Қазақтың көркем әдебиетін оқыған адам үлкен адамгершілік мектептен өтеді. Сананы тұрмыс билеп, адами құндылықтар екінші орынға ысырылып қалған осынау уақытта көркем шығарма жүрекке сәуле түсіріп, ар-ұжданынды оятып жіберетін қасиетке ие.
Жақсылыққа қарай шақырып тұратын ізгі досың секілді жақсы шығарма ғана оқырманның жүрегіне ізгі мінездердің дәнін сеуіп, адам жанын тәрбиелей алады. Мәселен, бір ғана Ғ.Мүсіреповтың «Ананың анасы» әңгімесін мысалға алайық. Шабармандар байдың жылқысын шауып, ну жылқыны иіріп әкетіп, қиқулап келе жатады. Жылқышының қызы тезек арқалап, қосқа қарай жүгіріп бара жатқаны сол екен, оны да іліп алады. Сонда қыздың анасы жаудың ізінен шаба жөнеліп, бір төбеге шығып, жаулығын бұлғап: «Менің атым әйел,мына қыздың анасымын! Анамен алыспайды да, атыспайды да», дейді.
Осы бір ғана үзінді оқырманға ананың ардақтылығын, дәрежесінің қаншалықты биік екенін түсіндіріп, үлкен өнеге қалдырады. Бүгінде мұндай шығармалардан гөрі жастардың дені «Қош бол, қиындық!», «Мен және ақша», «Баю ғылымы», «Өмірге шексіз ғашық», «Бай әке, кедей әке», «Ең бақытты әйел», «Күнкөрістен кет, байлыққа жет» деген мағынада кітаптар оқиды. Міне, осыдан кейін әдеби кітаптар өзектілігі азайып, мотивациялық, психологиялық, қаржылық кітаптардан кейінгі орында тұрғанын көресің.
Жастардың бұл жанрдағы кітаптарға әуес болуының кей себебі депрессиядан өзің шығару, инстаграмдағы блогерлердей өмір сүру, «сториске салатындай» тамақ ішу, киінуді қалайтын материалдық ойдан туып отыр емес пе?! Иә, байлыққа жетудің еш айыбы жоқ, керсінше жастардың қаржылай тәуелсіз болуы - қуантарлық жайт. Алайда көнеден келе жатқан «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», «Ұлтымның бір қажетіне жарасам», «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың» деген тәмсіл естен шықпаса екен. Әдебиет мектебінен өткен жастар қалтасы қалың, кеудесі қуыс біреу емес, елі сүйіп «азамат» деп ардақтайтын абзал адамдардан болып шығатыны кәдік. Ендеше, табандылық пен жігерлікке, қайсарлық пен ізгілікке тәрбиелейтін көркем әдебиетіміз тасада қалмаса екен.
Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті