Әдебиет • 19 Маусым, 2023

Шырын сөздің шебері - Жаңаберген жырау

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халқымыз небір қиын-қыстау, дүрбелең заманды басынан кешірді. Алайда қайғыға батып, ертеңгі күннен үміт үзіп көрген емес. Қай уақытта болмасын өлең-жырға деген ықыласы ортаймай, ақының қадірлеп, жыршысын төбесіне көтеріп жүреді. Ежелден бар осынау мінезіміз бізді ұлттық мұраға бай қылып, рухани биікке көтерді десек артық айтпағанымыз. Оқырман назарына Сыр елінде туған  көпке беймәлім Жаңаберген жырау жайлы тың деректер ұсынамыз.

Шырын сөздің шебері - Жаңаберген жырау

«Тыңдасаң мейірің қанатын

Жастарың ғибрат алатын,

Құдіреті сөздің менде бар»,

деп жырлаған Жаңаберген шайыр  Сырдың құяр сағасына жақын жатқан «Аманөткел» жерінде өмір сүрген. Ел құрметіне бөленген үлкен өнерпаз. Ол жыраулық өнерді әкесі Бітімбай шайырдан үйренген. Жаңабергеннің ескіше сауаты болып, әкесінің жырларын қағаз бетіне түсіріп отырған. 1940 жылы КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының экспедициясы мүшесі Асайып Хангелдинге әкесі Бітімбай жазып, өзі жырлаған «Қарабек батыр», «Кенесары-Наурызбай» жырларын тапсырған. Осы «Қарабек батыр» жыры 1987 жылы басылып шыққан «Батырлар жырының» 3-томына енгізілген. Жаңаберген осы «Қарабек батыр», «Кенесары-Наурызбай» және «Нұртуған» жырларын жырлаған. Жырау даусының кеңдігі «Мырзас» елінен  «Ақшатауға» жететін, даусы 25 шақырымнан естілетін болған. Сонда ауыл адамдары  «Ақшатаудың» жанындағы «Сорғақта» отырып айтқан жырын таң алдында «Мырзаста» отырып  естейтінбіз деп жыраудың әншілік өнеріне сүйсінетін еді.

Жырау кешқұрым отырып,  ән бастағанда айтқан сайын алқымы ісіп, даусы ашыла түсіп, таң алдында көйлектің жоғарғы ілгектері өз орнына жетпей, түймеленбей қалып отырған.

Ысымов Қуанышбай қарияның естелігінде: «1930-32 жылдардағы үлкен ашаршылықтан кейін ел әлі де есін жия қоймаған кезі. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп, балық-шабақ  мол болғанмен астық жоқ болатын. 1935 жылы бала-шағаға астық іздеп көршілес Қазалы ауданының 3-колхозын аралап ештеңе таппай, 4-колхозға келгенімде Жаңаберген кездесе кетті. Қысқа амандықтан кейін өзімнің жүрген жөнімді айтқанымды: «Бала астық қайда кетер дейсің,бүгін менімен бірге бол», деген ағаның уәжінен аса алмай, үнсіз келістім. Түнімен айтқан жырының арасында: «Мына отырған менің інім, осының шаруасын бітіріңдер», деп тапсырып та қойды. Ертеңгісін жыраудың сөзін сыйлап, ауыл адамдары тауып берген 4 қап астықты алып, елге жеттім», деп қария ризашылықпен еске алыпты.

Жырау 1946 жылы «Жаңаталап» колхозында басқарма төрағасы болып тұрғанда қайтыс болады. Бүгінде сақталған мұрасы - магнитофон таспасына жазылған екі әні ғана.


Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті