Экономика • 26 Маусым, 2023

Еуразиялық экономикалық одақ бізге не берді?

1752 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жақында Мәскеуде өткен ІІ Еуразиялық экономикалық форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Одақ тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады. Біз үшін 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие», деп Еуразиялық экономикалық одақтың тек экономикалық сипат алатындығын баса айтты. «Ал бізге, яғни Қазақстанның қарапайым халқына, осы Еуразиялық экономикалық одақ дегеннің қажеті бар ма?» деген сұрақ үнемі мазалайды. Енді хал-қадерімізше осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Еуразиялық экономикалық одақ бізге не берді?

Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының отыз жылдан аса тарихына көз жіберсек, ел билігі барынша икемді, көп­век­торлы саясат ұстанғандығымен ерек­шеленеді. Бұл дипломатиялық бағыт­тың табысты­ бол­ған­ды­ғын ашық мойындауға тиіспіз. Мұн­да­ ядролық қарудан бас тарту шарты аясында әлемдегі алпауыт елдердің Қазақ­стан­ның тәуелсіздігі мен территориялық тұтас­тығына кепілдік берген 1994 жылғы ядро­лық державалардың Будапешт мемо­ран­думына қол қойылды. Одан соң, 2015 жылы арнайы хаттамамен рәсімделген ядролық клубтың бес держа­васынан қауіпсіздік кепілдігін алды. Осылайша, еліміз қауіпсіздіктің қосар­лан­ған кепілдемесіне ие болды. Бірақ Украи­наның бүгінгі тағдыры ондай қағаз жүзін­дегі кепілдіктердің нақты өмірде жұмыс істемейтіндігін көрсетті. Қазақ дипло­матиясының тағы бір үлкен табысы барлық көрші елдермен, әсіресе алып көршілерімен шекараны түпкілікті айқын­дау болды. Өткен отыз жылда Қазақ­стан билігі дипломатиялық саясатта икем­ділік танытқанымен, «ұлы көршілер рен­жіп қалмасын» деп шамадан тыс жал­тақтық танытқандығын да айтуға тиіспіз. Және сол көршілердің қас-қаба­ғын бағудың кесірінен Кеден одағы, Еура­зия­лық экономикалық одақ қатарлы болашағы бұлың­ғыр, саяси жақтан қауіпті одақтарға оп-оңай кіріп кеттік.

«Қытай реформасының бас жобалау­шы­сы» атанған Дэн Сияопиннің «Қар­сы­ла­су – достықтан, одақтасу – елдіктен айы­ра­­ды» деген аталы сөзі бар. Аталған одақ­тарға кірудің қате болғандығын кесіп айтуға болғандығын ондаған жылға созыл­ған одақ аясындағы экономикалық және саяси өмірдің өзі дәлелдеп берді. Ұлы саясаткердің осы тұжырымы бұдан кейін де еліміз үшін өзекті болып қала­ береді. Енді қазақ дипломатиясының қате қадамы болған аталған одақтың бізге бер­ге­ні­ мен береріне тоқталайық.

2010 жылдың бірінші қаңтарынан бас­тап­ Ресей, Беларусь, Қазақстан бірыңғай Ке­ден одағын құрып, экономикалық ықпал­дастықты арттыра түсуге бағыт­тал­ған алғашқы қадамын жасады. Сол кез­дегі одақ шартына қол қоюшылардың өз халықтарына айтқан уәждері мен тәтті қиял­д­­ары бойынша біз, қазақстандықтар, өз өнімдерімізді 170 млн адам тұратын алып нарыққа еркін саудалай алатын­дай­ мүмкіндікке ие болыппыз. Бы­лай қарағанда, одақ шартына қол қою­шы­лар­дың­ уәждері тыңдар құлаққа қисынды сияқ­ты. Мысалы, Қазақстан белгілі бір тауарын сонау Балтық елдеріне жет­кіз­бек­ші болса, бірлескен кедендік одақ сын­ды әріптестік болмаса, тауардың әр мемлекеттің аумағынан өткізу үшін бір­неше өткелектен өтіп, баж салығын әлде­неше рет салуға тура келеді екен. Осы­дан келіп тауардың бағасы алғашқы өнді­руші елдерден үшінші елдерге жеткенге дейін әлденеше рет қымбаттап, бәсе­кеге мүлде қабілетсіз болып қалады. Теориялық тұрғыдан бұл еліміз үшін өңдеуші өнер­кә­сіп­тің экспорттық сала­ның­ өсуіне серпін болуы керек. Бірақ Қазақ­стан билігі сол нарыққа қандай дайын­ өнімдер сата аламын деген мәселеге бас қатырған жоқ. Кәсіби сарапшыларды да тың­дап жарытпады. Биліктегілер сарап­шы­ларды тыңдамаса бір сәрі, бірақ өмір шын­дығына тура қарауға тиіс еді. Қазақ­станның Кеден одағы елдері бо­йын­ша әріптестерімен сыртқы сауда айна­лымының артуы импорттың экспорттан асып түсуіне әкеліп соқтырды. Алайда оған кінәлі тек Кеден одағы емес, ресейлік экономика ауқымы мен отандық кәсіпорындардың төмен бәсекелестігі. Мәсе­лен, статистикалық агенттіктің ақпа­­­­рынша, егер Қазақстанның Кеден ода­ғы елдерінің әріптестерімен саудасы 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда 1,4%-ға артып, 24,2 млрд долларға жетсе, бұл ретте экспорт 5,9%-ға төмендеп, 5,9 млрд­ долларды құраған, ал импорт 4%-ға ар­тып, 18,3 млрд долларды құраған. Сон­да Қазақстанның Беларусь және Ресей­мен саудадағы кері сальдосы 12,4 млрд долларға жеткенін есептеу қиын емес. Демек біз осы Кеден одағындағы әріп­тестерімізге бір-ақ жылда 12,4 млрд дол­ларды өз қалтамыздан санап бердік деген сөз.

