Еліміздің ауылдық жерлерінде 8 млн адам тұрады. Бұл – жалпы ел халқының 40 пайызы. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 6 293 ауыл бар. Расында, бұл – үлкен нарықтың көзі. Ауыл байыса, қаланың да қарыны тоқ болары даусыз. Осыны ойлаған Мемлекет басшысы Сайлауалды бағдарламасында ауылды өркендету – өзінің басты бағыты екенін жеткізген еді.
«Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Енді сол жоспар аясында өңір-өңірде әртүрлі жобалар қолға алынып, ауылдағы ағайынның әлеуетін көтеруге күш салынып жатыр.
Мәселен, Жетісуда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру басталды. Тұжырымдама негізгі 3 бағыт арқылы жүзеге асырылады. Атап айтсақ, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту есебінен көрсетілетін базалық қызметтерді ұсынудағы тепе-теңсіздіктерді қысқарту. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясын, сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру жолымен ауыл халқы табысының деңгейін арттыру. Және ауылдық аумақтарды дамытуды институционалдық қамтамасыз ету.
«Жетісу облысы бойынша 352 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде 186-сы бәсекеге қабілетті. Ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамытудың негізгі құралы «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Биыл 11,7 млрд теңге сомасына 64 ауылдық елді мекенді қамтитын 82 жоба жүзеге аспақ. 2027 жылға қарай ауылдық елді мекендер сапалы сумен қамтамасыз етілетін болады, кентішілік жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер, әлеуметтік, мәдени және спорт нысандары салынып, жөнделеді», дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Рауан Дауталинов.
Оның айтуынша, шалғайдағы ауылдарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге 2023-2025 жылдар аралығында облыста 59 нысан салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге 2025 жылға дейін жергілікті бюджет есебінен 57 блокты модульдік медициналық пункт және 2 жедел жәрдем стансасы салынбақ.
«2023 жылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қаржы агенті болып Отбасы банк тағайындалды. Осыған байланысты, биыл көтерме жәрдемақы және бюджеттік кредиттер бойынша жаңа өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режімде қабылданатын болады. Жоба бойынша 2027 жылға дейін 6,6 млрд теңгеге 1 163 маманға кредит беру, 499,0 млн теңгеге 1 382 маманға көтерме жәрдемақы беру жоспарланып отыр. Жалпы, облыста ауылдық аумақтарды дамыту бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр», деді Р.Дауталинов.
Сонымен қатар биыл «Ауыл халқы табысын арттыру» бағдарламасы аясында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызбен ауыл тұрғындарына несие берілмек. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының экономикалық жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы Арайлым Әлімбекова осы жобаға 3,2 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.
«Ауыл тұрғындарына – 8,6 млн теңгеге, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне – 27,6 млн теңгеге дейін 5 және 7 жыл мерзімге шағын несие беру бюджеттік бағдарламасы аясында биыл 3,2 млрд теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта ауылдық округтерден несие алуға ниетті 530 әлеуетті үміткерлерден 3,3 млрд теңгеге пул қалыптастырылды. Оның ішінде, 18 жоба – егін шаруашылығы, 453 жоба – мал шаруашылығы», деді А.Әлімбекова.
Одан бөлек Жетісу облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаев «Жетісу облысының Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілгенін айтты.
«Өңірлік картаға сәйкес биылғы жылы облыста – 31 560, оның ішінде уақытша – 10 002, тұрақты 21 558 жұмыс орындарын құру жоспарланған. Ұлттық жобалар шеңберінде 170 жаңа жоба іске асырылып, 2 418 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарлануда. Сондай-ақ «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде 8 484 субсидияланатын жұмыс орнын, жеке бастамалар шеңберінде «100 мың халыққа – 100 жұмыс орны» жобасы шеңберінде 9 806 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге Өңірлік карта шеңберінде 10 851 адам жұмысқа орналастырылды», дейді Е.Мизамбаев.
Сондай-ақ облыста кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу үшін гранттар мен кредиттер беру жоспарланған. Атап айтсақ, «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде «Еңбек» бағыты бойынша 588 грант және 249 микрокредит, «Бизнестің жол картасы» бағыты бойынша 110 грант, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 390 кредит беріледі.
Жетісу облысының құрметті азаматы Әміре Әріннің пікіріне қарағанда, бұл бастама – халық үшін соңғы жылдардағы ең тиімді жоба. Тек шалғайдағы ауылдарды ұмытып кетпегеніміз абзал. Себебі, кейбір елді мекендер оншақты үйден құралған. Десе де оған әлеуеті төмен деп баға беруге болмайды. Халық жетіскенінен айдалаға отау тікпейді.
«Менің бір сын ескертпем бар, жалпы ауылдарды алалау дұрыс емес. Бірін алға сүйреп, бірін кейін тартқаннан іс оңынан шабады деу – білместің ісі. Иә, «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» деген нақыл бар. Туған ауылының түлегенін бәрі де қалайды. Алайда біріне қаржыны үйіп төгіп, екіншісіне таршылық жасау – малын күзетіп отырған ағайынның шаруасын тығырыққа тірейді. Одан кейін шаруасын дөңгелетіп отырған халықтың бойын үрей билейтіні даусыз. Әлбетте, әркім өзінің қалаған жеріне қоныстануға ерікті. Шекарада орналасқан екі-үш түтінді құрайтын алақандай елді мекендер де бар. Олар орталыққа қарай жылжи алмайды. Мемлекеттен несие алайын десе, әлеуеті төмен деп кеудеден қақсақ, онда істің тұйықталғаны. Әуелі жастар да ауылда тұрақтамай, қалада арба сүйреп жүргенді артық көреді. Кез келген дүниені ойланып істеу қажет», дейді Ә.Әрін.
Қараңыз, төрт жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып келеді. Ондағы мақсат – әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың инфрақұрылымын дамыту. Соған орай Үкімет тарапы бес жылға 500 млрд қаржы қарастырған. Алғашқы үш жылда бөлінген соманың жартысы игерілді. Тіпті, 665 ауылға қажетті инфрақұрылым салынды.
Жоба шеңберінде былтыр 576 елді мекенге 128 млрд теңге бағытталған. Нақтылап айтсақ, 91 млн теңгесі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына, 454 млн теңгесі – әлеуметтік инфрақұрылымға, 511 млн теңгесі – көлік инфрақұрылымын дамытуға көзделген. Биыл 663 ауылдағы жағдайды дамыту үшін 140 млрд теңге қарастырылып отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде ауылды көркейту үшін 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлу де артық етпейтінін айтқан. Қазір шағын шаруалар да шама-шарқынша жеңілдетілген несие алып, ісін ілгерілетіп отыр. Тек сол несиені алардағы құжаттың бейберекет көптігіне назалы. Оған бір себеп, аудан не облыс орталығынан тым шалғай қоныстанған ауылдар құжат рәсімдеу үшін әбден сенделеді. Осыны ескерсе дейді ауылдағы ағайын!
Жетісу облысы