Әскер • 19 Маусым, 2023

Әуе қорғанысының әлеуеті

936 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мықты әскер – мемлекет тірегі. Ел тыныштығын қалтқысыз қадағалау – айбынды әскерге жүктелген жауапты міндет. Осы бір жауапты миссияның шетінде жүрген әр құрылымның өзіне тән ерекшелігі бар. Газетіміздің бүгінгі санында биыл құрылғанына 31 жыл толып отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне қарасты Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Нұртас Қабақовпен өрбіген әңгімемізді ұсынып отырмыз.

Әуе қорғанысының әлеуеті

 

ит– Нұртас Дәулетұлы, еліміздегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс күш­терінің бүгінгі әлеуеті қандай?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың:«Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз сан ғасыр бойы жеріміздің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көз­дің қарашығындай сақтау – басты мін­детіміз. Біз ұрпақтарымызға біртұтас және мықты мемлекет қалдыруымыз керек», деген тағылымды сөзі біздің құрылымға әрдайым қуат береді.

Халқымызда «Жау жоқ деме, жар астында» дейтін мақал бар. Ел ты­ныш­­тығын күзету мен қорғау – әрдайым Қарулы Күштер үшін, оның ішінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері үшін басты міндет. Сол себепті кез кел­­ген жағдайға дайын болу, күрделі жағ­­дайда оңтайлы шешім қабылдап, жыл­дам әрі дұрыс әрекет ету – заман та­лабы. Биыл Әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс әскерлері өзінің 31 жылдық мерейтойын атап өтеді. Тарихы тереңде жатқан құрылым еліміздің әуе кеңістігін сенімді бақылауды қамтамасыз ету үшін құрылғанын білесіздер. Біздің бөлімдер мен бөлімшелердің негізгі міндеттері – елдің әкімшілік-саяси, өнеркәсіптік-экономикалық орталықтарын әуеден келетін шабуылдан қорғау һәм әуе кеңіс­тігін пайдалану тәртібінің сақталуын бақылау сынды жауапты миссиялармен ұштасып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскерді техноло­гия­лық тұрғыда жаң­ғырту жұмысын жалғастыру қажеттігін, қазіргі заманғы қару-жарақ пен техни­каның, әсіресе жоғары дәлдігі мықты қарулардың, ұшқышсыз басқарыла­тын техника мен роботты кешендердің үлесін арттыру керектігін ұдайы назарға алып келеді. Әскерлердің ұтқырлығын жетілдіру үшін әскери-көліктік авиа­­ция мен жа­уынгерлік машиналафр паркін ұлғайту қажеттігі де күн тәртібіндегі мә­­селе. Әуе шабуылына қарсы қорға­ныс әскерлерінің қатары кезең-кезеңмен ­за­манауи техникалармен толығуда.

Бейбіт уақытта Әуе шабуылына қар­сы қорғаныс әскерлері әуе кеңістігін пай­далану тәртібінің сақталуын үздіксіз бақы­лауды жүзеге асыра отырып, тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарады. Бүгінгі күні Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қарсыластың заманауи әуеден шабуылдау құралдарын бар­лық ұшу биіктіктері мен жылдамдықтары диапазонында уақтылы анықтап, олар­ға соққы бере алатын зениттік-зымы­ран­дық кешендермен және барлау құрал­дарымен қаруланған. Қазіргі уақытта Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әс­кер­­лері, Әуе шабуылына қарсы қор­ға­ныс әскерлерінің командалық пункті, зениттік зымырандық (ЗЗӘ) және радио­техникалық бөлімшелер (РТӘ) кіретін Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадаларынан тұрады. Отанды қорғау, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті парыз. Аға буынның жауынгерлік дәс­түрлерін жалғастыра отырып, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жеке құрамы Отанымыздың әуе шекараларын сенімді қорғауда.

вап

– Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мамандарының кәсіби білік­тілігін жетілдіру ісі қай деңгейде?

– Кез келген сала кәсіби білігі жо­ғары мамандарсыз алға баспайтыны бел­гілі. Осы орайда Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің мамандары командирлік және жауынгерлік даярлық бағдарламалары бойынша ұдайы дайындықтан өтіп, аталған бағ­дарламалар уақтылы өңделіп, жетіл­діріліп және қазіргі жағдайларға бейім­деліп отырады. Оқу-жаттығуға арналған көрнекі әдістемелік құралдар молынан пайдаланылады. Жауынгерлік даярлық бойынша сабақ оқытудың, бақылау­дың және іс-шаралардың нәтижеле­рін есепке алудың жаңа әдістері енгізілу­де. Әскери қызметшілерді оқыту олар үшін қолжетімді және түсінікті тілде жүргізіледі.

Жауынгерлік даярлықтың күрделі мәселелерін зерделеу үшін операция­лар мен үдерістерді егжей-тег­жей­лі сипаттайтын бейнефильм­дер әзір­ле­ніп, оқу бағдарламасына енгі­зілуде. Ма­­мандарды оқыту барысын­да заманауи технологиялардың мүмкін­дік­терін кеңінен пайдаланамыз. Осы тұс­та оқулықтардың электронды базасы құ­рылғанын атап өткеніміз жөн. Жауын­герлік және кәсіптік даярлықтың жай-күйіне түрлі тексерулер жүргізу кезінде олардың нәтижелері мұқият талданады, проблемалық мәселелерді шешу және анықталған кемшіліктерді жою үшін ұсыныстар әзірленеді.

– Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу бағытында қандай қадамдар жасалды?

– Әуе шабуылына қарсы қорға­ныс әскерлерінің бірқатар офицері Ре­сей, Беларусь, Қытай мемлекеттерін­дегі Жоғары әскери оқу орындарына оқуға және тәжірибе алмасуға жібері­леді. Мәселен «Бук», «Тор», «С-125Ь Печора» зениттік зымыран кешендері, GM-403 «Нұр» радиолокациялық стансалары сияқты қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа немесе жаңғыртылған үлгілерін сатып алу кезінде үздік офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер осы үлгіге қайта оқытып даярлауға Ресей, Беларусь, Франция мемлекеттеріне жіберілді. Қайта даяр­лаудан кейін бұл әскери қызметші­лер алған білімі мен тәжірибесін өз әріп­тестеріне үйретеді.

Конференциялар, бірлескен оқу-жаттығулар, конкурстар, Халықаралық армия ойындарын өткізу кезінде біздің есептоптар шетелдік әріптестерімен үнемі тәжірибе алмасады. Сондай-ақ әскери мамандар, біз қаруланған құ­ралдарды дайындаушы зауыттардың мамандары рекламациялау жұмыстарын орындау кезінде өз өнімдерін пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу мәселелері бойынша терең білім беруге тырысады.

– Елдің сыртқы қауіпсіздігі, жалпы қорғаныс саласында әуе шабуылының рөліне тоқталып өтсек...

– Өкінішке қарай, адамзат осы уақытқа дейін соғыс пен қақтығыстар­дан арыла алмай отыр. Халықтар мен әлеуметтік топтар арасындағы жанжалдар және жаңадан туындаған қарама-қайшылықтар қару қолдану арқылы күшпен шешілуде. Оны қолданудың жаңа формалары мен әдістері пайда болуда. Бұл әуе-ғарыш және әуеден шабуылдау құралдарына да қатысты. Бұл тұста әскери және саяси мақсаттарға жету құралдарын қазіргі уақытта асыра бағалау қиын.

Құрлық әскері мың жерден жақсы жабдықталғанымен әуеден келетін қауіп­тен қорғаныс ісі қауқарсыз болса, мем­лекеттің қауіпсіздігіне кепілдік беріл­мейді. Әуе соққыларына қарсы тұру, соғыстың алғашқы кезеңінде өзі­нің мемлекеттік және жауынгерлік әле­уетін сақтау қабілеті елдің қарсыласу қабі­леті үшін өте маңызды. Осылайша, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс – бұл ел қорғанысының ажырамас бөлігі және тиісінше, Қарулы Күштердің ғана емес, жалпымемлекеттік міндет. Бұл мем­лекеттің ұлттық қауіпсіздігін қам­тамасыз ететін маңызды элемент екені шүбәсіз.

– Мамандарды қолдау қай дең­гей­де? Саланың дамуына кері әсер ете­тін қандай да бір кедергілер бар ма?

– Қазіргі уақытта бүкіл әлемде соң­ғы үлгідегі ұшқышсыз ұшу аппараттары­ның пайда болуы мен жылдам дамуын көріп отырмыз. Ұшқышсыз құралдар на­рығы әртүрлі және еркін қолжетімді. Қа­зіргі заманғы ұшқышсыз аппараттар, оның ішінде әскери мақсаттағы құ­рыл­ғылар композиттік материалдар­дан (пластмасса, көмірсу талшығы, эпоксидті шайырлар) тұрады. Әлемде бар қару-жарақ үлгілері, оның ішінде Қазақстан Республикасының Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін­дегі қару-жарақ аз қашықтықта шағын аппараттарды анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Осы тұста шағын кө­лемді ұшқышсыз ұшу аппараттарын (әртүрлі сыныпты квадрокопетрлер, дрондар, дельтапландар, зондтар, әуе шарлары және т.б.) пайдалануды шектеу және регламенттеу тұрғысынан әуе кеңістігін пайдалану саласындағы заң­намалық нормаларды қайта қарау қажет деп санаймын.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс технологияларын ең алдымен ұтқырлық бойынша жаңа деңгейге шығаруымыз керек. Бұл қазіргі заманғы әуе шабуы­лына қарсы қорғаныс кешендерімен қа­руланған мобильді Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадаларының құрылуы мен дамуын айқындайды. Сонымен бірге аталған шаралар әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері мен құралдарының қуатты және мобильді резервін құруға мүмкіндік бермек.

– Әлемдегі геосаяси шиеленістерде әуе шабуылынан қорғау қандай ма­ң­ызға ие болып отыр. Сырт көз ретін­де пікіріңіз?

– Қорғаныс министрі, генерал-пол­­ковник Руслан Жақсылықов 2023 жыл­­ғы 5 мамырдағы Бүкілармиялық к­еңес­те: «Бүгінде өкінішке қарай, әлем қа­уіп­сіз бола алмай тұр. Халықаралық сая­­сатта да күш маңызды рөл атқаруды жал­ғастыруда. Мұндай жағдайда біз әр­қашан өз жерімізді қорғауға, Қару­лы Күштердің әлеуетін үнемі жетіл­діруге дайын болуымыз керек. Біз XXI ға­сыр­дағы әскери қақтығыстардың тәжі­рибесін ескере отырып, әскерлерді даяр­лауды жетілдіруді, техникалық жарақтандыруды асыруды, аумақтық қор­­ғанысты және жан-жақты қамтама­сыз ету жүйесін дамытуды жалғастыруы­мыз керек», деп айтқан болатын. Осы орайда елдің тұрақтылығы мен мемлекет қа­уіпсіздігі үшін Әуе шабуылына қар­сы қорғаныс әскерлерінің алар орны ерекше.

Жоғарыда айтылғандардан, күшті және жақсы жабдықталған әуе шабуы­лына қарсы қорғаныс жүйесінің бар болуы стратегиялық тежеу факторы ретінде қызмет етеді. Әлемдік қорғаныс саласында әуе шабуылы айтарлықтай маңызға ие. Еліміздің қарулы күштері бұл салада елеулі жобаларды жүзеге асырмақ.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