Пікір • 05 Қаңтар, 2025

Қордың алғашқы қолдаушысы

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жаңа жылдағы алғашқы сұхбатын ұлт басылымы «Ana tili» газетіне берді. Кезінде «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған бұл газеттің орны ерекше. Бұл – Мемлекет басшысының ана тілімізге деген құрметі, тіл жанашырларына деген ілтипаты.

Қордың алғашқы қолдаушысы

Сұхбаттан ішкі және сыртқы сая­сат, экономика, әлеумет, қоғамның дамуы, мемлекет пен заңның ны­ғаюы, әділдіктің орнығуы сияқты мәселелерге қатысты анық ой, айқын ұстаным аңғардық. Көңілді күпті еткен кейбір маңызды сұрақтарға да жауап алдық.

«Ana tili» газетіне берілген сұхбатта қазақ тілінің жайы, соның ішінде біздің бастамамызбен құрылған «Қазақ тілі» эндаумент қоры туралы бөлек айтылды. Бұл қор қазақ тілін қолдау, оның қолданыс аясын ке­ңейту, тілді оқыту әдістемесін дамыту, қазақ тіліндегі мазмұнды көбейту үшін жұмыс істейді.

Қор құрылғанда оған бі­рінші болып үлес қосқан Қасым-Жомарт Тоқаев болатын. Президент жеке қаражатынан 7 млн теңге бөліп, көпке үлгі көрсетті. Мемлекет бас­шысының осы қадамына ерген еліміздің кәсіпкерлері қорға 500 млн-ға тарта қаражат салды. Қазір қорда жиналған қаражаттың нақты көлемі – 493 669 299 теңге.

Эндаумент қорына келген қара­жаттың өзі жұмсалмайды, тек сол қаражатты басқарудан түскен үстеме табыс жұмсалады. 2024 жылы «Қазақ тілі» эндау­мент қорының үстеме табысы 75 473 020 теңгені құрады.

Бұл «Қазақ тілі» қоғамының жұ­мысын жандандыруға мүм­кіндік берді. Бір жылдың ішінде 40-қа тарта ай­мақтық, республикалық және халық­аралық іс-шара өткіздік. Толық ақпарат «Қазақ тілі» қоғамының til.kz сайтында орналасқан.

Сұхбатында Президент «Қазақ тілі» эндаумент қорын қолдау қа­жеттігін бөлек айтты. Біз үшін бұл – зор демеу, қазақ тілін кеңінен қолдауға жол ашатын үлкен мүмкіндік, аса зор жауапкершілік жүктейтін сенім. Осындай қолдауы мен сенімі үшін Мемлекет басшысына алғыс айтамыз. Мемлекеттік тілді тиісті биік тұғырына шығару жолындағы жұмы­сымызды үдетеміз.

 

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті