Театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Айгерім Бекетаева, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары, солистер Шұғыла Әдепхан, София Әділханова, Диас Құрманғазы және кордебалет әртістері Дубай төрінде алты күн бойы қысқы ғажайыптардың ғаламат атмосферасын сыйлады.
Театр тарихына үңілсек, «Щелкунчик» балеті әлемнің көптеген театрында түрлі қолтаңбада қойылған. Ал оның төл нұсқада сарапталған жаңашыл қойылымындағы елордалық труппаның жоғары орындаушылық деңгейі «Дубай Опера» ұжымының да айрықша назарын аударды.
«Астана Опера» әлемде ғана емес, осында, Дубайда да танымал әрі өрелі өнерімен біздің еліміз үшін де сыйлы. Өткен маусым зор жетістікпен есте қалды, труппаның сондағы жарқын өнер көрсетуінен кейін айтулы ұжымды қайта шақыруды ұйғардық. Бұл жолы да билеттер толығымен сатылып, биылғы табысымыз біз ойлағаннан да асып түсті. Бұл «Астана Операны» алғаш көруді қалаған немесе оны бұрыннан жақсы көретін Дубай жұртшылығының осы ұжыммен кездесуді тағатсыздана күткенін дәлелдейді. Труппаның құрамында театрға айрықша энергия үстейтін жас дарындарды көру көңілге ерекше қуаныш ұялатады. «Астана Опера» – орындаушылық өнер әлеміне қатысы бар барлық жанға шабыт беретін жоғары көркемдік шеберліктің жарқын үлгісі», деп атап өтті «Дубай Опера» театрының директоры Паоло Петрочелли.
Дубайдағы алты өнер көрсетудің әрқайсысы көрермендердің ду қол шапалағы мен таңданысына ұласты. Балет труппасы жоғары шеберлік деңгейін паш етіп, отандық әртістердің өнері қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер қалдырды. Залда отырған қалың көрермен де қойылымнан кейін өз әсерін қуана бөлісіп жатты. Соның бірі – АҚШ азаматы Зейдан Салей.
«Әртістердің барлығы шынымен де тамаша жұмыс атқарды. Бұл таңғаларлық атмосфералық музыкамен сүйемелденген үздік әрі жігерлі балет болды. «Дубай Операға» алғаш рет келіп отырмын, осыған дейін АҚШ пен Еуропадағы опера театрларында болсам да, мұндай ғажайыпты еш жерден көрмеппін. Бұл – бұрын-соңды тамашалаған спектакльдерімнің ішіндегі ең үздігі. «Астана Опера» труппасының өнер көрсетуі санама үлкен сілкініс әкелді десем, артық айтпағаным. Барлығы 10 билет сатып алып, мұнда отбасыммен және достарыммен келдім, бүгінгі кеш соған тұрарлықтай болды. Әдемі қойылым тамашалап, керемет уақыт өткіздік. Әсіресе залдағы жаһандық атмосфераға таңғалдым: мұнда әлемнің әр қиырынан көрермендер – америкалықтар, орыстар, арабтар, үндістер, Оңтүстік Шығыс Азия, Қытай, Жапония тұрғындары жиналыпты. Осы ретте музыканттарды да атап өткім келеді, олар таңғаларлық дәлдікпен және сенімділікпен ойнады. Әртістердің өнер көрсетуі жарқын әрі әсерлі болды. Бұл кеш көпке дейін есімде қалары сөзсіз» деп қойылымнан алған әсерін іркімеді.
Дубайға Мексикадан келген көрермен Артуро Перес Ривера да оның сөзімен келісті. – Керемет өнер көрсетуге куә болдым. Осынау спектакльдің ауқымдылығына тәнтімін. Дубайға Мехикодан арнайы ұшып келіп, «Щелкунчикті» асыға күткен едім. Опера театрының сахнасынан сәні мен салтанаты келіскен костюм, декорациялар һәм көрсе көз тойғысыз әсем бояуларды көре алғаныма қатты қуаныштымын. Шынымен де жоғары деңгейдегі труппаның өнер көрсетуіне куә болдық, деді Артуро Перес Ривера.
Ал маэстро Джузеппе Акуавиваның сөзінше, бұл ғажайып гастрольдік кештерде «Дубай Опера» шағын жер шарын еске салып, онда барлық ел мен ұлт өкілдері жиналғандай әсер
етіпті.
– Мәдениет – адамдар мен елдер арасында көпір салуға керемет мүмкіндік. Мен өзімнің барлық мансабымды осы байланыстарды құруға және дамытуға арнадым, деген «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің дирижері Джузеппе Акуавива сөзін әрі қарай жалғады: – Біз мұнда осымен екінші рет өнер көрсетіп отырмыз. Әлбетте, бұл – керемет тәжірибе. Былтыр бес спектакль өткізіп, оның бәрінде аншлаг болған еді. Биылғы ұсынған алты қойылымымыз да лық толы зал жинады. Көрермендердің жүрегінен орын алған жұмысымызды мақтан етемін. «Астана Операның» керемет оркестріне дирижерлік етіп, осындай беделді сахнада өнер көрсеткен кезімде мен әрдайым зор қуаныш пен толқынысты сезінемін, деп атап өтті маэстро Джузеппе Акуавива.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған «Астана Опера» театрының шығармашылық өміріндегі маңызды гастроль отандық балет мектебінің жоғары кәсібилігін халықаралық аренада, әлемнің мәдени және экономикалық орталығы Дубайда осылайша зор абырой, теңдессіз даңқ биігінде паш етіп қайтты.