Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Шіркін, менің қандай далам,
Жанарымды алмай қалам.
Сұлулықпен сырлассам да,
Сусыныңа қанбай қалам.
Ерлік куә ән мұрасың,
Жүрегімде жаңғырасың.
Ұлытауым, ұлылықты
Ұрпағыңа қалдырасың.
Асыл мұрат, қуаныштан,
Арманымды алып ұшқан,
Жаным менің жаралғандай,
Саған деген сағыныштан.
Өткенімнің мұң әнімін,
Өз елімнің ұланымын.
Егер саған тартпай тусам,
Мен алдыңда кінәлімін»
– деп келетін терең мағыналы мәтінге әдемі әуен қабыса келе, бұл ән көпшіліктің көңіл төрінен орын алғалы да қырық жылға жуықтап қалды. Бір қызығы, ән алғашында «Ұлытау» деп аталмаған, Ұлытауға да арналмаған.
Қазақтың маңдайына біткен ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиев Жезқазғанға келген бір сапарында жергілікті азаматтар ол кісіден ұлт ұясы – Ұлытауға арнап ән шығаруын өтінеді. Нұр-аға азаматтардың мұндай өтінішін жылы қабылдайды. «Сәтін салса, келесі келгенде бір ән ала келермін» деген уәдесін береді.
Араға үш-төрт жыл салып Нұрғиса ағаның Жезқазғанға тағы да жолы түседі. Дастарқан басындағы әңгіме-дүкеннің бір мезетінде азаматтардың бірі ол кісіден Ұлытауға арналған ән туралы сұрайды.
– Жігіттер, мен уәдемде тұра алмадым. Шынымды айтсам, қолымнан келмеді. Ұлытауға арналған ән меніңше, айтуға жеңіл, жүрекке жақын болуы керек. Ұлтымыздың сан ғасыр бойы ұясына айналып келе жатқан киелі жердің бүкіл қадір-қасиеті, ұлылығы әннен анық көрініп тұрса, кәні! Менің соған құдыретім жетпеді. Дұрысын айтқанда, Ұлытау менің құлашыма сыймады. Бәлкім, жастар өсіп келе жатыр ғой, солардың бірі менің ойымдағыдай әнді өмірге әкелетін болар. Соған үміттенемін – дейді Нұр-аға. Сөйтіп, ол Ұлытауға арнап ән шығара алмағаны үшін жезқазғандықтардан кешірім сұрағандай болады.
Жезқазған өңірінің мәдениеті мен өнеріне бір кісідей еңбегі сіңген, кезінде қазіргі Ұлытау облыстық Т.Қалмағанбетов атындағы филармонияға көптеген жылдар бойы басшылық жасаған марқұм Бақберген Дәркембаев есімді ағамыз болды. Сол кісі осы «Ұлытау» әнінің дүниеге қалай келгенін жақсы білетін еді.
– Нұр-аға өзінің жезқазғандық жігіттерге берген уәдесін орындай алмағанына кәдімгідей қысылып жүрді. Кейін халыққа кең танылған Жақсыкелді Сейілов те филармонияда әнші болатын, аздап ән жазатыны бар еді. Жақаң маған «Туған жер» деген ән жазып едім, Нұр-аға тыңдап, бағасын бермес пе екен?» деген қолқасын айтты. Бұл өтінішті естігенде Нұрғиса ағамыз «Құдай-ау, неге қысылып жүр? Келсін, әнін тыңдап көрейік» деді. Содан бір үйде қонақта отырғанда Жақсыкелді келіп, әнін орындап берді. Әнді тыңдаған Нұрғиса ағамыз: – Ей, жігіттер, сендер Ұлытау туралы ән іздеп жүрсіңдер. Мына әннен артық Ұлытауға қандай ән керек? Менің ойымдағы ән нақ осындай болуы керек еді. Мен соны тыңдап отырмын, – деп қуанып кетті. Ол кісі «ән мәтініне аздаған өзгеріс енгізу керек» деген кеңес берді. Содан соң ән мәтінін Сайлаухан ақын он алты рет қайта жазып шықты, – дейтін еді Бәкең. Сөйтіп, «Туған жер» атауымен өмірге келген ән «Ұлытау» атауын иеленеді.
Былтыр Ұлытау облысы шаңырақ көтерді. Қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиев батасын берген, өлкенің танымал қос перзенті Жақсыкелді Сейілов пен Сайлаухан Нәкеновтің шығармашылық бірлестігінен өмірге жолдама алған ән бүгінде жаңа облыстың бейресми гимні іспетті болып кетті.
Ұлытау облысы