Пікір • 12 Маусым, 2023

Әділеттілік – даму кілті

492 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел тізгінін ұстаған адам диктаторға айналған күннен бастап өзінше ойла­уын тоқтатады. Ол өзіне жағымпазданып, жақсы көріну жолында жарысқа түсіп, жеңіп шыққан топтың немесе жекелеген адамдардың ықпалында қалады да, ішінара солардың қолшоқпарына айналып шыға келеді. Бұл айналып келгенде кезінде өзінің талантымен топ жарып шыққан әлгі басшының табиғи қарым-қабілетін «мұздатып» тастайды...

Мұндай жағдайда елдік мүдде кейінге ысырылып, әлгі «жеңімпаз» топтың немесе «жақсы көрінуде» оза шапқан жекелеген тұлғалардың мүддесі алдыңғы орынға шығады. Осыдан келіп, елдің тұрақты және орнықты дамуына кедергі келтіретін жағымсыз іс-әрекеттер жаппай бой көрсетіп, ілгері бастауға тиіс жолға кесе-көлденең жатып алады. Міне, осылайша халықтың атқарушы билікке деген сенімі құлдырайды. Өйткені ұлтқа шынайы қызмет ету міндеті шеттетіліп, халықты алдаусыратып ұстаудың, жайлы тұрмыс пен игіліктерді болашақтан күттірудің неше түрлі амал-айласы «іске қосылып», билік қулығына құрық бойлатпауға бар күшін салады. Бұл деген негізгі мақсаттан ауытқудың шынайы көрінісі.

Халықты алдарқатып ұстау амалын іске асыру кезінде ақпараттық кеңістік «жалған жетістіктер» мен «жалған көрсеткіштерге» толтырылады, халықтың игілігіне бағытталған мардымсыз қолдау іс-шаралары мақтана жарнамаланады, қоғамға ықпалды деген адамдар «сатылып алынады», сыбайлас жемқорлыққа шатылған адамдар кінәсі кешіріледі немесе жұмсақ жазаланады, жұрттың саяси мәдениеті мен сауатын көтеру ісі ұмыт болады.

Әлем елдерінің кез келгенінің тарихына көз жүгіртсеңіз, бәрі де біз жоғарыда сөз еткен жағдай-үдерістерді бастан өткергенін аңғарасыз. Әсіресе бүгінде батыстық демократия үлгісімен дамып, өркендеп отырған елдер осы диктаторлық, авторитарлық жүйенің ауыр зардаптарын басқаларға қарағанда көп тартқан. Бүгінде олар ұзақ арпалыстың, толассыз күрестің нәтижесінде әлгі қиқар жүйеден құтылып, өздері таңдаған даңғыл жолға түскендей. Осы тұрғыдан келгенде біздің Ресей бодандығына түскенге дейінгі жағдайымыз басқаша болды. Қысқаша айтқанда, сақ, ғұн дәулеттері дәуірінен Қазақ хандығы жойылғанға дейінгі аралықта жекелеген жағымпаздар мен жандайшап жәдігөйлердің емес, халық билігінің қамқорлығы мен қолдауына сүйенген атқарушы билік ел тізгінін ұстады. Қағандар мен хандар шексіз билік иесі ретінде көрінгенімен олар батыр-қолбасшылардың, ру басыларының – далалық парламенттің ықпалында болды. Бұл ықпал қағандар мен хандардың шексіз билік-диктаторлық жүгенсіз іс-әрекетке баруына мүмкіндік те бермейтін еді. Қолбасшылар мен ру басылары әскердің, қарапайым халықтың өкілдері – ел ішінен қайраткерлігімен, іс-қимыл, әбжілдігімен жарып шыққан, жұрттың қамын қарақан басының қамынан жоғары қоя білетін, табиғи тұрғыда іріктеліп көзге көрінген тұлғалар болғандықтан олар қаған мен ханға емес, халқының қас-қабағына қарап, жұртына мейлінше көбірек «жағымпазданып, жәдігөйленетін» еді. Қағандар мен хандардың маңында ылғи қарым-қабілетімен дараланып, ел ішінен шыққан нағыз тұлғалар жүргенде тақ иелері тыйым-тәртіптің шекарасынан аттап өте алмайтын, өздерінің бастарында халықтың жүгені тұрғанын ұмытпай, артық қадамға бара алмайтын. Міне, бұл Тәңірдің өзі қалыптаған бірегей жүйе еді. Осы жүйе негізінде ата-бабаларымыз дүниені тітіреткен әлемдік державалар құра алды. Бұған мысалдар келтіріп жатудың өзі артық...

Аталған жүйе хандығымыз ханталапай болған сәттен бастап іри бастады. Дәлірегі, оны іріткен отаршылар енгізген басқару жүйесі еді. Ұлтымыздың өзін-өзі ақтаған басқару жүйесін тас-талқан етпей отаршылдар көздегеніне жете алмасын білді. Олар Ұлы дала топырағында қалыптасқан табиғи жүйені тез арада ысырып тастап, елдің ішкі бірлігін ыдыратуға негізделген жүйені енгізді. Оның осылайша қасақана жамандыққа негізделуі еліміздегі басқару тетігінің әділетті түрде қалыптасуына мүмкіндік бермесі басы ашық жайт. Осы жадағайлықтың қоғамымызға енгелі бергі зардабы аз болған жоқ. Оның кесір-кесапатын бүгінге дейін тартып келеміз әрі одан жақын арада арылуымыз да неғайбіл. Неғайбілі былай тұрсын, одан құтылу жолын ойлап та жүрген жоқпыз.

Әділетті атқарушы билікті қалыптастыру үшін отаршылар енгізген, яғни батыстық үлгінің ең бір кесірлі тұстарын алып, өздеріне ыңғайлы етіп құрған жүйеден мүлде арылған жөн. Сондықтан әділетті билік қалыптастыруда батыстық озық үлгілерге ден қоя отырып, бұрынғы ұлттық басқару жүйесінің заман талабына сай келетін тұстары өзек етілген жүйе құруға талпынғанымыз дұрыс деп ойлаймыз. Әйтпесе, Шекспир айтқандай, «Қорлық-ақ қой бүркіт торда бүрісіп, қара құстар қалбаңдаса аспанданың» нағыз өзі қоғамымызда «білгенін» істей береді. Мұны уақыт кешірмейді.