Тараз, Атырау, Ақтөбе қалалары мен Арал, Шиелі, Сырдария аудандарынан келген халықтық отбасылық ансамбльдер мүшелері алдымен «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблінің 45 жылдығына арналған көрмемен танысты. Байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Күнтілес Назымбеков қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұжымның аймақтағы өнер көшіне қосылғанының 45 жылдығына орай жарық көрген «Өнерімен өркендеген әулет» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Ансамбльдер өнеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, күйші-қобызшы Арман Әуез, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Сәукен Әліш, Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледж оқытушысы Төлеген Кәденов, Шымкент саз колледжінің оқытушысы, белгілі музыкант Космонавт Аюбаев, білім саласының ардагері, қобызшы Ерпазыл Жүсіп қазылық етті.
Ауданда өткен байқаудың бас жүлдесі Ақтөбе қаласынан келген «Шашу» халықтық отбасылық ансамбліне бұйырды. Бірінші орынды сырдариялық Сәдуақасовтар, екінші орынды Атырау қаласынан келген Қарабалиндер, үшінші орынды Тараз қаласынан қатысқан Жаңабаевтар халықтық отбасылық ансамблі иеленді. Арнайы жүлде Арал ауданынан келген Қадырқұловтар отбасына табысталды.
Қызылорда