Құрылтай • 11 Маусым, 2023

Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті

2464 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кәрі құрлықтың 15 елінде тұрып жатқан қазақтар биыл Германияның Кельн қаласына жиналды. Жырақта жүрген қандастарымыздың құрылтайында сұрқия саясаттың салдарынан шетел асқандар ұрпағының ана тілі мен мәдениеті, тарихы талқыланды. Құрылтай аясында Қазақстанда туып-өскен немістер Абай үйін ашты.

Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті

Құрылтай Мемлекет басшы­сының арнайы құттықтауымен басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықы­ласын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізіп, еліміз­де жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысы Гер­мания еліндегі құрыл­тайға сәт­тілік тілеп, арнайы құт­тық­тауын жолдады. Шетелде жүр­сеңіздер де, ұлттық құнды­лық­тарымызды сақтау үшін бар мүмкіндіктеріңізді сарп етіп, жұмыс істеп жатырсыздар. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз. Біз үнемі сіздерге тілеулеспіз. Әр кез қолдау көрсетуге дайынбыз», деді Мәлік Отарбаев.

Бұл жиын жылдағы басқо­су­дан ерекше болды дейді Кельн­дегі Қазақ мәдени орталы­ғы­ның төрағасы Сәдия Сүрер. Өйткені құрылтайға жергілікті қандастарымызбен бірге Еуро­пада білім алып, кәсіп істеп жүрген отандастарымыз да қа­тысқан. Сонымен бірге Қазақ­станнан тарихи отандарына қоныс аударған алманиялық немістер де құрылтай жұмысынан шет қалмады.

Кельндегі құрылтайға Еуропа­ның 15 елінен 20 қазақ ұйымының өкілі қатысты. Бірі оқу, енді бірі жұмыс бабымен Қытай, Моңғолия мен Қазақстаннан келсе, тағы бірі қарт құрлыққа 60-жылдары Түркиядан қоныс аударғандар – 70 жыл бұрын Алтайдан Анадолыға азаппен жеткен қазақтардың ұрпақтары. Ұлы көштің 70 жылдығына орай жиында Абдуррахман Четиннің «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабының тұсауы кесілді.

Абддурахман Четин – Зуқа батырдың немересі, Еуропа қа­зақтары қауымдастығының негізін қалаған белгілі қоғам қайраткері, тар заманда қазақтар­дың Түркияға бет алған көшінің көзі тірі куәгері. 1982 жылы Гер­манияда қазақ қоғамын құрып, 2002 жылы Кельнде алғашқы құрылтай өткізген. Қазір қария жас ұрпақтың тәрбиесіне алаң­дайтынын айтады.

«Бұрын балаларымыз оқып, білім алса, өзінің қазақ екенін таныса, дінін, тілін білсе деп ойлайтынбыз. Қазір бұны айтуға ауыз бармайды. Неге десеңіз бәрі немісше, түрікше оқыды. Қазақ тілі жоқтың қа­сында. Осы жерде Қазақстан мә­дени орталығы ашылса, сол жерде қазақ балалары төл өнерін, тілін, дінін үйренсе деген тілегім бар», деді Кельндегі Қазақ мә­дени орталығының құрметті төрағасы Абдуррахман Четин.

Абдуррахман Четиннің «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабы ХХ ғасырдың орта шеніндегі қазақ халқының басына түскен нәубет, зұлмат жылдар туралы айтылған. «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен бұл еңбек өткен жылы атажұрттағы оқыр­­мандардың қолына тиген еді.

Шетелдегі қандастар бала­лар­дың санасына ана тілін мық­тап сіңдіру үшін қазақша отан­дық өнімдерді бір платфор­мада көру мүмкін болса, ол туындылар интернетте бір­неше тілде субтитр­мен жария­ланса деген тілегін жеткізді. Жастар жатжұрттық боп кетпес үшін оларды елге тарту бағдар­ламаларын көбейту жайы да қызу талқыланды. Осы орайда жуық арада «Ата жұрт» қанатқақты жобасы енгізілмек. Яғни шетелде ұлттың мүддесі үшін аянбай қызмет етіп жүрген қазақ қоға­мының жетекшілері және IT, бизнес, мәдениет, ғы­лым саласында озық шыққан қан­дас­тарымызға арнайы карта беріледі.

«Бұл карта он жылға бері­леді. Картаның ерекшелігі, қандас­тарға елге визасыз келіп-кетуіне, Қа­зақ­станнан бизнес ашуына, жылжымайтын мүлік алуға, балаларын барған кезде мектепке орналастыруға, денсаулық сақ­тау қызметін пайдалануға, яғни саяси құқықтан басқа кәдім­гі Қа­­зақ­стан азаматтары сияқ­ты бар­лық мүмкіндікке ие бо­луға мүмкіндік ашады», деді «Отан­дастар қоры» КеАҚ пре­зиденті Абзал Сапарбекұлы.

Сондай-ақ құрылтай аясын­да Германияның Залах қала­сында Қазақстанда туып-өскен немістер Германияда Абай үйін ашты. 20 жыл бұрын тарихи Отанына оралған қазақстандық неміс ұлты­ның өкілдері «Қазан» деген атпен қауымдастық құрған. 100-ден астам мүшесі бар ұйым қазақтың мәдениеті мен өнерін на­сихаттап келеді. Ауласына киіз үй тігіп, қазақтың салт-дәстүрін немістерге көрсетіп жүрген жерлестеріміз енді ұлы Абайдың шығармашылығын көпшілікке кеңінен танытпақ ниетте. «Абай үйі Германия мен Қазақстан арасындағы мәдени көпір болады деген үміттеміз. Абай – ұлы ақын. Оны әлем жұрты білуге тиіс. Біз Қазақстанда туып-өстік, ол – біздің Отанымыз. Туған жеріміздің жылдан-жылға көр­кейіп, дамығанын көріп, қуа­нып отырамыз. Болашақта елімізге қаржы құйып, кәсіп аш­қы­мыз келеді», деді «Қазан» қазақ қауым­­дастығының төраға­­сы Ва­ле­­рий Оствальд. Есте­ріңізге сала кетейік, бұл – Еуропада ашыл­ған сегізінші «Abai Úiı».

Еуропа қазақтары кезекті құ­­рылтайды келесі жылы Аус­трия­­да, ал 2025 жылы Мажар­стан­­да өткізуді жоспарлап отыр.