Құснихат – бұл көркем жазу өнері. «Құштармын құснихатқа жаным тұнып, Хаткерге ішім жылыр, ділім еріп, Дәриға-ай, содан артық ләззат бар ма, Хош хатпен жазсаң сөзден гауһар теріп», деп қазақтың атақты ақыны Әсет Найманбайұлы жырлағандай жазуды қылқаламмен құбылтып, өрнектей білу үлкен өнер.
«Тарихқа көз жүгіртек, құснихат үлгісінің тарихы тым терең. Ал қазақ даласына Әмір Темір билігінің тұсында Самарқанд пен Бұқара арқылы XV ғасырда Иран арқылы келген. Астана қаласында орналасқан Юнус Эмре түрік мәдени орталығы 2016 жылы елорда төрінде Мухаррем Гөкченнің «Астанада құснихат және каллиграфия күндері» атты көрмесін өткізген болатын. Бүгінгі өткізіліп отырған шара осының жалғасы істеттес» дейді аталмыш мәдени орталық өкілі Алмагүл Исина ханым.
Бұл жолғы көрме төріне қазақтан шыққан тұңғыш әйел каллиграф Мадина Құсайынның «Қылыш», «Қызғалдақ», «Түңгі ай», «Ғалам», «Махаббат», «Көңіл гүлі», «Ғалам» композициясы, «Кемшіліксіз», «Гүлді тапқан көбелек», «Тасбиық» т.б. 30 шақты туындысы халық назарына ұсынылды.
– Мен Арқалық қаласының тумасымын. Қазір Астанада тұрамын. Бала кезімнен сурет салуға құмарттым. Әжемнің ұштауымен 12 жасымнан бастап ислам әлемінің байырғы туындысы құснихат жазу өнеріне аңсарым ауды. Қазір бұл іске толықтай бет бұрдым. Осы аралықта ресейлік, ирандық каллиграфтардан сабақтар алдым. Құснихат үшін қажетті материалдар мен бояуларды Түркиядан алдыртып отырамын. Бүгінгі таңда 200-ге жуық туындым бар. Осы өнердің ары қарай дамуына өз үлесімді қосқым келеді, - деді жас каллиграф Мәдина Құсайын.
Реті келгенде айта кеткен жөн. Құснихат – сұлулық, көркемдік деген мағынаны беретін араб тіліндегі «хұсн» сөзінен шыққан. Яғни, ислам жазу мәдениетінің негізі. Бұл жазумен қазір елімізде мешіт ғимаратын көркемдеу кең өріс алған.