Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметіне сүйенсек, Каспий теңізінен, Жайық және Қиғаш өзендерінен 14 323 тонна балық ауланған. Оның 13,2 мың тоннасы өңделіп, 12,7 мың тонна өнім Әзербайжан, Израиль, Ресей Федерациясына, өзге де шет мемлекеттерге экспортталған.
– Жыл сайын Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтар қорын сақтау және өсімін молайту мақсатында өсірілген 8 млн шабақ жіберіледі. Жайық және Қиғаш өзеніне 2017-2021 жылдары аралығында 169 шақырым түп тереңдету жұмыстары жүргізілді. Енді 2022-2026 жылдары аталған су айдындарының 295 шақырым түбі қазылады. Браконьерлікке қарсы күресті күшейту үшін Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясына 2019-2021 жылдары жылдам жүретін 10 «Corvet 600» катері, 10 «Mercury 200» маркалы аспалы моторы, 1 бран-вахта, 9 автокөлік сатып алынды, – дейді С.Шәпкенов.
Әкімнің дерегіне қарағанда, тауарлы балық өсіру ісі қарқын алғалы отыр. Осы орайда 2025 жылға дейін 16,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде балық өсіруді қолға алатын 8 кәсіпорын ашылады. Балық өңдейтін бір цех іске қосылады. Бұл жобалардың нәтижесінде тауарлы балық өсіру көлемі 7 мың тоннаға, терең өңдеу көрсеткіші 4 есеге артады. Бұл жобалардың арқасында 511 адам тұрақты жұмысқа орналасады.
Ресей Федерациясымен шекарадағы Құрманғазы ауданының Бірлік, Кудряшов, Теңіз және өзге ауылдарында балық өңдейтін 9 цех жұмыс істеп тұр. Ал «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі Бірлік ауылында тағы бір цехтың құрылысын жүргізіп жатыр. Жаңа цехтың қабырғасы сэндвич-панельден, керамзит тастан, төбе шатыры металлопрофильден, металокаркас материалдарынан құрастырылады. Қазір құрылыс жұмыстарына 30 адам тартылған.
– Балық өндеу цехының жобасына 500 млн теңге инвестиция салынып отыр. Оның қуаты – жылына 1 500 тонна балық өңдеу. Тәулігіне 30 тонна балық өңделетін жаңа цех 4 мұздатқыш, салқындатқыш құрылғысымен қамтылады. Өңдеу технологиясының жұмысы сұрыптау, аралау, жуу, тазарту, салқындату, мұздату, тұздау секілді көпсатылы үдеріске негізделген. Цехта 104 адам тұрақты, 50 адам уақытша жұмыс істейді. Бұл кооператив биылғы наурызда Ресей Федерациясына 39 тонна балық өнімін экспорттаған. Балық өнімдері Украина мен Грузияға да жіберіледі, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах.
Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін аткарушы Азамат Әлібаевтың айтуынша, «Амангелді атындағы» серіктестігінде 1 500 адам жұмыспен қамтылып отыр. Оның ішінде 1 100 адам Каспий теңізінен, Жайық пен Қиғаш өзенінен балық аулайды. Өзгелері арнайы зауыт пен екі цехтағы балық өңдеу ісіне тартылған. Серіктестікте 20 шағын кеме мен 6 теплоход бар.
– Былтыр серіктестікте 2 512 тонна балық өнімі шығарылып, 730 тоннасын Әзербайжан, Украина, Германия, Польша, Румыния, Франция, Латвия, Грузия, Израиль және Ресейге экспортталды. Ал 1 782 тонна балық өнімі ел тұтынушыларына сатылды. Серіктестік балықшылары биылғы бес айда 330 тоннаға жуық балық өнімін дайындап үлгерді. Дайын өнімнің 241 тоннасы экспортқа, ал 89 тоннасы ішкі нарыққа жіберілді. Өткен жылғы шілдеден бері 4 501 тонна балық ауланды. Одан 2,5 мың тонна салқындатылған балық, 300 тонна балық еті, 350 тонна ысталған, 200 тонна қақталған балық өнімдері шығарылды. Балық өнімдері Атырау қаласындағы 28 сауда нүктесінде сатылады, – дейді А.Әлібаев.
Атырау облысы