Тағылымы мол шараға облыс әкімдігінің қолдауымен өңірдегі ардагерлер және билер кеңесі ұйытқы бола білді.
Шараны ашқан Жамбыл облыстық мәслихаттың төрағасы Әбдәлі Нұралиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев бата беру – жақсы ниет, өнегелі өсиет білдірудің ұлттық дәстүрі екендігін айта келіп, батагөй қарияларға сәттілік тіледі.
Қазақы шапандарын иыққа жауып ортаға шыққан қарияларымыз сахна сәнін кіргізді, шешендік өнерлерін паш етті. Жиналған көпшілік ежелгі дәстүрдің жанданғанына қуанды.
Батагөйлердің өнерін сараптай келіп, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов бастаған қазылар алқасының ұйғаруымен «жүзден жүйрік шыққан» Жуалы ауданының батагөйі Сейітқазы Медетбеков бас жүлдеге лайықты деп танылды.
Бірінші орынды Шу ауданынан келген Сайлаубек Қалиев жеңіп алса, екінші орын тараздық Исан Тілегеновке бұйырды. Ал жүлделі үшінші орынды Жамбыл ауданының қариясы Орынбай Рысбаев иеленді.
Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Ержан Үйсімбаев қорытындылап, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің құттықтау хатын оқып берді.
Байқауды тамашалауға келген жас көрермендер, данагөй қарттарымыздың өнегелі өмірін үлгі ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін бойларына сіңіре алды деп ойлаймыз.
Сондай-ақ асыл қазына – қарияларымыздың бойындағы қасиеттерін дәріптеу арқылы жастарды имандылыққа тәрбиелеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретуде мұндай іс-шаралардың ықпалы мол екеніне тағы бір рет көз жеткізгендей болдық.
Аталы сөздер айтылып, мағыналы баталар берілген мерекелік іс-шара ұлтымыздың құндылықтарын дәріптеу, кейінгі жастарға осы дәстүрді жаңғыртып, оларды имандылыққа тәрбиелеумен есте қалды.
Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі