Таным • 12 Маусым, 2023

Ауылдағы махаббат

405 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Махаббаттың ең тәттісі ауылда туады. Ақұлпа сезімнің әлдиіне тербелген қос жүректің соғысында ұлы ұяңдық бар. Сол бір мөлт еткен нәзіктік дүниенің тіреуіші секілді. Көңіл ішінде бейуақ лала гүл бүр жарады. Оның сүйеді не сүймейді деп әр күлтесін кезек-кезек үзген бала қиялың бәрінен биік. Тіпті бір ару үшін сол ауылдың құмырсқасы да сүйкімді көрінеді.

Ауылдағы махаббат

Мұныңыз өтірік деп айты­ңызшы. Махаббат – парасат­ты­лыққа бастайтын ғажайып жол. Адам өмірін нұрландырып, ба­қытқа бөлер шынайы сезімнің же­місі. Оның дәмін татқан адам ғана азап пен ләззаттың иісін сезеді. Шахановша айтсақ, «Ға­шық­тықпен өткен күндер ғана өмір, ал қалғаны жай күндер». Сіз бұған келісесіз бе?

Осы ретте біз ұсынған мына картинаға көз салыңызшы. Не байқадыңыз? Көз салсаңыз, судай кіршіксіз тазалықтың лебі еседі. Бұл – француз суретшісі Жюль Бастьен-Лепаждың бала ма­хаббаты. Тұнған натурализм. Кел­бетті көркемөнерге көз тоймайды. Мүмкін өзі біз секілді ша­руаның баласы болғандықтан ба шығармасының негізгі культі – ауыл өмірі. Әйтсе де ол ауылдағы күйбең тыныс-тіршілікті емес, түрлі-түсті романтиканы жырлайды. Содан да болар кенептегі сәбилік сезімі өңменіңізден өте­ді. Оның алапат соғысты бастан кешкеніне сенбейсіз. Майданда жүріп ішкі мейірімін жоғалтпаған суреткердің туындысы дауылды күні теңіз бетінде мимырт қана тербелген алып кемедей.

Жас кезінде қылқалам шебері неміс-француз соғысын бастан өткеріп, ауыр жараланып еліне оралады. Дегенмен денесін билеген сырқатқа қарамастан қыл­қаламнан бас тартпаған. Қайта ұлы өнерге деген құштарлығы есе­леніп, сағынышы жанартаудай жарылады. Ең өкініштісі, оның ажалына соғыста алған жарақаты емес, қапияда жолыққан қатерлі ісік жетті. Небәрі 36 жасында көз жұмды. Бірақ осы аз ғана уақыт аралығында оқырманға небір таңғажайып туынды сыйлай алды.

Ол көп саяхаттады, оның ішін­­де Англия мен Алжирдегі есте­ліктері ерекше. Бұл сапарлар оның шығармашылығына жаңа дем берді. Еуропалық кескіндемеге қат­ты қызықты, көптеген ресейлік суретшілермен дидарласты. Мә­селен, атақты суретші В.Серов әр жексенбі сайын Третьяков галереясына барып, «Ауыл махаббатын» тамашалайтынын айтады. Одан бір сәтке болса да жалыққан емес. Біз де автордың осы картинасынан әлі көз алмай отырмыз.

 Бастьен-Лепаж табиғатпен көп жұмыс істеді. Тіпті оның портреттік жұмысы көбінесе ашық кеңістікте жазылды. Неге десеңіз, суретші сол арқылы шығармасы табиғи, тері реңктері жарқын болады деп сенген. Ол жылдың әр мезгіліндегі аспанның ерекшеліктерін, жапырақ пен шөптің түс өзгертуін алуан бояу­мен әдептеген. Жер бетінің текс­турасын шебер де нәзік жеткізді.

 Автордың кез келген полотноларынан шаруа еңбегін көресіз. Бірақ сол ауыр жұмыста да суретші өзіндік поэтика табады. Ішінара нақты академия­лық болғанымен, оның картинала­ры Париж өнер салонының атмосферасына жаңа ағын әкелді. Көп жағдайда суретші пейзаж бен портретті бір кенепте біріктіріп, оларға романтикалық, тіпті сентименталды сипаттарды берді. Бақ­саңыз, композициядағы таза һәм табиғи түстер оның туындыларын фотосурет не фотосуреттердің көшірмесі секілді әсер береді.

 «Ауыл махаббаты» картина­сы – автордың сәтті туындылары­ның бірі. Суретте бір-біріне ессіз ғашық жігіт пен қыз бейнелен­ген. Олардың отбасыларына тиесілі жер телімдері ағаш қоршаумен бөлінген. Сол бөлінген ескі дуал­да ғашықтар кездеседі. Олар үнемі кездейсоқ кездескен адамша ұяла тіл қатады. Жігіт көзін төмен салып, тартыншақтана әңгіме тақырыбын іздейді. Ал ару болса гүлден көзін алмай, балаң ойын мәпелейді.

 Бойжеткеннің жіңішке өрілген бұрымы, үстіндегі сұр киімімен үйлескен қоңыр юбкасы шаруа қызының қалпын сақтап тұр. Тіпті кішкентай аяқкиімі де сондай сәнді. Ғашығына әдемірек көріну үшін орамалын шешіп, қоршауға іліп қойған болса керек. Жас жігіт не айтарын білмей саусақтарын айқастыруға көшкен. Бұдан қобалжығаны анық байқалады. Шалбарының сыртынан арнайы алжапқыш жапқан. Ол қызға қарай сәл еңкейе, құлақ түреді.

Табиғаттың идиллиялық су­реті көріністі толықтырып тұр. Алыстағы кішкентай шір­кеу­дің қараңғы сұлбасы, сүйіс­пен­шілікпен боялған шаруа ғима­раттары, ғашықтардың аяғымен қатарласқан ашық сарғыш нас­турция гүлдері сондай шебер бе­рілген. Шығарма тым жұмсақ әрі таусылмайтын романтикаға толы.