Халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген Қалибек Қизатұлының шығармашылығы мен өмір жолын өскелең ұрпаққа өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шарада кітап көрмесі ұйымдастырылып, А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының Қалибек Қизатұлымен жүргізген сырлы сұхбаты оқырман назарына ұсынылды. Сұхбатта Қалибек ақсақал өз өмірінен сыр шерте келе, сөзжұмбақ құрастыруға қалай бет бұрғанын айтты.
– Сөзжұмбақ – қазақ қоғамына етене енбеген жанр. Жалпы, сөзжұмбақ жер бетінде осыдан 150 жыл бұрын пайда болған екен. Ең алғашқы сөзжұмбақ АҚШ-та 1875 жылы жарық көрген. Ал бізде өткен ғасырдың 50-жылдары «Қазақстан әйелдері» журналына шыға бастады. Содан бастап-ақ менде қызығушылық пайда болды. Шешіп көремін, келесі санында жауаптарын салыстырамын. Сөйтіп жүріп өзім құрастыратын болдым. Оны қазақтың тұңғыш сөзжұмбақ құрастырушысы Талаптан Иманбаевқа жіберіп жүрдім. Қоржыным толды-ау дегенде, 1961 жылы қаңтарда тұңғыш сөзжұмбақтар жинағымды шығардым, – дейді Қ.Қизатұлы.
Іс-шара соңында оқырмандар автордың сөзжұмбақтарын қызығушылықпен шешіп, бағалы сый-сияпатқа ие болды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы