Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»
Елорда ем ордасына айналып келеді
Денсаулық сақтау министрлігінің бізге берген мәліметі бойынша, өткен жылы еліміздің медициналық ұйымдарында шет мемлекеттерден 3 884 пациент келіп емделді. Олардың 85%-на, яғни 3 303 адамға шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілсе, 15%-ы – 581 адам жоспарлы түрде ем қабылдаған. Бұл бұрнағы жылдарға қарағанда, басқа жақтан келіп емделушілердің саны артып жатқанын көрсетеді.
Жалпы, қазіргі уақытта әлемде медициналық туризм секторының өсу қарқыны басқа туристік сегменттермен салыстырғанда едәуір жоғары. Бүгінде медициналық туризм қазіргі заманғы денсаулық сақтау саласының жаңа тұжырымдамасын қалыптастырды және жаһандық экономикалық бәсекелестік жағдайында медицинаны неғұрлым жылдам қарқынмен дамытуға ықпал етіп отыр. Осы орайда 2017 жылы 50-ден аса ел медициналық туризмді мемлекеттік саясат деңгейінде дамыту туралы шешім қабылдағанын атап өткен жөн. Бұл бағытта біздің елімізде де кешенді жұмыстар қолға алына бастады. Атап айтқанда, «Медициналық туризм мен импортты алмастыруды дамыту» жобасы аясында медициналық туристерді әлеуетті жеткізуші – мақсатты елдер анықталды, санаторлық-курорттық ұйымдардың 5 кластері, 10 негізгі санаторлық-курорттық ұйым белгіленді, кластерлер бойынша жауаптылар – санаторийлердің директорлары тағайындалды, сондай-ақ шетелдік пациенттерді тарту бойынша маркетингтік жоспар – коммуникация бағдарламасы әзірленді.
Емделуші туристерді тартатын ең негізгі тетіктің бірі – медициналық мекемелердің Joint Commission International (JCI) аккредитациясын иеленуі. Бұл дегеніміз – денсаулық сақтау саласындағы ең әділ, ашық және сенім мен беделге ие халықаралық сертификация. Мұны медицина сапасының «алтын стандарты» деп атауға да болады. Аталған аккредитация науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық талаптарын орындай отырып, медициналық ұйымның бірегей стандарттарға сәйкесуін көрсетеді. Бүгінгі таңда дүние жүзінде JCI стандартына сай 800-ден аса аурухана бар екен. Бұл стандарт бойынша еліміз әлемде отыздыққа кіреді, ал ТМД елдері бойынша алдыңғы қатардамыз. Өйткені осы талаптың үдесінен шығатын, яғни JCI стандартына сай ТМД-дағы 9 медициналық ұйымның алтауы Қазақстанда, әсіресе Астана қаласында орналасқан. Осыған қарап ел өркендеуінің бір өлшемі болып саналатын Астана медицинамыздың да әлеуетін айшықтайтын маңызды көрсеткіш екенін аңғарамыз.
Елорда – елдің ғана емес, емнің де ордасы болатындай медициналық кластер ретінде қалыптасып келе жатқан әлеуетті қала. Астанада орналасқан Ұлттық ғылыми онкология және транcплантология орталығы, «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы, Ұлттық балаларды оңалту орталығы, Республикалық диагностика орталығы, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы, Республикалық шұғыл медициналық көмек ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы сияқты іргелі клиникалар шет жақтан келген науқастарға жоғары деңгейде медициналық көмек көрсете алады. Бұл медицина ұйымдарының барлығы заманауи инновациялық технологиялармен жабдықталған, сондай-ақ мұнда күрделі операцияларды сәтті жасап, қаншама жанның өміріне араша болып жүрген алтын қолды дәрігерлер қызмет етеді. Бұл орталықтардың мүмкіндіктері жылдан-жылға күшейіп келеді. Мысалы, биыл Орталық Азия елдерінде алғашқылардың бірі болып еліміздегі Ұлттық нейрохирургия орталығының базасында орталық нерв жүйесі ауруларын радиохирургиялық емдеудің «алтын стандарты» болып саналатын Гамма-пышақ орталығы ашылды. Жалпы, гамма-пышақ радиохирургиялық қондырғысы іске қосылған сәт – 2021 жылдың 27 мамырынан бастап қазіргі уақытқа дейін осы технологияның күшімен 242-ден аса күрделі операция жасалды. Сонымен қатар Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр, онда протон, радионуклид, лазерлік терапия орталықтарын ашу жоспарда тұр.
Осы орайда аталған орталықтарда көрсетілетін медициналық қызмет түрлерінің бағасы, оның ішінде қымбат операциялардың құны басқа елдермен салыстырған едәуір төмен екенін айта кеткен жөн. Дәлірек айтсақ, 71 халықаралық клиниканың мәліметтері қамтылған Вookimed.com рейтингінде кейбір операциялардың түрлері Астана қаласының клиникаларында Түркияға қарағанда – 4,3 есе, Германияға қарағанда – 5,2 есе, Израильге қарағанда – 5,4 есе арзан екен. Мұндай ем-дом құны медициналық туристерді көптеп тартуға септігін тигізеді. Бірақ бұл орталықтардың насихаты, тиімді тұстары туралы ақпараттардың кеңінен таралуы кемшін тартып тұр. Тіпті аталған ұйымдардың медициналық мүмкіндіктері жөніндегі мағлұматқа өзіміздің халқымыз да толық қанықпаған. Бұл да болса, басқа жақтан келетін емделушілердің көбеюіне кедергісін келтіріп отыр.
Медициналық туризмді дамытудағы осы олқылықтарды жою үшін бірқатар жұмыс қолға алынып жатыр екен. Соның бірі – «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ-ның медициналық бағыт саласында жұмыс істейтін еліміздің барлық ассистанстарымен және сақтандыру компанияларымен жасасқан келісімшарты. Орталық 20 сақтандыру және ассистанс компанияларымен ынтымақтастық орнатып жатыр, оның ішінде үшеуі – шетелдік. Сондай-ақ пациенттерді тарту бойынша 8 агентпен шарттар жасалды. Агенттердің жалпы саны 46 дәрігерді құрайды, оның 9-ы – шетелдік дәрігерлер. Агенттер орталық туралы үлестірме материалдарды (лифлеттер, журналдар, бейнероликтер, презентациялар және т.б.) пайдалана отырып, орталықтың қызметтерін жарнамалайды, орталық туралы ақпаратты кеңінен тарату мақсатында жарнамалық және имидждік іс-шаралар өткізеді.
Академик Н.Д.Батпенов атындағы ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығы да – медициналық туризмнің дамуына үлкен үлесін қосып жатқан ұйым. Былтыр бұл орталық Түркістан қаласында 16 елдің өкілдерінің қатысуымен өткен «Қазіргі заманғы Травматология және ортопедия көкжиектері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда бірқатар мемлекеттің медициналық ұйымдарымен ынтымақтастық орнатты. Бұл, әрине, медициналық туризмді дамытуды көздейтін мақсатты қадам екені түсінікті.
Бұған қоса «UMC» КҚ және «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» КеАҚ 2022 жылдың 22-23 қыркүйегінде «Тransplantation in Central Asia: Innovation, Cooperation,Compassion» халықаралық конференциясын өткізді. Бұл конференцияға ел медицинасының оң имиджі мен беделіне әсер ететін 500-ден аса жетекші хирургтер, трансплантация жөніндегі үйлестірушілер, дәрігерлер қатысты.
Медициналық туризм бойынша әлемдік көрсеткішке зер салсақ, шет мемлекеттерден онкологиялық ауруларға дауа іздеушілердің саны көп. Бұл ретте осы диагноз бойынша көмек көрсете алатын Астанадағы клиникалардың әлеуетін көрсетудің маңызы зор. Сондықтан Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы «Медициналық туризмді дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті.
Жалпы, еліміздің медициналық ұйымдарына жүгінген шетелдік пациенттердің негізгі бағыты кардиохирургия, нейрохирургия, травматология екені анықталды. Сондай-ақ жылжымалы медициналық туризмді енгізу аясында санаторийлық-курорттық емдеуге шетел азаматтарын тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.
«Түтікшедегі бала» медициналық туристерді тартады
Басқа жақтан ем іздеп келушілерді қызықтыратын ең бірінші фактор – сапалы медициналық қызмет, екіншісі – арзан баға. Бұл ретте Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының мәліметі бойынша, медициналық туристер арасында отандық стоматологтердің қызметі аса сұранысқа ие екен. Өйткені елімізде тіс емдеу салыстырмалы түрде Еуропадан 10-15 есе арзанға түседі.
Дәл сол сияқты кейінгі жылдары елімізге көзге лазерлік түзету жасату мақсатында келетін шетелдіктердің де қатары артып жатқан көрінеді. Бүгінде сұранысқа сәйкес осы операция түріне маманданған арнаулы клиникалар еліміздің бірнеше қаласында көптеп ашылып жатыр.
Сонымен қатар шетелдік азаматтарды еліміздегі экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) қызметі де қатты қызықтыра бастады. Жалпы, медициналық қызметтің бұл түріне бүкіл әлемде сұраныс ұлғайып келеді. Кейінгі жылдары отандық репродуктологтер медициналық туризмді осы бағыт арқылы дамыту туралы кеңінен айта бастады. Осы орайда салыстырып қарағанда, қызмет сапасы кем түспейтін, бірақ құны едәуір арзан біздің клиникалардың танымалдылығы артып жатыр.
Репродуктология саласындағы клиникалардың дерегі бойынша, елімізге ЭКҰ жасатуға ниетті Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Германия, АҚШ, Қытай, Канада сияқты елдерден азаматтар көптеп келе бастаған. Бұған себеп – жоғарыда көрсеткендей, жоғары сапа және төмен баға. Ірі отандық клиникаларда ЭКҰ-ның бастапқы стандартты хаттамасының орташа бағасы 450 мыңнан 500 мың теңгеге дейін соманы құрайды. Негізінде бұл сома екі-үш есе өсуі де мүмкін. Себебі көрсетілген сомаға эмбриондарды криоконсервациялау және жібіту, ерлердің бедеулік факторында ICSI (Intra Cytoplasmic Sperm Injection, яғни интрацитоплазмалық сперматозоидты инъекция) арқылы ұрықтандыру, сондай-ақ дәрі-дәрмектер сияқты медициналық қызметтер кірмейді және бұларға қосымша ақы төленеді. Бірақ соның өзінде еліміздегі ЭКҰ құны басқа елдерге қарағанда 10 есеге дейін арзанға түседі.
Қазақстандағы бастапқы ЭКҰ хаттамасының құнын дамыған елдердегі тиісті бағдарламаларымен қатар алып қарағанда, баға айырмашылығы айқын көрінеді. Егер Қазақстанда стандартты ЭКҰ үшін ақы орташа есеппен 1 мың долларға тең болса, Израиль клиникасында 5,3 мың доллар тұрады. Ал Германияның немесе Ұлыбританияның танымал клиникаларында қолдан ұрықтандыру үшін 8 мың доллардан аса ақша төлеу қажет болады. АҚШ-та – 9,5 мың доллар.
Жалпы, елімізде медициналық туристерді көптеп тартатын негізгі әлеуетіміз баршылық. Яғни медициналық қызмет түрлерінің сапасы аса алаңдатарлық жағдайда емес. Инновациялық технологиялармен жеткілікті жабдықталған. Дәрігерлердің біліктілігі – жоғары деңгейде. Бастысы – осынша қызметтің құны басқа елдермен салыстырғанда әжептәуір төмен. Енді ел медицинасының осы артықшылықтарын шетелдіктерге барынша таныстыру үшін, кең көлемде хабардар ету үшін жан-жақты ойластырылған жұмыстар қолға алынуы керек. Осы бағыттағы жобаның бірі – «Mtour» онлайн платформасы. Бұл маркетплейс арқылы Қазақстанның қай тұсында қандай ем алуға болады, қандай шипажайлар бар, олардың бағасы қандай, келушілердің қызмет көрсету сапасына көңілі тола ма деген сияқты сұрақтардың төңірегінде толымды ақпарат алуға болады. Жоба әр өңірдің медициналық және сауықтыру бағытындағы әлеуетін ел ішіне ғана емес, шетелдіктерге де таныстыруға мүмкіндік береді. Осы бастаманы командасымен бірге екі жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан Алмас Әділжанұлы өз жұмысымен қатар медициналық туризмді дамытудағы қолайсыздықтарды да атап өтті.
– Елімізде қанша шетел азаматы емделгенін нақты айта алмаймыз. Өйткені, өкінішке қарай, бізде ондай статистика жүргізілмейді. Тек қана стационар бойынша ғана жалпы есеп жүргізіледі. Бірақ елімізде емделу үшін келетін шетелдіктердің саны бұрынғыдан да көбейді. Олар көбінесе тісін емдету үшін, ЭКҰ қызметтерін алу үшін, содан кейін босану үшін келіп жатыр. Бұған қоса онкологиялық ауруларды анықтау мақсатында тексерістен өту үшін келетіндер де көп. Медициналық туризмді жақсылап жолға қою үшін ең алдымен осы бағыттар бойынша ем іздеп келушілердің нақты дерегін тіркеуіміз керек. Сонда сол статистиканың ыңғайына қарай біраз шаруаны үйлестіруге болады. Сонымен қатар көрсетілетін медициналық қызметтердің бағасын ретке келтіру керек. Мысалы, елімізде көптеген ем-дом түрлері тегін негізде, портал арқылы, МӘМС аясында жасалып жатады. Ал шетелдіктер үшін белгілі бір емнің ақылары нақты белгіленбеген. Мұндай мәселенің бар екенін мен Республикалық Диагностика орталығында жұмыс істеген кезімнен білемін. Одан бері бұл жағдайды реттеу үшін жұмыстар атқарылып жатқан шығар, бірақ қандай да емнің, операциялардың құны көрсетілген мәліметті әлі күнге дейін ашық дереккөздерден байқамадым. Медициналық туризмді дамытамыз десек, осындай мәселелерге дейін барынша мән беруіміз керек, өйткені басқа жақтардан емделушілерді барынша толымды ақпаратпен қамтамасыз ету арқылы ғана тарта аламыз. Біздің қолға алған жұмысымыздың басты мақсаты да – осы. Яғни біздің платформадан Қазақстанның кез келген тұсында қандай емдеу орындары, шипажайлар бар екенін, онда қандай дерттерге дауа табуға болатынын, қызмет сапасы, құны туралы барлық ақпаратпен қанығуға болады. Жобаны алдағы уақытта одан сайын кеңейте түсуді ойластырып отырмыз, – дейді А.Әділжанұлы.
Расында, аталған саланы ілгерілетуде жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ету, нақты статистика жүргізудің маңызы зор. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен медициналық туризмді дамыту жөніндегі 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда медициналық туризм бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бір бағыт ретінде айқындалып, таяу шетелдерде талап етілетін қызметтерді (медициналық, сервистік) кеңейтуді қоса алғанда, денсаулық сақтау ұйымдарының әлеуетін арттыру сондай-ақ «стационарда емделген шетелдік азаматтардың саны» (шұғыл, жоспарлы) «сауықтыру қызметтерін (санаторлық-курортық ем) алған шетелдік азаматтардың саны» сияқты тиімділікті анықтаудың нысаналы индикаторлары көзделген.