Ресейдің Қазақстанмен тауар айналымында бірінші орында болып кел­гені құпия емес, әрине. Алайда Кремль­дің интеграциялық қорында Қазақ­стан­ның сыртқы саудадағы Ресей Феде­ра­ция­сын­да­ғы үлесі сол жылдары барынша тө­мен­деп­ кеткендігін байқауға болады. 2010 жы­лы 19,2%-ға жетсе, 2011 жылы 18,9%-ға­ қысқарған, бір жылдан кейін 17,4%-ға қыс­қарған, 2013 жылдың қорытындысы бо­йынша 17,9%-ға аздап көтерілген. Тек 2013 жылы ресейлік импорт 2012 жылмен­ салыс­тырғанда 4,3%-ға өсіп, 17,7 млрд дол­ларды құраған, бұл ретте Ресейге қазақ­стандық экспорт 5,4%-ға түсіп, 5,8 млрд долларды құраған. Осылайша, Қазақ­стан­ мен Ресей саудасындағы кері сальдо 11,9 млрд долларға жетті.

2012 жылы да Ресейге кеткен қазақ­стан­дық экспорттың 12,3%-ға төмендегені бай­қалған, ал ол елден келген импорт 10,6%-ға артқан. Бұл ретте Қазақстан Ресейге негізінен «минералды өнімдерді» (41,1%), «металдар мен олардан жасал­ған­ бұйымдарды» (24,2%), «химия өнер­кә­сібінің өнімдері, каучук» (14,1%), «маши­на, құралдар мен транспорттық құрал­дар­ды» ­(10,3%) экспорттайды.

Бұл ретте Ресейден келетін қазақ­стан­дық­ импорттағы «минералды өнімдер» үлесі төмендеу 29%-ды құрайды, есесіне «ма­шина, құралдар мен транспорттық құралдар» үлесі 23,7%-ға жетеді. Ал ол елден келетін импорттың тағы 15,6%-ын­ «металдар мен одан жасалатын бұйым­дар»­ құрайды, 11,2%-ын «химия өнер­кә­сібінің өнімі, каучук» құрайды.

Бірақ  біздің билік осыншама көзге ұрып тұрған сауданың кері сальдосына­ қара­мастан, Кеден одағынан үмітін үзбеді. Тіпті 2014 жылдың 29 мамырында «Еуразиялық экономикалық одақ туралы­ Шарт» деп аталатын келісім жобасын заң жүзінде мақұлдап жіберді. Сол кез­дегі ел басшысының бағалауынша, жа­ңа­ экономикалық одақтың тағы бір пай­да­сы­ Қазақстандық экономикаға шетел­дік инвес­тицияның қосымша ағыны және біріккен кәсіпорындар құруға мол мүм­кіндік туады деп ойлады. Себебі Қазақ­ста­н­дағы қолданыстағы заңнамалар Ресей және Беларусь елдеріне қарағанда икем­ді­ және салықтық жүктемелері аз еді. Сол себепті Еуразиялық экономикалық одақ­тың­ бірыңғай нарығына Қазақстан айқара ашыл­ған терезе болады деп армандады.

Аталған мақсатқа жету үшін Қазақстан билі­гі инвесторларға бағыттаған өз заң­­на­ма­ларын одан әрі ізгілендіре түсу үшін «Инвестициялық климатты жетіл­ді­ру мәселелері бойын­ша Қазақ­стан Рес­публикасының кейбір заңна­малық акті­леріне өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы» заң жобасын же­дел түр­де әзірлеп, қабылдап жіберді. Атал­ған заңнамалық өзгерістерге Қазақстан тарапы 2014 жыл­дың 12 мау­­­сымында қол қойып үлгерді. Еске салсақ, құжатта 10 жылға корпоративтік табыс және жер салығынан босату, 8 жылға Қазақстандағы экономиканың әлеуетті секторы үшін қаржы салуға да­йын инвесторларды мүлік салығынан босату қарастырылған. Бұл ретте нысандарды пайдалануға бергеннен кейін мемлекет капиталдық шығындардың 30%-ын өтейді және инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында және оны іске қосқаннан кейінгі бір жыл ішінде ешқандай шектеусіз шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат етеді. Оған қоса, инвесторларға салық режімінің тұрақтылығына кепілдік беріледі. Бір таңғаларлығы, инвесторларға осыншалық жеңілдіктер берілгеніне қарамастан, біздің өңдеуші өнеркәсіпке қаржы құятын инвес­торлар біз армандағандай ағылып келе қоймады. Ресми статистикалық мәлі­мет­тер­ге жүгінсек, өңдеу өнер­кәсібіндегі не­гізгі капиталға салынған инвестиция 2015 жылы – 1,873 млрд доллар, 2016 жылы – 1,423 млрд доллар, 2017 жылы – 3,009 млрд доллар, 2018 жылы – 3,625 млрд доллар, 2019 жылы – 2,615 млрд дол­лар, 2020 жылы – 2,577 млрд доллар, 2021 жылы 3,638 млрд долларды құрады. Бұл сандық мәліметтерден шыға­тын қорытынды. Еліміз Еуразиялық эко­но­м­и­­­калық одаққа қосылғалы бері қанша тыра­шт­­анғанымызбен, дайын өнімдерді шыға­­ратын өңдеуші өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көңіл көншітпейді. Жеті жылда сонша жалау­латып жүріп өңдеуші өнеркәсіпке тарт­қан инвестициямыздың жалпы сомасы осы екен. Бірде көп, бірде аз дегендей. Ал Қазақстан билігі ондаған миллиард дол­л­­арды бюджеттің жыртығын жамау үшін ұлттық қордан суырып алып бір-ақ жылда жұмсап жібереді.

Әрине, мәселе салықтық жеңіл­дік­тер­де ғана тұрған жоқ. Инвесторларды ең бас­ты қызықтыратыны – заң салтанат құратын кемелді, орнықты, демократиялық саяси жүйе. Ал ескі Қазақстандағы саяси жүйеміздің қандай болғаны бәрімізге түсінікті. Сол себепті ел билігі экономиканы әртараптандыру туралы­ қа­н­ша айтқанымен, экономиканың негіз­гі­ бөлігі шикізаттық сипатта болып қала берді. Осының кесірінен біз одақ көле­мін­дегі елдермен сауда-саттықта импорт пен экспорттың өз теңгерімінен айырылуы себеп­ті ұлттық валюта жыл өткен сайы­н құнсыздана берді. Қорыта айтқанда, отан­дық бизнес біртұтас нарықта сауда әріп­тесіміз Ресеймен, тіпті Беларусьтің өзімен бәсекеге дайын болмай шықтық. Қазақ­стан жыл өткен сайын оларға өз позиция­сын­ беріп отырды. Егер Еуразиялық эко­но­микалық одақтан тез арада бас тарт­­пайтын болсақ, экономикалық қауіп-қа­­тер өсе береді, ұлттық валютаның күрт құн­сыз­­дану қаупінен ешқашан арылмаймыз.

Өңдеу өнеркәсібіне байла­ныс­­ты мәселеде бар кінәні Еуразиялық эко­но­микалық одаққа артып қоюдан аулақ­пыз. Бүгінгі күнде Қазақстан экономи­касы шикізаттық салаға толығымен тәуелді. Табиғат Қазақстанға қазба байлықтарды жомарттықпен сыйлаған. Осындай әлеуетімізді толық пайдаланып, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндігіміз зор еді. Бірақ саяси жүйенің мешеулігі, жемқорлық деңгейінің тым жоғарылығы, тәуелсіз соттардың жоқтығы, мемлекеттік реттеу деңгейінің төмендігі, экономика мен саясаттағы монополиялық үрдістер, оған қоса мемлекеттің инвестициялық климатты жақсартуға деген ұмтылыстың қарабайырлығы, инфрақұрылымдық проблемалар, экономикалық дамудың базалық шарт­тары әлемдік нарықта отандық кәсіп­орын­дарды бәсекеге қабілетсіз етеді. Осы­ған­ қарамастан ел билігі Еуразиялық эко­номи­калық одақтан бас тартуға тәуекел ете алмай отыр.

