Руслан Емелбаев ұсынған ресми деректерге сәйкес, жыл сайын ҰБТ-дағы ереже бұзушылардың саны азайып келе жатыр. Мәселен, 2019 жылы тестілеуге кіргізу барысында 128 мың, 2020 жылы – 2522, 2021 жылы – 756, 2022 жылы – 327 тыйым салынған зат анықталды. Мұндағы көрсеткіш 400 есеге азайғанын байқауға болады. ҰТО директорының айтуынша, бұл талапкерлердің өз білімдеріне сеніп, академиялық адалдық ережелерімен жақсы таныс екенін көрсетеді.
«Десе де, сақтықта қорлық жоқ деп шпаргалкаларға жүгінетін талапкерлер әлі де бар. ҰБТ-ның 5 аптасы бойынша «ең креативті шпаргаларды» осы жазбада ұсынып отырмын. Талапкерлердің өкінішіне қарай, біздің қырағы бақылаушыларды алдау мүмкін болмады. Балалардың ерекше шығармашылық жұмыстары бірден анықталды», деп жазды Руслан Емелбаев өзінің Instagram парақшасында.
Оның айтуынша, өткен жылы постмониторинг нәтижесінде 200-ден астам талапкердің нәтижесі жойылды, оның ішінде 137-і грант иегері болған. Биыл да бұл жұмыс өз жалғасын табады.
«Негізгі 2023 жылғы ҰБТ-ның мәре сызығына 2 апта қалды. Тағы бір мәрте талапкерлерді академиялық адалдық принциптерін сақтауға шақырамын. Жетістікке жетудің басты шарты білімді болу екенін ұмытпаңыздар. Сәттілік!», деп түйіндеді Руслан Емелбаев.