Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шарада өңір басшысы журналистерді мерекесімен құттықтап, алғысын жеткізді.
«Бүгінгі ақпараттық-коммуникациялық технология заманында журналист болу әрі жеңіл, әрі қиын. Олай дейтінім, қазір ақпарат легі өте көп. Солай бола тұра соның ішіндегі ең пайдалысын, қажеттісін халыққа сұрыптап, саралап, таразылап жеткізе білу, мәліметтердің рас-өтірігін анықтау, әр сөздің салмағы мен жауапкершілігін сезіну аса маңызды. Расында, елімізде ашық әрі әділетті қоғам қалыптастыруда, қоғамдық бақылауды күшейтуде, билік пен халық арасында алтын көпір болуда ақпарат құралдарының рөлі зор. Сондықтан ақпараттық саясаттағы өзгерістер, ең алдымен, БАҚ жұмысына тікелей қатысты, деп атап өткен аймақ басшысы Қазақ журналистикасына еселі еңбек сіңірген ардагерлер мен аға буын өкілдерінің есімдерін айрықша атап, облыстағы баспасөз арналары мен басылымдарын сөз етті.
Ұлттың асыл мұратын асқақтатып, жоғын түгендеп, құндылығын қастерлеу, асқақ арманына қол жеткізіп, рухымыздың жалауын желбірету мақсатында осыдан 105 жыл бұрын, яғни 1918 жылдың 21 маусымында газет болып хатталған, талай басылымды бауырынан қанаттандырған «Жетісу» газетінің мерейтойына орай облыс әкімі Б.Исабаев ұжымға су жаңа (JAC J7) маркалы автокөлік тарту етті.
Көңіл толқыған салтанатты жиын барысында Қазақстанның Құрметті журналисі Жақыпжан Нұрғожаев ата басылымның тарау-тарау тарихын айтып, облыс әкіміне журналистер қауымы атынан алғыс білдірді.
Жетісу облысы