Бұл – мәселенің экономикалық жағы­ ғана. Қазақстан Еуразиялық экономи­ка­лық одақтан еш пайда таппағаны былай тұр­сын, бұл одақ Қазақстанды Ресейге бел­гілі бір деңгейде байлап-матап бергенімен, парапар тірлік болды. Соның кесірінен Ресей азаматтары Қазақстанға ешқандай шектеулерсіз кіріп, еңбек нары­ғындағы жағдайды күн өткен сайын­ күр­делендіріп жатыр. Өткен жылдың аяғын­да Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғ­­ау министрлігі Көші-қон комитеті төр­ағасының міндетін атқарушы Ілияс Испа­новтың келтірген дерегіне сүйенсек, іші­нара мобилизация жарияланғаннан бері Қазақстанға 837 мың адам келіп, 780 мың адам кеткен. Бүгінгі таңда елімізде түрлі себеппен 298 мыңға жуық ресейлік жүр. Оның ішінде 30 мың адам келісімшартқа сәйкес жұмыс істейді, соның негізінде уақытша тұруға тіркелген. Елімізде 20 мыңға жуық студент оқиды екен. Ал осындай фактілерге қарамастан біздегі ұлттық патриоттар виза­сыз режімнің кесірінен қытайлар қаптап кететін болды деп шу көтерумен жүр.

Біздегі Парламент «Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы шартты рати­фи­кациялау туралы» заңды қабылдаған кезде обал-сауабына онша мән бермегенге ұқсайды. Аталған заң­ның бірінші бабының бірінші тармағы былай басталады: «Тараптар осы Шартпен Еуразиялық экономикалық одақты (бұ­дан­ әрі – Одақ, ЕАЭО) құрады, оның шең­­­бе­рінде тауарлардың, көрсетілетін қызмет­тер­дің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қоз­ғалысы, осы Шартпен және Одақ шең­беріндегі халықаралық шарттармен айқын­далған экономика салаларында үйлес­тірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі». Енді дәл осы жерде «жұмыс күшінің еркін қозғалысы» деген ұғым бар. Заңда белгі­лен­ген осы мүмкіндікті пайдалана отырып, күні бүгінге дейін жүз мыңдаған ресейлік есігімізді теуіп кіріп, оның соңғы екі айда он жеті мыңы елімізде уақытша тұруға рұқсат алып үлгеріпті. Ресейге салынатын санкциялар жуық арада алынбайтын болса, алдағы уақытта жағдай одан бетер күрделене береді.

Еуразиялық экономикалық одақ тура­лы­ шарттың кіріспесі «2011 жылғы 18 қара­шадағы Еуразиялық экономикалық интег­рация туралы декларацияны негізге ала отырып, мемлекеттердің егемендік теңдігі қағидатын, адам және азаматтың конс­титуциялық құқықтары мен бостан­дық­тарының үстемдігі қағидатын сөзсіз сақтау қажеттігін басшылыққа ала отырып...» деп басталады. Әрине, өте әдемі, халық­аралық шарттардың нормалары сақтал­ған сияқты. Ал ол іс жүзінде қалай жұмыс істейді? Енді осыған тоқталайық.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 10-бабының 1-тармағында «1. Жоғары кеңес Одақтың жоғары органы болып табылады. 2. Жоғары кеңестің құрамына мүше мемлекеттердің басшылары не, егер өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес оларға Жоғары кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде шешімдер қабыл­дауға өкілеттіктер берілсе, мүше мем­ле­кеттердің үкіметтері басшылары­ кі­реді» делінген. Демек ең негізгі мә­се­лені Жоғары кеңес шешеді. Кеңеске қа­ты­сатындар одаққа мүше елдердің ең жоғары басшылары. Одақты құрған алғаш­қы үш мемлекеттің үшеуінің басшы­сы­ да әлемге аты мәшһүр авторитарлы­ билеушілер болды. Біздің сорымыз да дәл осы жерден бастау алады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың көптеген шикі тұсы ескі қожайындарына белгілі деңгейде тәуелді басшылардың табансыздығынан туындап отыр. Шартпен толық танысып шыққан адам шарттағы шикіліктерден сүрініп жығылады. Еуразиялық эконо­ми­калық одақ туралы шартты мұқият тал­дау бір мақаланың жүгі емес.

 

Әлина Болатбек,

Әл-Фараби атындағы Қазақ

ұлттық университеті

шығыстану факультетінің докторанты