Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Сырдың бойындағы Қазалыда кезінде Сталин атын иеленген ұжымшар болды. Іргесі көптің жұмылған еңбегімен көтерілген байырғы мекен кейіннен Құмжиек деген әдемі тарихи атауын тапты. Осында туып, кейіннен майдангер әкесі Жұманның қызмет бабымен Майлыбас ауылына көшіп келгенде, сондағы ағайындары баспанасының ұядай бір бөлмесін босатып беріп еді. Сонда бір қыс тұрып, келер жылы өздері үй салудың қамына кірісті. Сол үйдің кесегін 7 жастағы Самұрат пен тоғыздағы ағасы Шәкімұрат құйып шықты. Жұмысбасты отағасын алаңдатпаған анасы Қадиша қабырғаны өзі қалады. Сол баспанаға кіріп, ақар-шақар болып жатқан сәтте Самұрат та бірінші сыныпқа баратын мезгіл болып еді. Ағайынды екі ұл стансадағы сегізжылдық мектептің оқу үздіктері болды. Мектепті бітіргесін Қызылорда гидромелиоративтік техникумына техник-механик мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Қазалы суландыру жүйесі басқармасында инженер-экономист қызметінен басталған еңбек жолы осы саладағы жауапты қызметтерге жалғасты.
Ел үшін еңбек еткеннің еңсесі биік, жүзі жарқын болатыны анық қой. Осы аудандағы іргелі мекеме – №86 жылжымалы механикаландырылған колоннаға басшылық еткен жылдары аудан бойынша 22 мың гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді. Біздің кейіпкер бастан-аяқ басында жүрген бұл шаруа игілігі кейінгі ұрпақтың да қажетіне жарайтын таусылмас қазына болатын. Осылайша, несібесін жерден терген жұрттың мол өнім алуына негіз қаланды. Осы қызметте жүргенінде ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол кезде қырықтан енді асқан жігіт еді. Халық қалаулысы ретінде Жоғарғы кеңес төралқасының мемлекеттік рәміздерді дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулысынан бастап, арнайы заң қабылданғанына куә болды. Қызылордалық депутат, Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов ағасының көк туды көп алдына алғаш рет алып шыққан сәті әлі есте. Аңқасы кепкен Аралдың табанынан бораған тұз бен құмды жұтып отырған жұртты әлеуметтік демеудің алғашқы қадамы – «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңды қабылдауға белсене қатысқанның бірі Самұрат Жұманұлы еді.
Алматыға сессияға барған күндердің бірінде сол қалада жүрген Қызылорда облысының әкімі Сейілбек Шаухаманов шақырды. Алды-артыңды бірден орап, сытылып кетер саңылау қалдырмай сөйлейтін Секең сол кездесуде Қазалы ауданын басқаруға қолқа салғаны бар. Мұндай ұсыныс болады деген үш ұйықтаса ойына келмеген Самұрат не айтарын білмей қалды. «Сәке, сеніміңізге көп рахмет. Бірақ мен әкім бола алмайтын шығармын. Менде әрі итеріп, бері жығатын кабинеттік әдет жоқ. Не болса да тура айтамын», деген шынайы жауапқа облыс басшысы рахаттана күлген еді сол жолы. «Айналайын, әкім болудан қашқан сені көрдім. Сенсең, қазір телефонымда тыныштық жоқ. Осы орынды сұрап келіп, есік тоздырып жүргендер қаншама. Сен қашпа, қолыңнан келеді. Көмектесеміз», деген аға сөзі мәселенің түйіні болды. Аудан басқарған тұста республика көлемінде экологиялық шара өткізді. Аудан орталығы мен ауылдарды көгалдандыруға баса мән берді. Ауылшаруашылық саласында біраз бастама көтерілді. Облыс басшысы ауысқанда аудан әкімдері заңға сәйкес орындарын босатып, өзіне Қызылордадан қызмет ұсынғандарға алғысын айтып, жеке іс бастауға бел шеше кірісті.
Сол тұста күніне 90 дана бөлке пісіретін шағын цех ашқан бұрынғы әкімнің бүгінгі тірлігіне күле қарағандар көп болыпты. Бірақ бастаған ісі бір үдеден көрінгенше тыным аппайтын Самұрат Жұманұлы аянбады. Нан пісірудің барлық талаптарын бұлжытпай сақтады. Жұрт секілді салмағынан жеген жоқ. Ас атасынан басталған кәсіп бірден үйіріле қалды, көп ұзамай әуелгіде мысқылдай қарағанның біразы Имандосов пісірген нанды іздейтін болды. Талай жыл елге қызмет етіп, тәжірибе талқысынан өткен Самұрат Жұманұлы 2000 жылы алғашқылардың қатарында «РЗА» акционерлік қоғамын құрып, кәсібінің керегесін кеңейте түсті. Құрылыс-монтаж жұмыстарын басым бағыт етіп алған компания аз жылда мелиоративтік құрылыс, тұрғын үй құрылысы, магистральдық су құбырларын салу бағытында жетекші мекемеге айналды, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу бойынша I санатты мемлекеттік лицензияның иегері атанды. 2001 жылдан бастап «Ауыз су», «Жылумен қамту жүйелерін кеңейту», «Коллекторларды реконструкциялау» және «Әлеуметтік объектілер құрылысы» секілді мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда көшбасшы компания қатарына енді. Бұларға Арал, Қазалы және Қармақшы секілді қатар жатқан 3 ауданның жұртын ауыз сумен қамтып отырған «Арал – Сарыбұлақ» су торабы секілді ауқымды жобаны жүргізу сеніп тапсырылды.
