Сурет: turkystan.kz
Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді» деген сөздері өмір бойы газетте жұмыс істеген адам ретінде жанымызға бөлекше жаққанын алдымен айтқымыз бар. Айтқанбыз, тағы айтамыз: газет оқу – мемлекеттік мәселе. Қит етсе адам құқымен ауыз жаптыра салатын, тіпті мектеп мұғалімінің, мемлекеттік қызметкердің газет оқымауын қалыпты жайт санайтын, мемлекетшілдіктің басты мінберіне – баспасөзге архаикадай қарайтын, әсіресақ ұстанымның ұстыны осындайда бір ырғатылып кетеді, биылғы, 2025 жылғы баспасөзге жазылу ісіне мемлекеттік деңгейде мән беріледі деп сенгіміз келеді.
Баспасөзге басқа сөздей қарауға болмайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін былай түйіндепті: «Шын мәнінде, бұл сұхбатты елге терең ой салу және биылғы жұмысымызға тың серпін беру үшін отандастарыма жолдаған басты үндеуім деуге болады». Келісеміз. Келісетініміз – Мемлекет басшысы кейінгі жылдарда қазақ басылымдарына кезек-кезек беріп жүрген (бұл да – мемлекеттік тілге құрметтің бір белгісі), дәстүрге айнала бастаған сұхбат пішінін белгілі бір дәрежеде бағдарламалық бағытқа бұра білген. Сондықтан да сұхбат өткен жылғы тындырылған істерді тілге тиек ете отырып, алдағы міндеттерді межелеуімен де құнды. Ал тынған іс қыруар. Нақты факті тілімен сөйлейік. 2024 жылы Қазақстанға 15,7 млрд доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 88 пайызға артық, біз Солтүстік және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Заңсыз алынған активтерді қайтарудан мемлекет қазынасына 2 трлн-нан астам теңге түскен. Биыл 836 шақырымдық «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі салынып бітеді. Осының бәрі әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасқан қилы кезеңде, елімізге сыртқы факторлардың салқыны тиіп тұрған тұста, ол аздық еткендей, табиғат апаттары жалғасып жатқан жылдарда тындырылып жатыр. Орманның отына күйсек те күйеленбей, су басса да балдырға батпай шығып жатырмыз. Өйткені «дағдарыс кезінде байбалам салмай, байыпты болған жөн» екенін естен екі елі шығармайтын елміз. Өйткені бірлігі берік, тірлігі тиянақты елміз. Бұрын-соңды болып көрмеген алапат тасқынның өзін-ақ алайықшы. Қыркүйек айында тасқынның зардабын жоюға (үй салу, жол төсеу, көпір, тоған тұрғызу, өтемақы төлеу, т.б.) 300 млрд теңге жұмсалғаны, бұл жұмысты қаржыландыру жалғасып жатқаны айтылды. 300 млрд теңге! Қыркүйекке дейін жұмсалған ақша осындай. Ойластырылмаған осындай орасан қаржыны тез арада таба алатын, таптыра алатын мемлекет – мықты мемлекет. Мұны басын аша айту керек. Өткен жылы елімізде 27 млн тоннаға жуық астық жиналды. Бұл, баяғы біз үйренген ұғымға салсақ, бір жарым миллиард пұт. Қазақстандық миллиард пұт астық жинау үшін қандайлық бүкілхалықтың майдан ашылатынын, сол майданға студенттерге дейін жұмылатынын, республикамызға бүкіл алып елдің қиыр-қиырынан комбайншылар, жүргізушілер, жауынгерлер жабыла жетіп, жанталаса жәрдемдесіп жататынын ұмыта қойған жоқпыз. Мұның да басын ашып айту керек. Жалпы, жетістікті жазу баяғы насихатшылық науқанның, үгітшілік үрдістің сарыны дей салу – бері қойғанда жеңіл сөз. Жоқты жоқ деу қандай керек болса, барды бар деу де сондай керек. Әсіресе бүкіл әлемде билік біткенге сенім әлсіреп, жалпақ жұрттың санасына әлеужелі әлімжеттік жасап тұрған әрлі-берлі уақытта қоғамда әлеуметтік оптимизмді орнықтыру – аса маңызды міндет. Сенім – ұлы күш. «Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейінгі қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді» деп ақ жарылып, ақтарылып, адалын айтып отырған азаматқа, еліне сеніп отырған Президентке сенейік.
Қазанның «Рубині» еурокубоктің финалында «Барселонаның» белін бүктіріп, айды аспанға шығарған күні сол кездегі Татарстан басшысы Минтемир Шаймиев бүкіл елге арнаған сөзін «Без булдырабыз!» деп бітірген. Сол слоган кейін татар ұлтының ұдайы ұстанар ұрансөзіне айналып кетті, аруақтанып, арқаланып алған ел экономикада талай табысқа жетті. Сенімнен айырылмасақ, еңбекті ерекше қастерлейтін елге айналсақ, Қазақстанның асқар асулары әлі алда.
Президенттің үндеудей үлкен сөзі осыған сендіреді.
Ойдағымызды болдырамыз!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты