Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Мұрат Жетпісбаев «Еңбекпен шыққан төр биік» мақаласында жазды.
Майдангер әкесі қызмет бабымен Майлыбас ауылына көшіп келгенде Самұрат небәрі 7 жаста, ағасы Шәкімұрат 9 жаста болған. Сол кезде ағайындары баспанасының ұядай бір бөлмесін босатып беріп еді. Сонда бір қыс тұрып, келер жылы өздері үй салудың қамына кірісті. Сол үйдің кесегін 7 жастағы Самұрат пен тоғыздағы ағасы Шәкімұрат құйып шықты. Ағайынды екі ұл стансадағы сегізжылдық мектептің оқу үздіктері болды. Мектепті бітіргесін Қызылорда гидромелиоративтік техникумына техник-механик мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Қазалы суландыру жүйесі басқармасында инженер-экономист қызметінен басталған еңбек жолы осы саладағы жауапты қызметтерге жалғасты.
Алматыға барған күндердің бірінде сол қалада жүрген Қызылорда облысының әкімі Сейілбек Шаухаманов Самұрат Жұманұлын шақырып, Қазалы ауданын басқаруға қолқа салған еді. Осылайша аудан басқаруға кіріскен Самұрат Жұманұлы ауылшаруашылық саласында біраз бастама көтерген. Облыс әкімі ауысқанда аудан әкімдері заңға сәйкес орындарын босатқан. Сол тұста жеке іс бастауға бел буған Самұрат Имандосов нан пісіретін цех ашуды ұйғарды.
Мақала авторының жазуынша, күніне 90 дана бөлке пісіретін шағын цех ашқан бұрынғы әкімнің бүгінгі тірлігіне күле қарағандар көп болыпты. Бірақ бастаған ісі бір үдеден көрінгенше тыным таппайтын Самұрат Жұманұлы аянбады. Нан пісірудің барлық талаптарын бұлжытпай сақтады. Ас атасынан басталған кәсіп бірден үйіріле қалды, көп ұзамай әуелгіде мысқылдай қарағанның біразы Имандосов пісірген нанды іздейтін болды.
Мұрат Жетпісбаевтың пайымдауынша, кәсіпте де сәт сайын алдыңды болжап, өткеніңді талдап отырмасаң көп нәрседен құр қаласың. Тіпті ертеңіне көзің жетіп отырса, тыңнан жол салудан да қашпаған дұрыс. Самұрат Жұманұлының еңбек жолы - бұның айқын дәлелі.