Ең қысқа әңгіме • 19 Маусым, 2023

Тірлігіме кү­ле қарағандар көп болған - Самұрат Имандосов

609 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы Қазалы ауданының бұрынығы әкімі Самұрат Жұманұлы әкімдік қызметінен кейін 90 дана бөл­ке пісіретін шағын цех ашқан. Сол кезде әкімнің бұл ісіне күле қарағандар көп болған. Десе де ел үшін еңбек еткеннің еңсесі биік, жүзі жарқын болатынын ұмытпаған еңбек ері өз кәсібін нәсіпке айналдырып отыр.

Тірлігіме кү­ле қарағандар көп болған - Самұрат Имандосов

Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Мұрат Жетпісбаев «Еңбекпен шыққан төр биік» мақаласында жазды. 

Майдангер әкесі қызмет бабымен Майлыбас ауылына кө­шіп келгенде Самұрат небәрі 7 жаста, ағасы Шәкімұрат 9 жаста болған. Сол кезде ағайындары баспанасының ұядай бір бөлме­сін босатып беріп еді. Сонда бір қыс тұрып, келер жылы өздері үй салудың қамына кірісті. Сол үйдің кесегін 7 жастағы Самұрат пен тоғыздағы ағасы Шәкімұрат құйып шық­ты. Ағайынды екі ұл стансадағы сегізжылдық мек­теп­­тің оқу үздіктері болды. Мек­тепті бітіргесін Қы­зылорда гид­роме­лиоративтік техникумына тех­ник-механик мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Қазалы сулан­дыру жүйесі басқармасында ин­женер-экономист қызметінен бас­талған еңбек жолы осы са­ладағы жауапты қызметтерге жалғасты.

Алматыға барған күн­дердің бірінде сол қалада жүрген Қызылорда об­лысының әкімі Сейілбек Шаухаманов Самұрат Жұманұлын ша­қырып, Қа­залы ауданын бас­қаруға қолқа сал­ған еді. Осылайша аудан басқаруға кіріскен Самұрат Жұманұлы ауылшаруашылық саласында біраз бастама көтерген. Облыс әкімі ауысқанда аудан әкімдері заңға сәйкес орындарын босатқан. Сол тұста жеке іс бастауға бел буған Самұрат Имандосов нан пісіретін цех ашуды ұйғарды.

Мақала авторының жазуынша, күніне 90 дана бөл­ке пісіретін шағын цех ашқан бұ­рынғы әкімнің бүгінгі тірлігіне кү­ле қарағандар көп болыпты. Бі­рақ бастаған ісі бір үдеден кө­­рін­генше тыным таппайтын Са­мұ­рат Жұманұлы аянбады. Нан пісірудің барлық талаптарын бұл­жытпай сақтады. Ас атасы­нан басталған кәсіп бірден үйі­ріле қалды, көп ұзамай әуелгіде мысқылдай қарағанның біразы Имандосов пісірген нанды іздейтін болды.

Мұрат Жетпісбаевтың пайымдауынша, кәсіпте де сәт сайын алдың­ды болжап, өткеніңді талдап отыр­масаң көп нәрседен құр қаласың. Тіпті ертеңіне көзің жетіп отырса, тыңнан жол салудан да қашпаған дұрыс. Самұрат Жұманұлының еңбек жолы - бұның айқын дәлелі.