қаржы мәселесіндегі ашықтық, сондай-ақ төре­шілердің әділетті шешім қабылдауына жағдай жасау. Соны­мен қатар IBA «Газпроммен» 2022 жылы аяқталған келісім­шартты әрі қарай ұзарт­пағанын, кіріс көздерінің ашық мәлі­меттерін ұсынды.

Егер ХОК-тың алдағы кезектен тыс сессия­сында Халықаралық бокс қауым­дас­тығын ұйым мүшелігінен шығаратын болса, оның орнын биыл сәуір айында құрылған «World Boxing» федерациясы иеленіп, 2024 жылғы Олимпиадада бокс бәсекелерін аталған федерация өкілдері ұйымдастыруы мүмкін.

Осылайша, екі ұйым ара­сындағы «жекпе-жектің» екінші раундында Халық­аралық Олимпиада коми­теті қарсы­ластарын ауыр соққымен бір мәр­­те есең­гіретіп ал­ды. Мұ­ның ал­дындағы бірін­ші раундта «бокс­­шылардың» күштері тең түскен болатын. Екін­ші раундтан кейін ХОК-тың ба­­сымдығы байқала бастады. Дегенмен «жекпе-жек» әлі де жалғасады. Алда үшінші раунд бар.