Шаруашылық • 12 Маусым, 2023

4,5 млн гектар жерге дән себілді

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстары толық аяқталғандығы тура­лы­ облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас­­тығы Мейрам Меңдібаев журналистерге берген брифингте хабардар етті.

4,5 млн гектар жерге дән себілді

Облыс жыл сайын елімізде жиналған бар­лық астықтың кем дегенде 20 па­йы­зын береді. Сондықтан өңіріміз астық­тың­ негізгі қамбаларының бірі деген атқа лайық. М.Меңдібаев барлық агро­тех­ни­ка­лық шара қол­да­нылса, биыл да астық орта деңгейде болар деген үміт біл­дірді. Үкімет биыл диқандарға 63,1­ млрд­ теңге субсидия қарастырған, со­ның­­ 19,6 млрд теңгесі егін өсірушілерге ар­­нал­ған.

Биылғы мамыр егіншілерге аса жайлы болған жоқ, қатты ызғырық жел соғып, үнемі суық ауа тұрды. Ал мамы­р айының аяғында ғана күн бірден ысып кетті. Осындай ауа райының ауыс­­палы күйіне қарамастан, облыс диқан­­дары бар­лық өнімді жерге сіңіріп үлгерді. Алай­да мау­сым басталғалы ыстық диқан қауымын тағы да ты­ғырыққа тіреді. Синоптиктер оны Ираннан келген ыстық ауа ағысының кесірі десті. Көптеген ауыл Алладан жаңбыр тілеп, әлі де тасаттық беріп жатыр.

М.Меңдібаевтың айтуына қарағанда, биыл барлығы 4,5 млн гектар жерге дән себілген. Соның ішінде астық – 3,2 млн га, майлы дақылдар – 960 мың га, жемазық – 353 мың га, картоп – 34,1 мың­ га, көкөніс 6,2 мың га жерге егілді. Бұл былтырғы көрсеткішпен шамалас деуге болады. Дегенмен бұрын жай жат­қан­ 90 мың гектар жер биыл қосымша айна­лысқа енгізілді.

Егіс даласын әртараптандырып оты­ру­­­­­­дың маңызын ғылым да дәлелдеп, тәжі­рибе де көрсеткен. Сол мақсатпен биыл да 100 мың гектар жерге жасымық, 130 мың гектар жерге күнбағыс, 13 мың гектар жерге бұршақ егілді. Бұлар 2022 жылға қарағанда біршама көп. Мысалы, былтыр жасымық тек 66 мың, күнбағыс – 119 мың, бұршақ 8,7 мың гектар жерге ғана егілген.

Астық шығымдылығының жоғары болуының бір шарты – минералды ты­ңайт­­­­­қыштарды уақтылы, барынша мол себу.­ Осы көрсеткіштен Солтүстік Қа­зақ­­стан кейінгі жылдарда республикада ал­дыңғы орында. Биыл да 195,5 мың тон­на тыңайтқыш жеткізуге келісімшарт жасалған. Соның 180 мың тоннасының ақысы төленген, әзірге 170 мың тоннасы жет­кізіліп, 120 мың тоннасы топыраққа се­білді. Бұл барлық көлемнің 84,7%-ы.­ Алайда 2023 жылдың жоспары 200 мың тон­на болатын, оның сәл кемігені көрі­ніп­ тұр.

Диқанның мазасын кетіретін ең басты шаруа – арамшөп пен ауру тудырғыш зиян­кестерге қарсы себілетін химикаттарды уақтылы жеткізу. Бұл іс әзірге кешеуілдеп тұр. Ол бар болғаны 197,8 мың гектарға ғана себілген.

М.Меңдібаев биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 15 мың техника бірлігі  тар­тыл­ға­нын айтты. Олар дала жұмыстарын атқаруға емін-еркін жеткен. Техниканың аздығынан немесе жарамсыздығынан жұмыстың ақсап қалған жері жоқ. Осы техникалардың ішінде 1095 данасы биыл ғана 21 млрд теңгеге үкіметтің көмегімен сатып алынған.

Биыл арнаулы қаржы институттары көктемгі дала жұмыстары және орақ науқанына 43,9 млрд теңге қарастырған.

Үкіметтің арнайы қаулысымен көк­темгі егіс жұмыстарына бағасы төмен­де­тілген 73,6 мың тонна дизельді отын босатылды. Оның зауыттан шыға­рылған әрбір литрі 187 теңге болса, шаруа­­шылықтарға 224 теңгеден сатылды.

Осылайша, облыс бойынша елдің ең бас­ты байлығын егу жұмыстары маусымда сәтті аяқталды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы