Әрине, бұл ілкімді істің артында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың нәтижелі жұмысы жатқаны анық. Әуелі кадр мәселесі қалай реттер екен деген күдік басым болды. Себебі жаңа аймаққа білікті мамандар ауадай қажет еді. Алматы облысына тиесілі мемлекет қызметкерлері үдере көшкенде, уайымымыз еселене түскен. Дегенмен өңір басшысы көп ұзамай қолда бар мамандармен қыруар жұмыс атқаруға болатынын дәлелдеді.
Осылайша, агроөнеркәсіптік кешен, көлік-логистика, туризм, баламалы энергетика, өнеркәсіп, оның ішінде жер қойнауын пайдалануды дамыту стратегиялық бағыттары бойынша жаңа инвесторлар тартып, инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында жұмыстар қолға алынды. Облыс байланыстырушы ретінде теміржол, автомобиль, көлік-логистика саласында үлкен транзиттік әлеуетке ие. Аймақтың «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының ортасында трансшекаралық орналасуы сыртқы нарықтарға шығу және экспорттық әлеуетті дамытуға жол ашады.
Сонымен бірге шекаралық әлеуетті пайдалана отырып Қытай инвестицияларын тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты жақында облыс делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барып, көлік, логистика және сауда саласы бойынша екіжақты байланысты дамыту мақсатында іскерлік кездесу өткізді.
Жалпы, инвестиция бойынша нысаналы көрсеткішке қол жеткізу мақсатында аймақта 2030 жылға дейін жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайтын, 7 мыңнан аса жұмыс орнын құратын 148 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Облыс құрылғаннан бері аймаққа негізгі капиталға 314 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан аса жұмыс орнын құрумен 38 млрд теңгеге 47 инвестициялық жоба іске асырылды.
Сонымен бірге биыл инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында «Жетісу Инвест – 2023» халықаралық инвестициялық форумын өткізу жоспарланып отыр. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауға алынып, жалғасады.
Осы жылдың мамыр айының алғашқы күндерінен «Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» Басқарушы компаниясы АҚ ҚР Үкіметінің пәрменімен Жетісу облысының құзыретіне берілді. Бұрын тікелей Қаржы министрлігіне қарасты халықаралық орталықтың енді жаңадан құрылған Жетісу облысының экономикалық күретамырына қан жүгіртетіні сөзсіз.
Табиғаты туризмнің тұтқасына, ал топырағы қызылша мен жүгерінің алтын бесігіне айналған Жетісудың бұл ретте бағыты айқын. Мәселен, бүгінде Алакөл, Балқаш көліне демалушылар саны еселеп артуда. Жағалаудағы инфрақұрылым дамыту мақсатында үлкен жобалар қолға алынып, туристер үшін барлық жағдай жасалуда. Ал қызылша өсіруден Нұрмолда Алдабергенов, Зылиха Тамшыбаева, жүгері собығын мәпелеуден Николай Головацкий мен Күләш Айтжанова секілді еңбек озаттары шыққан өңірдің бұл салада тәжірибесі мол. Сондықтан дәл қазір облыста қызылша мен жүгері алқаптарын ұлғайту мәселесі қолға алынып отырғаны жасырын емес. Әрине, мол нәтиже бірден қолға түспейді. Ең бастысы, бір жылдың ішінде ұзақмерзімді жоспарлардың негізі қаланды.
Жетісу облысын одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту Мемлекет басшысының тапсырмалары, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында белгіленген жалпыұлттық басымдықтар мен міндеттер аясында жүзеге асырылатын болады. Облыста жаңа инвесторларды тарту, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша 5 стратегиялық бағыт: агроөнеркәсіп кешенін, өнеркәсіпті, соның ішінде жер қойнауын пайдалануды, көлік-логистиканы, туризмді және баламалы энергетиканы дамыту бойынша жұмыс жалғасады.
Қант өнеркәсібін дамыту аясында Мемлекет басшысының Жетісу облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылға қарай егісті 2,9 есеге, жалпы жиналатын өнімді 434 мың тоннаға дейін, қант өндірісін 180 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ әртараптандырылған және инновациялық экономика құру мақсаты қойылды.
Бір жылдағы нәтижелі жұмыстарды айта берсек таңға дейін тебіренуге болады. Әлі де атқарар жұмыс шаш-етектен. Облыстағы серпінді бастамалар мен мен қолға алынған шараларды көріп, біліп отырған халық әкімге өз бағасын беріп қойды. Біздіңше, қарапайым халықтан асқан сыншы жоқ. Дәл қазір өңір басшысы Бейбіт Өксікбайұлы өңір тұрғындарымен жиі кездесіп, мәмілеге келіп, аудандарға барған сапарында барынша шынайы сөйлейді. Бұл да болса жетісулықтарға үлкен демеу. Біз дәл қазір Жетісуға бір жылдың биігінен қарап тұрмыз, алда қанша мыңжылдықтар қол созады.
Қысқамерзімді экономикалық көрсеткіш 104,1% құрады.
Салалар арасында оң өсім өнеркәсіпте байқалады, онда өндіріс көлемі 1,3% -ға (281,3 млрд теңге), ауыл шаруашылығы – 2,4% -ға (509,7 млрд теңге) , сауда – 30,4% -ға (362,5 млрд теңге) , құрылыс – 4,3%-ға (136,4 млрд теңге) өсті.
2022 жылы 16,3% -ға өсіммен 270 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы жылдың басынан бері 44,4 млрд теңге инвестиция тартылды, НКИ – 120,9% өнеркәсіп көлемі 2,5%-ға ұлғая отырып, 330 млрд теңгені құрайды. 328 млрд теңге инвестиция (108,6%) тартылып, 322 мың шаршы метр тұрғын үй (109,0%) пайдалануға беріледі.
2022 жылы Көксу қант зауыты 70 мың тонна қант өндірді, биыл зауыт 86,9 мың тонна қант, оның ішінде 58,8 мың тонна құрақ және 28,1 мың тонна қызылша қантын өндіруді жоспарлап отыр.
Облыс құрылғаннан бастап жалпы құны 37,9 млрд теңгені құрайтын 47 жоба жүзеге асырылды, 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Облыста 358 елді мекеннің 192-сі газдандыруға жатады, оның ішінде 22 елді мекен газдандырылды, 288 мың адам (41,2%) газға қол жеткізді.
Облыс құрылған күннен бері 39 960 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмысқа 19 180 адам.
Әміре ӘРІН,
Журналистикасы академиясының академигі:
Жеріне қарай желегі
– Жұртшылық жадында қалыптасқан «Ұлытау – ұлт ұясы», «Жетісу – ел жүрегі» деген қағидаттардың дәуір лебі дәл қазір де маңдайымыздан мамыражай есіп тұр. Айтары жоқ, аумағына еуропалық әлденеше мемлекет сыйып кетер Жетісу аймағы – қасиетті де киелі мекен. Өлкенің тарихи-географиялық ұғымына ежелден Шу алабы мен Нарын өзенінің жоғарғы бөлігі де енген екен.
Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өз алдына Жетісу облысы атанған аймағымызға жыл он екі ай толып үлгерді. Еншіміз бөлінгенмен еніміз бір, қойындасқан кеніміз бір, жыра, қырат, беліміз бір! Біріміз бау, біріміз тау бәз баяғы қалпымызда жарасымды тіршілік күйін шертіп жатқан жайымыз бар.
Жария шаруамыздың басы-қасында білікті әкім Бейбіт Исабаевтың жүргені көңілге тоқ. Есімі елге мәшһүр азамат арды ойлады алдымен, тілек қосты заңдымен. Барды бар деп айта алды, жоқты жоқ деп! Жалындыны қостады, босты бос деп! Өрелі іске дем берді төрелікпен, мың суарып ақылын көнеліктен! «Ынталы жүрек сезген сөз, бір тамырды қуалар», бұл сөзімді есті жұрт көтермелеп құп алар! Кеңесті жерде кенен іс кең ауқымда түп алар! Құтты болсын мерекең, арта берсін берекең, Жетісуым – Жерұйық, жетелі бір ел екен!
Жетісу облысы