Спорт • 25 Маусым, 2023

Спорт комментаторын еске алды

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйымдас­тыруымен қаламгерлер арасында елімізге белгілі журналист, дарынды спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске түсіруге арналған бильярдтан республикалық турнир өтті.

Спорт комментаторын еске алды

Іс-шараның ашылу салтанатына танымал журналист, «Ақ жол» партиясы ұлттық кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлы, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, белгілі журналистер Қайнар Олжай, Дана Нұржігіт, Жайна Сламбек пен Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейіт­хан қатысты.

Турнирде ақпарат, мәдениет, әдебиет саласының 40-тан аса өкілі он үш командаға (әр командада 3 ойыншы) бөлініп, жарыстың бас жүлдесін сарапқа салды. Ал тастаяқ бәсекесіне Амангелді Сейітханның ұстазы, даңқты спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы төрелік етті.

Турнир қорытындысы бо­йынша «Спорт» газетінің жур­налистері жүлделі үшінші орынға ие болды. Бұл команданың құ­рамында әріптесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің әлеумет және спорт бөлімінің тілшісі Бақытбек Қадыр да болғанын айта кеткен жөн. Екінші орын «Ұлттық арна» командасына бұйырса, бас жүлдені астаналық қаламгерлер командасы қанжығасына байлап, жарыс жеңімпазы атанды.

Жарыс соңында турнирге қаты­сушылар Амангелді Сейіт­хан туралы естеліктер айтып, оның талантты журналист қана емес, өзін нағыз азамат ретінде танытқанын атап өтті. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Пе­руашев қатысу­шыларды алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құт­тықтап, қонақтарға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.