Кейінгі жылдары медицина саласында жеткен жетістігіміз көбейді. Әсіресе көпбейінді медициналық орталықтардың әлеуеті артып, керегесі кеңейді. Жыл сайын қала, ауылдарда еңселі ауруханалар ашылып, ондағы дәрігерлер халыққа барынша сапалы медициналық көмек көрсетуге бейімделіп келеді. Олардың жалақысы өсіп, әлеуметтік жағдайларына жіті көңіл бөліне бастады. Озық үлгідегі шетелдік технологиялар қолданысқа енді. Бұрын шетелде ғана жасалатын күрделі ем-дом енді елімізде де қолжетімді. Жыл сайын елде медицинаның бірнеше саласына қатысты форумдар өтіп, онда білікті дәрігерлер тәжірибе алмасады. Біздің дәрігерлер де сырт елдерде біліктіліктерін жетілдіріп, тәжірибелерін шыңдап жүр. Халыққа көрсетілетін көмектің дені сақтандыру пакетінде қамтылған. Осының нәтижесі болса керек, шетелден келіп, ақылы ем алатын пациенттер қарасы артты.
Міне, осындай толайым табыстарға толы сала маусымның əр үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлерінің күнін атап өтеді.