Егемен Қазақстан • 14 Маусым, 2023

«Хат қоржын»

3746 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Мемлекетшілдік мәртебесі

Ғасыр төрінен асқан, Әділетті Қазақстанмен бірге жарқын болашаққа қадам басқан ел газеті «Егеменнің» тірегі – оның жер-жердегі қалың оқырманы. Солардың санатында өзімді де бармын деп есептеймін. Қырық жылдан астам уақыттан бері қарай ол менің ақылшым әрі сырласым болып келеді. Саяси сауатты көпшілік «еліміздің бас газеті» санайтын басылымның әр санын асыға күтіп, жарияланған дүниелерін ой елегінен өткізіп, оқып отырамын.

«Egemen Qazaqstan» – кең-байтақ еліміздің өмір шежіресі, өткен күндердің куәсі, тарихтың тамыршысы. Осылайша, ол жүз жылдан астам уақыттан бері қоғамның қозғаушы күші болып, Отанымыздың жылнамасына айналып отыр.

Көзіқарақты оқырман байқаған болар, осыған дейін газет атауының төменгі жағындағы «Жүз жылдық жылнама» деген сөздер оны қолға алғаннан-ақ бірден көзге шалынатын. Биылғы Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыздан бастап ол сөздер «Мемлекетшілдік мінбері» деп ауыстырылды. Бұл сөздер жайдан жай ауыстырыла салған жоқ, әрине. Оның астарында үлкен мән жатыр.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaq­stan» ұлттық арнасына берген сұхбатында өзінің бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты көзқарасын білдіре келіп: «Мен әрбір журналист, ең алдымен, мемлекетшіл азамат болуы керек деп санаймын», деп атап көрсеткен болатын. Ал сіз бен біз осы мемлекетшілдік туралы ойланып көрдік пе? Алаш арыстарының қай-қайсысы болсын өзінің мемлекетшілдігімен ерекшеленіп тұрады. Ендеше, мемлекетшілдік ұғымы қазіргі таңда да маңызын жойған жоқ. Қайта керісінше, ерекше мәнге ие. Ол, ең алдымен, Отанды сүю, еліміздің шын мәніндегі патриоты болу, басты байлығымыз – тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге атсалысу. Мемлекетшіл азаматты, өз басым, осы қасиеттердің бәрін бойына жинаған азамат деп білемін!

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

Түркістан облысы

 

 

Қымыз – дертке дауа, дәтке қуат

«Қымызмұрындық» – ұлтымыздың ежелден келе жатқан тамаша дәстүрлерінің бірі. Жаз жайлауға шыққанда биенің алғашқы сүті жинақталып, қорланып, балдай тәтті қымызға айналғанда көрші-қолаңды, ақ баталы қарияларды, ақ самайлы әжелерді шақырып, ақ дастарқан басынан дәм татқызатын ұлағатты дүние. Бір сөзбен айтқанда, жайлауға қоныстанған ағайынның бір-біріне деген алғаусыз көңілдерін, ақ пейілдерін, сүттей ұйыған бірлігін, жақсы қарым-қатынасын паш етіп тұрар жоралғымыз бұл.

Жуырда Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданы әкімдігі «Мәдениет – асыл қазынам» атты ауданның мәдениет күні аясында «Қымызмұрындық-2023» этнофестивалін ұйымдастырды. Жиналған көпшіліктің есінде ұзақ сақталатын іс-шараға облыстың барлық ауданы­нан, Тараз қаласынан 200-ге жуық қонақ, негізінен ардагерлер қатысты. Ең алдымен, тігілген киіз үйлер алдында күбі пісіп тұрған келіншектер келген қонақтарға «Қымызмұрындықтың» басталуы – қымыздан «ауыз тию» рәсімін өткізді. Іс-шараға жиналған көпшілікті облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек құттықтап, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл дәстүр алтын арқауын үзбей, қонақжай, бауырмал халқымыздың жақсылығына жол аша берсін деген жүрекжарды тілегін білдірді. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлына «Қымызмұрындық» мерекесінің символдық белгісі ретінде қымыз құйылатын ұлттық нақыштағы торсықтың макетін сыйға тартты.

Қаз-қатар тігілген киіз үйлердегі қазақтың сүт тағамдарына толы ақ дастарқаны қонақтан босаған жоқ. Тек қымыз ішіліп қана қоймай, ән мен жырға да кезек берілді. Қара домбыраның майда қоңыр үні түңліктерді желпіндіріп тұрды. Сөйтіп, жаздың шуақты күнінде ұлттық өнеріміздің мейманасы тасыды. Осындай ұмытылмас есте қалар әдемі шақта тәуелсіз Отанымызға деген, ұлтымызға деген, ауылға деген ыстық сезім бойды баурап, жүректі керней түсті.

Алдаберді МЕҢЛІБАЙҰЛЫ,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Жамбыл облысы

 

 

Проблеманы ашық айтайық

Бүгінгі таңдағы аса өзекті проблемалардың бірі – педофилия. Алайда бұл мәселе кеңінен етек жайып бара жатқанына қарамастан, біздің қоғамда бұл тақырып өте сирек көтеріледі. Қаншама сәби мен жасөспірім сол жексұрындардың қармағына түсіп жатыр. Осының салдарынан естиярлары тіпті суицид жасауға да барады.

Қазір – ХХІ ғасыр, озық технологиялар заманы. Әр баланың қолында бір-бір ұялы телефон. Көбі әріп танымақ түгілі, сөйлеп үйренбей жатып смартфонды меңгереді. Мұның қаупін баланы айтпағанда, кейбір ата-ананың өзі де түпкілікті біле бермейді. Бұл – өте өкінішті жағдай, себебі балалар тым жас болғаннан кейін олардың әлі қалыптаспаған психикасына қысым жасау кез келген ересек адам үшін қиындық туғызбайды.

Мәселенің аса күрделілігіне қарамастан, не қоғамның, не жауап­ты мемлекеттік органдардың онымен күресуге деген ұмтылысы байқалмайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін С. деген азаматшаны тыңдап көрелік: «Менің жасым 30-да, екі қыздың анасымын. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан ботақандарым бар болғандықтан, бұл мәселе мені қатты мазалады. Сондықтан инстаграм желісінде кішкентай қыздың рөлін ойнап, көптеген педофильді анықтадым. Әрқайсысына қарсы нақты дәлел тауып, жергілікті полиция бөлімшесіне келдім. Сол адамдардың аккаунтын беріп, оқиғаны қысқаша баяндап бердім. Оларды тауып жазалау немесе қадағалау керектігін айттым. Ондағылар маған: «Не, сіздің басқа жұмысыңыз жоқ па? Басты қатырмай, балаларыңызға ие болыңыз!», деп шығарып салды. Бұған не деуге болады? Бірінші кезекте полиция қызметкерлері бұл тақырыпты қолына алып, мәселені шешуге кіріспесе, оның қаншалықты ушығып кететінін елестету де қорқынышты.

Ал енді қысқаша әр ата-ананың өз баласын қалай қорғай алатынына тоқталар болсақ, мамандардың пікірінше, педофильдерден зардап шегетін балаларға көбіне ата-ананың жылуы, аялы алақаны жетіспейтін көрінеді. Сондықтан бала өзіне деген сүйіспеншілікті сырттан іздемесе екен дейміз.

Данажан АМАНГЕЛДИНА,

№75 гимназияның 10-сынып оқушысы

АСТАНА