– Қазір көп өңір тұрғындары әлі де ауыз суға жарымай отыр. Ал Қызылорда облысында мұндай мәселе жоқтың қасы. Сонау Қосаманнан басталатын суға құбыр тартып, әр үйдің ауласына кірген сәтте арқадан бір ауыр жүк түскендей болды. Тіпті кеңес заманының өзінде де шалғай ауылдар мұндай игіліктен құр қалып қоя беретін. Қазір олар да таза суды қанып ішіп отыр. Сенімді ақтап, осындай бастаманы сәтімен жүзеге асырғанымызға қуанамын, – дейді ол.
Бүгінде әу баста азық-түлік өнімдерін өндіретін ационерлік қоғам құрамына «Рза-Агро», «Рза-Транс», «Рза-Сүт», «Рза-Асыл түлік», «Рза-Нан», «Рза-Мұнай-Газ-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін топтастырған қуатты кәсіпорынға, ұзын-саны 900-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, өңір экономикасына 9 млрд теңгеден астам инвестиция салған ірі мекемеге айналды. Егін шаруашылығында кластерлік жүйені жолға қойғандардың алдыңғы легінде тағы осы «Рза» АҚ тұр. Тек соңғы жылдары ғана 30 мың тоннадан астам өнімді экспорттаған компанияның негізгі тұтынушылары – Ресей, Украина, Түрікменстан, Тәжікстан. Осының бәрі – талай жылғы тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Кәсіпте де сәт сайын алдыңды болжап, өткеніңді талдап отырмасаң көп нәрседен құр қаласың. Тіпті ертеңіне көзің жетіп отырса, тыңнан жол салудан да қашпаған дұрыс. Осыдан 13 жыл бұрын «Рза-Асыл түлік» ЖШС еліміздің индустриалдық даму картасы аясында инвестициялық жоба бастап, экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру үшін тауарлы сүт фермасын және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауытын салды. Елде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан бөлінген қаржыға салынған бұл өндіріс орны Қазалыға бұйырмауы да мүмкін еді. Шарт бойынша жалпы құны 2 млрд 200 млн болатын нысан қаржысының 10 пайызын кәсіпкер төлеу керек екен. Оның үстіне Қазалы үшін тауарлы сүт фермасы таңсық кәсіп, климаты да шеттен келетін малға қолайсыз. «Жұмыссыздықтан жүнжіген елге бір пайдам тисе» деген талабы тауға шағылған сәтте кәсіпкерді сол тұста облысты басқарған Мұхтар Құл-Мұхаммед Ауыл шаруашылығы министрі қызметіндегі Ақылбек Күрішбаевқа ерте кірді. Әкім қолқасымен төрт нысанның бірі Қазалыға салынатын болып шешілді. Жетпей тұрған ақшаны мұнайшылардың әлеуметтік қорға аударған қаржысынан 2 жылға беретін болды. Осылайша, 2010 жылдың басында ферма мен сүт өңдейтін зауыт құрылысы қатар басталды. Жаз ортасында зауытқа қажетті құрылғылардың орнын өлшеуге Германиядан келген мамандардың өндіріс орнының әлі қабырғасы да қаланбағанын көріп, көздері атыздай болғанын ұмытпайды. Шетелдіктерден «Он екіде бір нұсқасы жоқ, қалай үлгереді?» деген күмәнді байқаған Сәкең өндіріс орнын мерзімінде бітіретінін кесіп айтты. Ақырында бұлар уақытында салып бітіріп, немістердің өзі құрылғыны кешіктіріп жеткізгені бар. Құрылыспен қатар маманын ертіп, шетел асып, мал іздеді. Іздегенін Нидерланд мен Германияның бірінен алғысы келген. Бірақ сол тұста оларда блютанг індеті шығып, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті рұқсат бермеді. Осылайша, Қазалыға сонау жер түбіндегі Мажарстаннан 660 бас голштин-фриз тұқымды қашарлар жеткізілді. Тамызда жеткізілген буаз қашарлар көп кешікпей бұзаулады. Сол жылы 31 желтоқсанда Қазалыдағы сүт зауыты алғашқы өнімін шығарды. Кешенге қажетті құрал-жабдықтар Нидерланд, Ирландия, Германия мемлекеттерінен әкелінді. Қазір түлік саны еселеп өсті. 2021 жыл қорытындысы бойынша «РЗА-Асыл түлік» ЖШС әр сиырдан 9 мың литрдің үстінде сүт сауып, еліміздегі 200-ден асатын сүт фермасының ішінде үшінші орынға шықты. Қазір қиырдағы Қазалының сүт және сүт өнімдерінен тұратын «Дәмді» брендін еліміздің әр түкпірінен таба аласыз.
– Бастапқыда қыруар қаржы төлеп, Германиядан 2 маман жалдадық. Олар елдеріне кеткесін өзіміз амалдауға көштік. Бізбен бірге ашылған «Ақтөбе – Айс» компаниясы шетелдік маманды командасымен жалдап, қазір ТМД-ны былай қойғанда Еуропада алдыңғы қатарлы өндіріс орны атанып отыр. Кеңес заманы кадрларының жаңа технологияға ілесе алмайтыны байқалады. Демек бізге маман даярлау саясатын қайта қарау қажет. Мектеп жағалап, бітіруші түлектерді компания есебінен оқуға үгіттегенімізге біраз жыл болды. Алдын Ресей мен елімізде оқытып та жатырмыз. Жоғары оқу орны дипломын алып келгендерді компания базасында қайта оқытып, өзіміз даярлаймыз. Сенсеңіз көлік жүргізушісі, экскаватор мен кран тілін білетін маман, бульдозерші, сауыншы, агроном, гидротехник, құрылысшы, ветеринар сынды мамандық иелерін күндіз шаммен іздеп таппай жүрміз. Тіпті бақташы табылмай талай мәрте қиналғанымыз да бар. Жұмыспен қамту орталығына жыл сайын сұраныс береміз, жұмыссыздарға арналған жәрмеңкеден қалмаймыз. Бірақ жұмыс іздеушілердің дені бюджеттік мекеме маманы болғанды құп көреді. Қыста жылы, жазда салқын кабинетте сегіз сағатын өткізіп, кесімді жалақысын алғанды қанағат тұтатындар көп. Әрине, қай мамандық та қадірлі. Бірақ қара жұмыстан қашып, қаратаяқ атануға құмарлардың көбеюі жақсылықтың белгісі емес. Ауылшаруашылық саласына мән беріп, кадр даярлаудан бастап, еңбек адамының әлеуметтік жағдайын дұрыстамаса, болашақта жұмыс істейтін адам таппай қаламыз, – дейді Самұрат Жұманұлы.
Қазір ауыл шаруашылығы саласы қолдаусыз қалды деп ешкім айта алмайды. Бірақ жүйесіздіктен талай бастама тығырыққа тіреліп тұр. Министрлік өзіміздің өнімдерімізге талдау жасап, шаруаға соны ұлғайту үшін қандай қолдау қажеттігін зерттеуі керек. Азық-түлік қауіпсіздігі деген мәселенің басы осыдан басталады. Осылай жасағанда ғана сыртқа тәуелділіктен құтылып, өзіміздің өндіріс өрістейді.
Осы күні шаруалар бейнетінің қызығын айдаладағы алыпсатарлар көріп отыр. Дайынды арзанға алып, қымбатқа бұлдайтын делдалдың талтаңдап, ал ауылдағының жартымсыз ақшаны жеткізе алмай жаутаңдап жүруі қандай қисынға сыяды? Сондықтан да Мемлекет басшысының ауылдың жағдайын жақсартып, еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы бастамасын бәріміз қолдауымыз керек.
«Кісідегінің кілті аспанда» болып тұрған мына заманда өзіне қажеттіні өзі өндіретіндер ұтылмайды. «Рза» АҚ осы күні дәнді дақылдар мен мал азығы дақылдарын егіп, оны өңдеу және өткізуді бір жолға қойды. Жыл сайын 3000 гектар күріш, 150 гектар бидай, 500 гектар сүрлемдік жүгері, 1200 гектардан астам жоңышқа егетін компания Қызылорда облысында тұңғыш рет жаңбырлата суару жүйесін енгізді.
Ел алдындағы еселі еңбегінің өтеуі ретінде Самұрат Жұманұлына 32 жасында «Құрмет белгісі» ордені тағылыпты. Жетпістің белесінен асқанша оның қатарына «Құрмет», «Парасат», «ІІІ дәрежелі Барыс» ордендері қосылды.
Туған топырағын түлеткен азамат бүгінгі биікке тынымсыз еңбегінің арқасында шықты. Мұндай төрдің әманда биік болатыны белгілі ғой.
Қызылорда