Пікір • 15 Маусым, 2023

Аттракцион: ақау һәм қауіпсіздік

409 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаз шықса болды, алаңқайдағы бала­лардың ойын-күлкісі жаңғыра түседі. Қазір шүкір, бала үшін керектінің бәрі бар. Әсіресе қала ішінде сан алуан аттракцион көздің жауын алып, қол бұлғап өзіне шақырады. Жанынан өтіп бара жатып ондай кереметке баланың көз тастамауы, мойын бұрмауы мүмкін емес. Баладан аяйтын не бар деп, оған да отырғызасыз. Бірақ елдегі аттракциондардың көбінде қауіпсіздік талаптары көңіл көншітпейді.

Жаз да басталды. Ал біздегі аттрак­циондар балаларды қабылдауға қан­ша­лық­ты сақадай-сай?

Жақында Шымкенттегі аттракцион парктерінің бірінде алып әткеншек 30 метр биіктікте қозғалыссыз қалған. Алып құрыл­ғыны мамандар 20 минут ішінде жөндеп, іске қосыпты. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Бірақ сол аралықтағы ата-аналардың уайымын айтып жеткізу қиын, әрине. Бұл жағдай саябақтардың техникалық қадағалау мәселесіне қатысты күмәнді қоюлата түсері сөзсіз.

Мұндай ойын-сауық орындарын пай­­­­­­­­да­лануға берудің тәртібі бойынша, аттрак­цион­ның техникалық ахуалы ай са­йын тексеріліп тұруға тиіс. Алайда ондай тексеріс жүзеге аса бермейді. Тіпті еліміздегі көптеген ойын-сауық саябағы заңсыз жұмыс істеп жатқан болуы әбден мүмкін. Жақында бұл мәселе Парламентте де көтерілді. Сенатор Нұрия Ниязованың айтуынша, балалар ойнайтын нысандардың қауіпсіздік жағдайы заң жүзінде реттелуі керек.

Заңгер қауымның айтуы бойынша, бізде техникалық талаптарға сәйкестікті бақылау әкімдіктерге жүктелген. Яғни әкімдік тек­серіс жүргізіп, орнату, орнатпауға қа­тысты шешімді қабылдайды. Бұл ретте гүлзар немесе саябақ басшылығы емес, жергілікті атқарушы органның құзыреті жоғары. Демек аттракцион түрінде орнатылып жатқан нысандардың барлығына қатысты жауапкершілік ең бірінші кезекте мемлекеттік мекеменің мойнында деген сөз.

Аттракционды пайдалану, оған қатыс­ты қажетті талаптарды сақтау – үлкен жауап­кершілік. Оны сол деңгейінде ұстап,­ кез келген тәуекелге даяр отырған саябақтар да бар. Соның бірі де бірегейі – Астана орталық саябағы. Аталған демалыс саябағында құрылғыларға тұрақты тексеру жүргізетін үлкен команда жұмыс істейді. Ондағы ең жаңа аттракционға – екі жыл болса, ең ескісі – италия аттракционына тоғыз жыл болыпты. Мамандардың сөзіне мән берсек, егер дұрыс пайдаланылса, техникалық тексеріс ұдайы жүргізілсе, онда құрылғыны 20 жылға дейін қолдануға болады. Ал аттракциондарды маусымдық пайда әкелуші құрал деп санаса, онда екі жылға жеткізбей тоздырып жіберу оп-оңай.

Тоздырмас үшін жоғарыда айт­қа­ны­мыздай, кәсіби команда жұмыс істеуі керек. Әлбетте кәсіби команда кәсіби мамандардан құралады. Ойын-сауық саябағын күтіп ұстау үшін ондаған аттракцион түрлерінің жұмысы, олардың күрт континенттік климатта пайдалану сипаттамалары, қызмет ету мерзімі, электрмен жабдықтау туралы білім қажет. Сондықтан жақсы механикке деген сұраныс артады. Оларсыз кез келген ойын-сауық саябағының иесі әлеуетті қылмыскерге айналмақ.

Мамандардың айтуынша, саябақтың штат­тық қызметкерлерінен бөлек, қауіп­сіз­дікті қадағалауға рұқсаты бар ұйым да­ тексеруі қажет. Мысалы, астаналық сая­­бақ жыл сайын конструкцияларды бас­тан­-аяқ тексеріп шығатын компаниямен келісім­шарт­қа отырады. Ол компания металдың сапа­сы мен жағдайын, бекітілуін, бекітілу тәсілін, электр сымдарының тартылуын түгел қадағалап, бақылайды. Егер саябақ басшылығы адам өмірінің қауіпсіздігін алға шығарса, онда мұндай ұйымдар мен механиктерге жұмсалатын шығындардан бас тартпауға тиіс.

Айтпақшы, биыл елімізде 1 қаңтардан бас­тап тәуекел дәрежесін бағалау кри­те­­рийлері мен техникалық реттеу сала­сын­дағы бақылау парақтары күшіне енді. Оған сәйкес, аттракциондар мен балалар алаңдары өндіріс және орнату кезеңінде ғана емес, пайдалануға беру кезеңінде де тексерістен өткізіледі. Бұл жаңа бастама аттракциондардағы шала-әрекеттердің санын азайтады деген сенім бар.