Суреттерді түсірген Талғат Тәнібаев
Ақынның туған жері М.Жұмабаев ауданының Сартомар ауылында өткен мерейтойға арнайы келген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Онда Мағжанның қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының мақтанышы, ақынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы жырлары халқымыздың жүрегіне жол тауып, руханиятымыздың алтын қорына енгені, Мағжанды тану, Мағжанды таныту – тәрбиелік әрі тағылымдық мәні зор мәселе екені, ақынның шығармашылығын терең зерделеп, жан-жақты дәріптеудің маңыздылығы туралы айтылған.
Сонымен бірге Е.Қошанов ақынның әдеби мұрасы талай буынға өнеге болары сөзсіз екенін айта келіп, осыдан отыз жыл бұрын Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде тұңғыш рет аталып өткенін, содан бергі аралықта халқымыздың Мағжан тұлғасына, Мағжан мұрасына деген ықыласы мен махаббаты еш өзгермегенін, қайта жыл өткен сайын ақынға деген құрмет еселеп артып келе жатқанын жеткізді.
Е.Қошановтың айтуынша, елімізде болып жатқан оң өзгерістер ұлтымыздың ұлы тұлғаларының, соның ішінде Мағжан Жұмабаевтың идеяларымен үндесіп жатқанына тоқталды.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаров та құттықтау сөз сөйлеп, Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына келген барша жамағатқа алғысын жеткізді. Түркияның Гази университетінен келген профессор Хулия Ченгел Мағжанның бірнеше өлеңін оқып берді. Ақынның туған-туысқандарының атынан сөз сөйлеген Жанат Мүсілімов мерейтойды кең көлемде атап өтуге жағдай жасаған мемлекетке ризашылығын білдірді.
Қызылжар аспаны төрт күн бойы ашылмай, қара бұлты төнген дауыл мен суық жаңбырдың астында болды. Маусымның 23-24-не той күндерін белгілеп, оның екінші жартысын ашық аспан астында өткізуді жоспарлаған, еліміздің барлық облыстарымен қатар Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сияқты бес мемлекеттен қонақтар шақырып қойған жергілікті басшылықтың біршама алаңдағаны да рас. Бірақ той басталған 23 маусым күні қорғасын бұлт сейіліп, төрт күннен кейін бірінші рет күн шықты. Ал 24 маусымдағы, ақынның туған жеріндегі даладағы іс-шаралар өткенде аспанда ақша бұлттар қаптағанымен түске қарай күн сәулесі жарқырай төгіліп, көк жүзі шайдай ашылды. Осыдан кейін табиғат ананың өзі сүйген ұлымен үндес екеніне қалай сенбессің.
Аққайыңдар қойнауындағы көк шалғынды жасыл алапта той басталып, оған шамамен жиырма мыңдай адам келгені айтылды. Той алаңын қоршай, қаздай тізілген көліктер нөпірін тегіс санай алмаса да шамамен көз шалып шыққан адамдар солай десті. Облыстың он үш ауданы және басқа да мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындардың тіккен киіз үйлері алқақотан жайылып, кең алаптың өнебойын алып жатты. Мұндай тойды халық көптен ұмытып қалғандай еді, енді соның есесін алғандай жұрттың бәрі жадырап, қуаныштарын жасыра алмай, мәз-мәйрам болып жүрді. Бала-шаға түгілі бозбалалар мен бойжеткендер құрылған алтыбақандардың басында у-ду... Күрес, қыз қуу, бәйге сияқты спорттық ойындардың алаңы да қызу тартысты болып, көрермендерінің көңіл күйін шарықтатып жатты.
Үлкен сахнадан алдымен Мағжан өмірінен қысқаша көрініс берілді. Оны С.Мұқанов атындағы музыкалық-драма театрының әртістері тамаша орындады. Қазақ тойының үлкен сәні – ақындар айтысы болса, ол екі күнге созылды. Алғашқы бөлігі Петропавлда ашылған С.Мұқанов атындағы драмалық театрдың жарқыраған жаңа ғимаратында басталып, оған қатысқан 16 ақынның сегізі екінші күні Сартомарда өздерінің өнер сайысын жалғастырды. Айтыстың ақтаңгері Жүрсін Ермановтың денсаулығы сыр берсе де, Алматыдан жеткені – жиылған халықтың жүрегін тебірентті. «Мағжанның 130 жылдығы тойланып, халықаралық айтыс болып жатқанда үйде отыра алмадым», деді ол өзінің қысқа сөзінде. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров оның иығына шапан жапты.
Сахнаны дүбірлеткен алымды ақындар неше түрлі түйдек-түйдек ойлары мен ұсыныстарын, тосын тіркестер мен өрнекті шумақтарын төгіп жатты. Мысалы, Шұғайып Сезімханұлы өзінің жырында жастарға арнаған құдіретті өлеңі бар Мағжанның атындағы Жастар мемлекеттік сыйлығын тағайындаудың күні туғанын атап кетті. Түркістандық Еркебұлан Қайназаров та «шынымен Мағжан туған топырақ осы ма?» деп өзінің қатты толқығанын жеткізді. Сонымен бірге оның «алақандай болса да Сарытомар, Алты Алаштың ат байлар қазығындай» деген жолдары да сәтті шықты.
Айтыстың жүлдесі де қомақты болды. Бас бәйгеге тігілген темір тұлпар жас ақын Шұғайып Сезімханұлына бұйырды. Ал аламан бәйгеде Төстік Исламнұрдың арғымағы бас жүлде алып, бәйгеге тігілген жеңіл көлікті еншіледі.
* * *
Тойдың бірінші күні өткен іс-шаралар да жоғары деңгейде өтті. Отандастарымызбен бірге алты шет мемлекеттен келген қонақтар Мағжан Жұмабаев пен Смағұл Сәдуақасұлының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Сосын ат басын «Абылайдың ақ үйі» музей-кешеніне тіреді. Сонымен бірге Қызылжарда XVIII ғасырдағы мешітті қалпына келтірудің нәтижесінде бой көтерген Ислам мәдениеті музейін аралады. Одан кейін жиналған қауым облыстың ең үлкен мәдениет ордаларының бірі – Оқушылар сарайында болған «Мағжан Жұмабай – Тұран өркениеті мен Алаш идеясының ұлы жыршысы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Конференцияда құттықтау сөзді облыс әкімі Айдарбек Сапаров, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет айтты. Одан әрі ғалымдар мен зерттеушілер өздерінің баяндамаларын оқыды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жобалық кеңсесінің басшысы, заңгер Сабыр Қасымов баяндамасында: «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының жетекші идеологтарының бірі Мағжан Жұмабаевтың іс-әрекеті, азаматтық болмысы айрықша екенін атап өтті. «Бүгінгі күні оның ақындық құдіретіне, жүректен шыққан жырларының сұлулығы мен терең мазмұнына мән берсек те біз оның азаматтық феноменін толық ашқан жоқпыз. Қанша қысым мен қуғын көрсе де ол басқалар адасқанда өзінің ұлтын сүйген, халқын арашалаған Темірқазығынан айнымады. Мағжан Қазақстанда күшпен орнаған большевиктік биліктің халыққа қарсы, мүддесіне мүлде хас екенін көрегендікпен болжап, «жын жайлады» деген бір-ақ сөзбен оның толық сипатын берген. Екіншіден, оның жырлары халықтың басына туған қанды қасапты әшкерелеп, ұлттық еркіндік пен азаттықты ту етті. Сол кездерде көптеген ақын кеңестік режімнің айғайшысына айналды. Өкінішке қарай, бұл топтағылар барлық құрмет пен атаққа бөленгені де белгілі. Мен оларды идеологиялық колоборанттар деп атар едім. Біз әлемнің озық елдерімен теңесетін озық ұлттардың бірі болғымыз келсе бүгінгі таңда кімнің кім екенін ажыратуымыз керек. Мағжанның «Қорқыт», «Батыр Баян», «Ертегі», «Оқжетпестің қиясында», «Жүсіп хан» атты поэмаларының идеялық мазмұнына терең үңілген адам олардың соцреализмнің тар құрсауына сыймайтынын көрер еді. Бұларда Абылай, Кенесары, Наурызбай, т.б. қазақ жерінің қорғаушылары, ерен ерлері туралы баяндалады. Сондықтан да бұлар – жоғары дамыған өркениетті елдердің ой-жүйелік стандарттарына сәйкес дүниелер. Мағжанның осындай қырларын таныған большевиктердің идеологтары оның өздеріне жау екенін бірден таныған», деді.
Сондай-ақ ол Мағжанның әлі күнге саяси тұрғыдан ақталмағанын айтты. «Жұрттың бәрі сотталған баптың бұзылып, оның қылмыстық жазадан ғана ақталғанына мәз. Бұл заңды тұрғыдан ақтау ғана. Өкінішке қарай, біз әлі күнге Мағжан сияқты ерлерімізді саяси тұрғыдан ақтайтын нормативтік-құқықтық құжат қабылдаған емеспіз. Осының кесірінен біз тіпті кеңестік кезеңде жаппай қуғын-сүргінді қолдаған адамдардың, кейін де кеңес өкіметіне құлай берілген партия-кеңес функционерлерінің аттарына көше беріп, ескерткіштер орнатудамыз. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев та екі рет қадап айтты. Сондықтан бізге қаһармандарымыздың кім екенін мемлекеттік-құқықтық тұрғыдан көрсетуге негіз болатын заң қабылдауымыз керек. Егер осындай құжат қабылданған болса, Мағжанның есімі мен ісі тек бір облыстың шеңберінде ғана емес, бүкіл елімізде кеңінен насихатталған болар еді. Солтүстік Қазақстан облысында Мағжанмен бірге туған халқына қызмет етудің эталоны деуге болатын Смағұл Сәдуақасұлы да бар. Осы екі арысқа Алматы мен Астанада ескерткіш тұрғызылуына, құпиясыздандырылған құжаттардың негізінде кино түсірілуіне, олардың еңбектері ЖОО-лар мен орта оқу орындарының ғылыми-әдістемелік оқу бағдарламаларына енгізілуіне, мерейтойлары ЮНЕСКО деңгейінде аталуына күш салу керек», деді Сабыр Қасымов.
Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай биыл облыста Мағжанға арналған іс-шаралар туралы айтып берді. Алдымен мүшәйра, сосын ақындар айтысы, конференциялар өткізілгенін сөз етті. Сонымен бірге ол Сартомардағы Мағжан музейін облыс орталығына көшіру керектігін де айтып, ұсыныс жасады. Түркияның Кастоману университетінің профессоры Орхон Сөйлемез сөз сөйлеп, Абай, Махамбет, Әбіш Кекілбай сынды ірі тұлғалар туралы және «Домбыра», «Ұлы Түркістан» атты кітаптарын сыйға тартты.
«Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, профессор Құлбек Ергөбек баяндамасында Мағжанның ақталуы туралы өте көп деректер айтты. Соның ішінде Мағжанды ақтау жөніндегі бір бастаманы ұстазы, профессор Бейсенбай Кенжебаев 1965 жылы көтергенін, ал 1970 жылы ақын туралы тамаша естелігін жазғанын жеткізді. Бейсенбай Кенжебаев Мәскеудегі Күншығыс еңбекшілері университетінде Мағжаннан дәріс алған екен.
Тарихшы, профессор Бүркітбай Аяған баяндамасын Мағжан шығармашылығының зерттелуіне арнап, осы қатарда біршама кемшіліктің барына тоқталды. «Біз әлі күнге кеңестік таптаурыннан құтыла алмағанның салдарынан Мағжанды сталиндік сүреңді бойына дарытпағаны үшін әсіресұлтшыл деп бағалауға бейілміз. Сонымен бірге оның түрмеде ұрып-соғумен берген жауаптарына сенуге болмайтынын ойламаймыз. Мұндайды ОГПУ-НКВД қарақшылары өздері жазып, қол қойдырғанын ешқашан естен шығармауымыз керек. Мәселен, Мағжанның тергеуде берген мына жауабын қараңыз: «В начале 1921 года я переехал в Петропавловск как редактор областной газеты, где вел агитацию против Советской власти и вел пропаганду за объединение тюркских народов под эгидой Японии – «Великого Востока». В Петропавловске я встречался с Тлеулиным Джумагалием, который был завербован в шпионскую организацию Дулатовым. О Тлеулине я узнал подробности Петропавловского восстания, организованного казачьим крестьянским – русским и казахским кулачьем к при ближайшем участии нашей организации. Указания насчет этого восстания исходили от центра, Букейханова, в то время находившегося в Семипалатинской области, получили их в П-Павловске Тлеулин, Билал Малдыбаев и Али-Аскар Куанышев. От Тлеулина я узнал, как о наших работниках о Качаганове Оспане и Байгаскине Есиме». Мұның тергеушінің жазған көрсетпесі екені көрініп тұр, ал ақынға осындай былапыт өтірікке зорлықпен қол қойдырған», деді ол. Өзінің баяндамасында Б.Аяған бұдан басқа да көптеген дерек келтірді.
Сонымен Қызылжар өңірінде иісі Түркі дүниесін дүбірлеткен ақынның тойы дүркіреп өтті. Ол бүкіл түркі жұртының бірлігін, әлемнің үйлесімділігін паш еткендей болды.
Солтүстік Қазақстан облысы