Арқа төсіндегі ару Астананың сәні мен сәулеті ғана емес, күннен күнге инфрақұрылымы да дамып, шаһардың өркениет биігіне өрлеп бара жатқандығын паш етеді. Жақында Есіл өзенінде су-көлік жолының ашылу салтанаты болып, 65 адамға арналған алғашқы кеме саяхаттық сапарға шықты. Есіл өзенінің бойымен қайық жүргізіп, жолаушылар саяхатын ұйымдастыру идеясын алғаш рет Елбасы айтқан болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қала әкімдігі 2008 жылы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына қарасты “Есіл-Астана” мемлекеттік мекемесін құрды. Өткен жылдан бастап бұл мекеме Есіл өзенінің бойымен қайықпен жолаушылар тасымалдау ісін бастап кетті.
“Есіл-Астана” мемлекеттік мекемесінің директоры Дархан Досмағамбетовтің айтуынша, өткен жылы Есіл бойымен қайық жүргізудің алғашқы маусымы сәтті өтті. Жыл қорытындысында жазғы демалыс кезінде Есіл өзені арқылы қайықтармен елорда сәулетін тамашалауға 16 мыңнан астам адам қамтылыпты. Бүгінде аталмыш мекемеде 5 қайық бар. Оның үшеуі жолаушылар тасымалдауға, қалған екеуі судан құтқару қызметін атқарады. Биыл Есілде қайықпен жолаушылар тасымалдау жолы М-3 көпірінен бастап Тельман кентіне дейін ұзартылған. Жалпы, жолаушылардың өзен бойымен саяхат жасау сапарының ұзындығы 12 шақырымды құрайды. “Есіл-Астана” мемлекеттік мекемесі алдағы уақытта Германия мен Ресейден тағы да люкс-класты екі шағын кеме сатып алуды жоспарлап отыр.
Қала күні мерекесі қарсаңында “Есіл-Астана” мемлекеттік мекемесі қала тұрғындары мен қонақтарын бас қаламыздың сәулетін және маңайындағы көрнекті орындарды тамашалауды кеңінен ұйымдастыруды қолға алды. Су бойымен саяхат жасайтын қайықтан астаналық саябақтан Шұбар кенті арқылы Самал шағын ауданындағы Кенесары ескерткішінің тұсымен, “Рэдисон” қонақ үйі, Ақорда резиденциясы жанымен Тельман кентіне дейін сапар шегеді. Қала тұрғындары мен бас қаламызға келген қонақтар су жолы арқылы саяхат жасаудың ұмытылмас әсеріне дән риза.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.