Абсолютті мәндегі жылдық өсім соңғы төрт жылда рекордты көрсеткішке ие. Сондай-ақ 12 айда заңды тұлғалар саны да 6 пайызға (30,1 мың бірлікке) артып, жалпы саны 513,6 мыңға жеткен. Әзірге өсім драйвері шағын бизнес болып тұр. Заңды тұлғалардың 98 пайыздан астамы осы сегментке тиесілі.
Заңды тұлғалардың жылдық өсімінің 40 пайыздан астамын (12,4 мың бірлік) шетелдік меншік иелері қалыптастырған. Шетелдік кәсіпорындардың дәл бұлай үлкен үлеспен тіркелуі соңғы бес жылда алғаш рет болып отыр.
«Жалпы, бұл резидент еместердің қазақстандық юрисдикцияға қызығушылығы артқанын аңғартады. Әңгіме жалғыз өзі-ақ шетелдік кәсіпорындардың жылдық өсімінің 70 пайызын (8,7 мың бірлік) қамтамасыз еткен Ресей туралы болып отыр», деп мәлімдейді Бірінші несие бюросы.
2023 жылдың бірінші тоқсанында өткен тоқсанмен салыстырғанда шетелдік кәсіпорындар өсімінің төмендеуі 40 пайызға жуық болыпты. Мұның алдында үш тоқсан қатарынан өсім байқалған. Демек шетелдік кәсіпорындар тарапынан Қазақстанда тіркелуге деген сұраныс азайып жатыр деген сөз.
«Соңғы үш жылда тіркелген заңды тұлғалардың жалпы санындағы операциялық компаниялардың үлесі 10,7 пайыздық тармаққа өсті. 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша ол соңғы бес жылдағы максимумға – 80,6 пайызға жетті. Бір қызығы, Ресейдің резиденттері тіркеген 10 заңды тұлғаның тек біреуі ғана, Қытайдың төртеуі тарату үдерісінде», дейді аналитиктер.
2022 жылдың қорытындысы бойынша заңды тұлғалардың тіркелу саны соңғы бес жылдағы максимумға жетті – 51,5 мың бірлік. Ең көп кәсіпорын бірінші тоқсанда тіркелген – 12,4 мың. Алайда алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда көрсеткіш 10 пайызға немесе 1,3 мың бірлікке қысқарған.