Қоғам • 20 Маусым, 2023

Қазақстандықтар енді жеңілдетілген автонесие ала алмайды

5928 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысты жаңа ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстандықтар енді жеңілдетілген автонесие ала алмайды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспановтың мәліметіне сүйенсек, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта форматталады. Енді бұл автобус сатып алу үшін өңірлерге несие беру бағдарламасы болмақ.

«Жеңілдетілген автонесиеге бөлінген 100 миллиард теңгенің барлығы игерілді. Жыл басынан бері алдымызда осы қаржыны одан әрі дамыту, игеру міндеті тұр. Соңғы уақытта өңірлерді автобустармен қамту мәселесі жиі көтеріліп жатыр. Бүгінде қалалардағы автобустардың 46 пайызы ескірген. Жергілікті атқарушы органдармен кездесулер өткізіп, барлық қажеттіліктерді ескердік. Бүгін 2 000 автобусқа тапсырыс берілді. Олардың тең жартысы Алматы қаласының әкімдігінен келген, бұл үлкен мегаполисте тапшылық жоғары екенін білдіреді», ​​деді вице-министр.

Ілияс Оспанов Қазақстанда жеңілдетілген автонесие берудің екі бағдарламасы бар екенін еске салды. Енді олардың тек біреуі қайта форматталады.

«Бізде автокөлікті несиелендірудің екі бағдарламасы бар. Бірінші бағдарлама - Қазақстанның Даму банкі арқылы, екіншісі - Кәсіпкерлікті дамыту қоры, ӨКМ қаржысы есебінен жүргізіледі. Дәл қазір ол қайта форматталады, қаражат аймақтарға бағытталды. Ал Қазақстанның Даму банкі аясындағы бағдарлама өзгеріссіз қалды», деді вице-министр.