Қазақстан • 14 Маусым, 2023

Қара жерге халық ие

470 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген 53 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл – «Amanat» партиясының өңірлік филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен қол жеткізілген нәтиже.

Қара жерге халық ие

Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ

«Amanat» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы 2022 жылдың 29 маусымынан бері жұмыс істеп келе жатыр. Комиссияның негізгі мақсаты – пайдаланылмай жатқан жерді қайтарып, халыққа қолжетімді ету болатын. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп заңнамаға сәйкес пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша шараларды қабылдауы қажет.

– Сол уақыттан бері Батыс Қазақстан облысында да комиссия жұмысы бел­сенді жүргізілді. 2022 жылы 167 мың гек­тар жер мемлекет меншігіне қай­тарылса, биылғы төрт ай ішінде 53 мың гектар жерді қайтарып отырмыз. Бү­­гінде жайылымдарды ауыл тұр­ғын­дарына беру мақсатында жер-кадастр­лық құжаттаманы рәсімдеу жұмысы жүргізіліп жатыр, – дейді пар­тияның облыстық филиалының атқару­шы хатшысы Азамат Сафималиев.

Айта кетер жәйт, партия өзінің сайлауалды бағдарламасында, жол картасында көрсетілген межелі жос­парды облыс көлемінде толығымен орындап отыр. Бірақ өңірдің әр ауданын талдап қарасақ, көрсеткіш біркелкі емес. Мысалы, биыл 4 ай ішінде «Жер аманаты» комиссиясының бір де бір отырысын өткізбеген аудандар бар екен. Әрине, мұндай жерде шаруа қожалықтарымен, жер иелерімен түсіндіру жұмысы өз деңгейінде жүрмегендіктен, нәтиже де шамалы болатыны түсінікті.

«Жоспарды Бөкейорда, Тасқала аудандарының арқасында ғана орындап отырмыз. «Жер аманаты» – қоғамдық негізде құрылған комиссия болғаны­мен, бұл өте маңызды мәселе. Өйткені Мемлекет басшысының тапсырмасы, партия басшылығының нақты жоспары бар. Заңсыз бөлінген немесе пайдаланылмай жатқан жер мен жайылымды мемлекет меншігіне қайтару – партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын­дағы басым бағыттың бірі», дейді Азамат Сафималиев.

Батыс Қазақстан облысы негізінен ауыл шаруашылығы аймағы саналады. Өңірде аграрлық секторды дамытудың әлеуеті зор. Халықтың 43,8%-ы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан «Amanat» партиясы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған шаруаларға жағдай жасауды, соның ішінде жайылым тапшылығы мәсе­лесін шешуді әрдайым алға қойып келеді.

Орал қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрлан Ра­хым­­жанов қала маңындағы Сереб­ря­ково және Круглоозерное ауылда­рының айналасындағы жайылым жердің бір бөлігі ерікті түрде мемлекет меншігіне қайта­рылғанын және жергілікті тұрғындарға тегін пайда­лануға берілгенін айтады. Биыл қала маңындағы 5000 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған.

– Қазіргі таңда Орал қалалық жер қатынастары бөлімі және облыстық жер инспекциясы нақты жұмыспен айналысып жатыр. Алдағы шілде айында көшпелі отырыс жоспарланған. Деркөл кенті тұр­ғын­дарымен кездесіп, халықтың аманатын тындаймыз. Ал жоғарыда айтылған 5 мың га жерді Ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы мемлекет меншігіне қайтаруға қарсы емес, – дейді Нұрлан Рахымжанов.

Жер ко­дек­сіне және Ауыл шаруашы­лығы министрінің 2019 жылғы 3 шілдедегі №252 бұйрығымен бекітілген ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы жер­­л­ерді пайдалану мониторин­гін ұйымдастыру мен жүргізу қағи­даларына сәйкес бөлім тарапынан мониторинг жүргізілген болатын. Осы тұста қалалық ве­теринарлық стансадан шаруа қожалықтарының ауыл ша­руашы­лығы малдары тіркел­гендігі жөнінде ақпарат сұратыл­ған. Осы тек­серіс кезінде «Орал ауыл шаруа­шылығы тәжірибе стансасы» меке­месінде барлығы 5 069 га жайылым жері болғаны­мен, ол жерде мал басы тіркел­мегендігі анық­талды. Осы жер учаскесіне тексеру амалдарын жүр­гізу үшін жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданған.

Орал қаласына қарасты Круг­ло­­озерное кенті аумағында да жайы­лымдық алқап жетіспейді. Осыны ескерген Орал қаласы әкімдігі Серебряков ауылының маңындағы «Адия Агро» және «Аграрлық қызметі» ЖШС-ның жер пайда­лануындағы барлы­ғы 468,5 га құрайтын 4 жер учаскесін мемле­кет мұқ­тажына қайтару жұмысын жүргізді.

2022 жылы «Нұр» шаруа қожалы­ғының басшысы Б.Тұр­сыновқа шаруа­қожалығын жүр­гізу үшін берілген барлығы 43,9 га жайылым жер телімі де жалдау шарты аяқталуына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылды.

2020 жылы ауыл шаруашы­лығы мақсатындағы жерлер бойынша 3 кон­курс өткізіліп, шаруа қо­жалығын жүр­гізу үшін жалпы ауданы 1 655 га жер кәсіпкерлерге берілген екен. 2021 жы­лы тағы 215 га жерге 2 конкурс өткі­зіліп, 10 жыл мерзімге жерді пайдалану шарттары жасалды. Кейін конкурс арқылы берілген жер учаскелеріне мониторинг жүргізілген кезде, олардың кейбірі алған жерін мақ­сатқа сай пайдаланбай отыр­ғаны анықталған. Мысалы, жал­­пы көлемі 852 га құрайтын «Ақ­суат» шаруа қожалығының басшысы О.Алмағамбетовке, 161 га жер алған «Ақниет» же­ке кә­­сіп­­керлігінің жетекшісі Б.Ку­саеваға берілген жер учас­келері мақсатына сай пайда­ланға­нын анықтап, тексеру амалдарын жүр­гізу үшін жер ресурстарын басқару департаментіне хат жол­данған.

Орал қаласы маңындағы пай­да­ла­нылмай немесе нысаналы мақсатында пайдаланылмай жат­қан ауыл шаруа­шылығы жер учаскелеріне 2019 жыл­дан бастап тексеріс жүргізіле баста­ғанын айтқан едік. Сол уақыт ішінде мораторийге дейін 10 шаруа қожалығының 1 560 га жеріне тек­серіс жүргізіліп, пай­даланылмаған 563 га жер учас­келері анықталған екен.

«Тексеріс нәтижесі бойынша нұсқа­мада көрсетілген 103 га жер учаскесі мем­лекеттік қор­ға қайтарылды. Одан бөлек, 7 шаруа қожалығына тиесілі пай­да­­­ла­нылмаған 894 га жер учаске­лері түсін­­діру және жалға алу мер­зімдері аяқ­та­луына байланысты мемлекеттік қорға өтті. Орал қала­сы бойынша жалпы ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы қайта­рылған жер көлемі 997 га болды», дейді Азамат Сафи­малиев.

Осы жиынға партияның Жаңа­қала аудандық филиалы төрағасы Талғат Жанболатов пен Ақжайық аудандық филиалы төрағасы Ар­тур Ермұханов та қатысқан болатын. Олар өз өңіріндегі ахуалға сараптама жасап, ауданда атқа­рылған жұмыстар жөнінде айтып өтті.

«Ақжайық ауданының жал­пы жер кө­лемі 2 571, 6 мың га болса, оның 91%-ы ауыл шаруа­шы­лығы мақса­­тын­да­ғы жер­лер. Қазіргі таңда бұл жердің 2021,5 мың гектары, яғни 86,3%-ы қол­даныста. Ал 352,6 мың га босалқы жер негізінен Жайық өзенінің сол жағалауында орна­ласқан, ша­руашылыққа қолайсыз, суы тап­шы жерлер», дейді Артур Ермұханов.

Дегенмен ауданда жерді тиім­ді пайдалану, нағыз еңбек ада­мының қолына беру жөнінде жүйелі жұмыс жасалған. 2019 жы­лы 10 байқау, 2020 жылы – 11, 2021 жылы – 12, 2022 жылы 5 бай­­қау ұйымдастырылып, жалпы кө­лемі 201,3 мың га жер учаскесі табысталған. «Ал биыл 41 729 га көлемді құрайтын 47 жер учаскесі конкурсқа да­йындалып жатыр», деді Артур Орынғалиұлы.

Дәл осындай жұмыстар Жаңа­қала ауданында да жүріп жатыр. Ауданның жалпы жер көлемі – 2 076 073 га, оның ішінде жайы­лымдық жерлер – 1 768 288 га, суар­малы жерлер – 48 350 га. Соның ішінде 520 092 га жер Ресей Федерациясына әскери полигон ретінде жалға берілген. Бұған «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватына берілген 214 373 га жерді де қосу керек. Ал ауданда тіркелген 511 шаруа қожалығы мен 42 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Кейінгі жылдары жергілікті тұрғындардың төрт түлік мал басы саны өсіп, жайылымдық жердің тап­шы­лы­ғын көріп жатқанын айт­қан Талғат Жанболатов 2022 жы­лы 6 ауылдық округтің 10 елді мекені маңындағы 35 267 га жер учаскесі елді мекен жері­­не енгізілгенін хабар­лады. Халық­­тың жайы­лымдық алқапқа мұқтаждығын қанағаттандыру үшін 12 364 га жер учаскесі резервке қалды­рылып, мемлекет мұқтажы үшін 500 га жер учаскесі мәжбүрлі түрде алынған екен.

Бұдан бөлек 2022 жылы Жаңа­қала аудандық мәслихатының де­путаты Р.Оразалиевтің баста­масымен құрамына прокуратура, жергілікті атқарушы орган­дар, аудандық мәслихат депу­тат­тары мен қоғамдық ұйым­дар өкілдері кіретін арнайы жұ­­мыс тобы құрылып, барлық ауыл­­­дық округтерді аралап, ша­­руа қожалықтары және же­ке тұрғындармен кездес­кен бо­­латын. Осы шараның нәти­же­сінде 11 шаруа қожалығы өздері пайдаланбай отырған 20 600,7 гектардан аса жайы­лым­дық жерді өз еркімен бер­се, тағы 5 шаруа қожалығы 6 657 га жер учаскесін сот тәр­тібі­мен мемлекет меншігіне қайтарған.

Бұған дейін республикалық «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайта­рыл­ған жер учаскелерінің тізбесі көрсе­тілген jerkarta.gharysh.kz интерак­тивті картасы әзірленген болатын.

Жалпы, былтыр «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен Қазақстан аумағында пайдаланылмай жатқан 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

 

Батыс Қазақстан облысы