Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Шежіре – ғылым тұрғысынан өте кешенді әрі терең ұғым. Генетик ғалым ретінде шежірені зерттеуді заманауи ғылым деңгейіне шығаруда тарихшы, археолог, антрополог, биоинформатик ғалым әріптестеріммен бірге он жылдай еңбектеніп келемін. Осы орайда аса маңызды әрі қызықты зерттеу нәтижелерін көпшілікке жария ету орынды деп есептеймін.
Генетикалық зерттеулеріміз шежіренің астарында миф жатпағанын, оның көп дерегі тарихи шындыққа жанасатынын дәлелдеді. Қазақ руларының негізін қалаушы аталардың көпшілігі генетикалық шығу тегі жағынан Жошы ұлысы хандарының әмірлері мен бектерінен бастау алатыны айқындалды. Бірақ генетикалық тамыр одан да терең екенін көрсетеді. Бұл аталардың арғы тегі Еуразияның әртүрлі халықтарымен туыстығын байқатты. Әрине, Орталық Азия ұлы тарихи көші-қонның тоғысқан жерінде орналысқан. Соның нәтижесінде қалыптасқан генетикалық әртүрлілік бүгінде Орталық Азия халықтарының бойында сақталған. Ол біздің ортақ тегімізді айқындайды әрі ортақ мәдени мұрамыздың белгісі болып саналады.
Сонымен қатар шежіре жеті атамен шектелмейді. Арғы әжелеріміздің есімдері дәстүрлі шежіреде қамтылмаса да, олардың генетикасы біздің бойымызда сақтаулы және сол арқылы біз әлемнің әр түпкірімен генетикалық туыстығымыздың бар екенін байқаймыз. Жалпы алғанда, жетінші ұрпақ бойында 128 ата-әженің генетикасы бар. Қазақтың жақыннан қыз алыспау дәстүрін ескере отырып, 128 ата-әже әртүрлі ру-тайпалардан тұрғаны күмән жоқ. Генетикалық зерттеулер оны анық көрсетеді: солтүстікте не оңтүстікте, шығыста не батыста, болмаса орталықта тұратын қазақ қандай ру-тайпадан шықса да геномдық тұрғыдан араларында ешқандай айырмашылығы жоқ – біртекті генофонд және оның біртұтас генетикалық қауымдастық ретінде қалыптасып бітуі Ұлы Жошы ұлысы және Қазақ хандығының құрылу кезеңімен тура келеді. Ал генетикалық тұрғыдан қазақтың қалыптаса бастауы ерте заманнан басталады. Ол археологиялық қазбалардан шығатын сүйектерде сақталған көне ДНҚ зерттеулерінен белгілі. Мысалы, шығыс скифтер қорғанындағы сүйектерден алынған көне ДНҚ олардың қыпшақ тілдес халықтарымен генетикалық сабақтастығын көрсетті. Еліміздің солтүстігінде ораналасқан энеолит дәуірінің Ботай тұрағынан табылған адам сүйегінің әке жақтан генетикасы бүгінде қазақ популяциясында кездеседі.
Бұл тың ғылыми жаңалықтарға қол жеткізу соңғы бес жылдықта мүмкіндік арта түсті. 2019 жылы білім және ғылым саласына арналған тамыз конференциясында мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында тұрып, ғылыми қауымның мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізген едім. Содан бері Президенттің тікелей қолдауымен ғылымда көп мәселе шешіліп келеді: қаржыландыру үш есе артты, соның ішінде іргелі ғылым ошақтарына тікелей қаржы беріле бастады, жетекші ғалымдарға тұрақты жалақы бөлінді, гранттарға конкурс үш жылда бір рет емес, жыл сайын жарияланатын болды, соның ішінде жас ғалымдарға арнайы гранттар қарастырылды, шетелде үздік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге жыл сайын 500 ғалымға мүмкіндік беріледі. Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі жоғарылап, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес жұмысын бастады. Бірақ кейбір міндеттер әлі жүйелі түрде орындалған жоқ. Мемлекеттік басқарудағы бюрократия мен бітпейтін келісімдерді жинау көптеген игі бастаманың тежегіші болып отыр. Бүгінгі заман талабы мәселелерді жедел шешу үшін барлық деңгейде өкілеттілік пен жауапкершілікті арттыру керек, әсіресе ғылым саласында. Қарқынды дамып келе жатқан әлемдік ғылыми ойға біздің ғалымдар уақтылы ілесе отырып, серпінді зерттеу жүргізуге мүмкіндік жасау үшін ғылым саласындағы бірнеше мәселеге назар аударғым келеді.
Бірінші – 2022 жылы Президент еліміздің барлық мемлекеттік ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарын Ғылым және жоғары білім министрлігіне беру мәселесін пысықтауды тапсырды. Наукометриялық сараптама бойынша негізінен Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырындағы мекемелер Қазақстанның халықаралық ғылым рейтингісін көтеріп тұр: жоғары деңгейдегі халықаралық жарияланымдарда шыққан ғылыми мақалалар саны басқа министірліктерге қарайтын ғылым ошақтарына қарағанда 150 есе көп, басқа ведомстволардың үлесі аз, ғылыми мекемелердің хал-ахуалы төмендеп кеткен. Еліміздің бар ғылыми әлеуетін Ғылым және жоғары білім министрлігіне шоғырландыру уақыт күттірмейтін өте орынды бастама. Соны іске асыру керек. Әр саланың ғалымдары осы шешімнің орындалуын асыға күтіп жүр. Осы мәселе бойынша Мемлекет басшысына хат жолдаған ғалымдар да бар. Бұл ғылым саласында біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін шынымен де аса қажет.
Екінші – Қазақстанның ғылыми көкжиегін кеңейтуге арналған президенттік бағдарламаны қабылдау қажет. Ол қазақ ғалымдарының адамзат табиғатын және әлемді танудағы халықаралық ғаламат жобаларға қатысуға және бастауға мүмкіндік береді. Ол үшін қазақ ғалымдарына зерттеу жүргізуде шетелдің ғалымдармен тең жағдай жасау керек. Тек сонда ғана біз бәсекеге түсе аламыз. Өкінішке қарай, елімізде ондай жағдайға жету үшін әлі бірталай уақыт пен дұрыс бағыттағы реформалар іске асуы қажет. Бірақ бүгін ғылымда жүрген жас ұрпақ өз әлеуетін жоғалтып алмас үшін осы бағдарлама аясында Қазақстанға аса қажетті әрі нақты нәтижесі бар ғылымның басым бағыттары бойынша әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен келісімге келіп, біздің ғалымдар сол жерде ұзақ мерзімге орналасатын отандық лабораториялардың филиалын ашу орынды шешім болар еді. Бұл ұсынысты қазір шетелде жүрген қазақтың дарынды ғалымдарын тікелей қолдаудан бастап, төңірегіне отандық ғалымдарды топтастыру арқылы жақын арада іске асыруға болады. Ғалымдарға бөлінетін тағылымдаманың бір түрі ретінде үшжылдық ғылыми топтарға арналған тағылымдаманы енгізген дұрыс болар. Екінші жағынан шетелдік жас талантты ғалымдарды Қазақстанның ғылыми орталықтарына тартуға арналған постдокторантура бағдарламасы қажет. АҚШ, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдер осындай бағдарлама аясында өздеріне бүкіл әлемнен талантты жас ғалымдарды таратады. Сонымен қатар еліміздің ғылыми көкжиегін кеңейтуде Ұлыбритания, АҚШ және Жапония үлгісі бойынша Қазақстан елшіліктерінде ғылыми атташе лауазымын құрып, ғылыми дипломатияның кеңінен дамуына жол ашқан да абзал.
Үшінші – Ұлттық ғылым академиясының қайтадан жоғары мәртебеге ие болуы дербес заңды форманы талап етеді. Кезінде білім саласында тез арада халықаралық деңгейдегі білім ошағын ашу мақсатында Назарбаев университетіне дербес білім беру ұйым формасы берілген болатын. Нәтижесінде, бүгінде еліміздің білім драйверіне айналып келе жатқан, түлектері бетке ұстар мекемені көріп тұрмыз. Осы тәжірибенің ең ұтымды жақтарын ала отырып Ұлттық ғылым академиясының заңдық формасын дербес ғылым жүргізу ұйымы ретінде қабылдап, Назарбаев университетіне бөлінген қаражат шамасындағы сома академияға бөлінсе жөн болар еді. Ол Ұлттық ғылым академиясының Қонаев қаласында заманауи ғылыми қалашығын, жаңа ғылыми орталықтарын салуға жұмсалғаны абзал. Бұл жерде келешек ғылыми сауатты ұрпақты, болашақ казақтан шығатын Нобель сыйлығының лауреаттарын тәрбиелеуге мүмкіндік тумақ.
Төртінші – қазір мега гранттардың қажеттілігі байқалып отыр. Бұл – дүние жүзінде бар оң тәжірибе. Мұндай мега гранттар тек Қазақстанның мүддесі үшін жүргізілетін зерттеулер емес, ол адамзат баласының дауына ықпал ететін жаһандық зерттеулер болуға тиіс. Міндетті түрде халықаралық жетекші ғылыми топтардың қатысуымен және отандық жаңа ғылыми мектептің қалыптасуына арналған болуы керек. Мәселен, біз айтқан Орталық Азия халықтарының шежіресін, яғни генофондын және тарихын зерттеуді кешенді түрде тек осындай мега грант аясында ғана іске асыруға болады. Өйткені ол пәнаралық бағытты дамытуды қажет етеді. Заманауи ғылым бағыттары – палеогенетика, палеопротеомика, биоинформатика және радиоизотоптық хронология дәстүрлі тарих, генеалогия, археология және антропология зерттеулерін әлем жаңа деңгейге шығарып жатыр. Физиология және медицина бойынша 2022 жылғы Нобель сыйлығы археологиялық зерттеулер барысында табылатын сүйектерде сақтаулы көне ДНҚ-ны зерттеудің пионері, профессор Сванте Пабоға жойылып кеткен гоминидтердің геномдары мен адам эволюциясы туралы зерттеулері үшін берілді. Еліміз аумағында сан алуан тарихи кезеңдерге жататын археологиялық ескерткіштер бар. Бірақ олар кешенді түрде Қазақстанда заманауи ғылым бағыттарымен елімізде зерттеліп келе жатқан жоқ. Археологиялық зерттеулердің өзі біртұтас жүйемен жүргізілмейді. Археологиялық лицензияны алып алған кәсіпкерлер мәдени мұрамызды құртып келеді. Антропологиялық ғылыми мектептің қалыптасуы кемшін. Сондықтан бүгін елімізде заманауи генетикалық, палеогенетикалық, изотоптық, радикарбондық әдіс арқылы сүйектің жасын анықтайтын және физикалық антропология лабораториялардың болуын, кешенді биобанк инфрақұрылымын қажет етеді. Археологиялық қазбалардан табылатын барлық сүйекті бір жерде тиянақты сақтап, жан-жақты сипаттап зерттеуге арналған Археологиялық ұлттық қойманы ашуды талап етеді. Он жыл бұрын әріптесім Жақсылық Сабитовпен бірге осы бағыттың маңыздылығын сол кездегі Мемлекеттік хатшыға жеткізген едік. Нәтижесінде, елімізде Генетика институтында популяциялық генетика лабораторисы ашылды, шетелдік ғалымдармен тығыз селбестікте алғашқы палеогенетикалық зерттеулер жасала басталды. Сонымен қатар бүгін қазақ шежіресін зерттеуде Ұлттық биотехнология орталығы, Назарбаев университеті, М.Айтқожин атындағы Молекуларлық биология және биохимия институты да жұмыс атқарып келеді. Осы бағытта жинақталған ғылыми әлеуетті мемлекет тарапынан жүйелі түрде біріктіріп, Орта Азияда бірден-бір заманауи Археогенетика институтын ашуды мега грант және пәнаралық мета-зерттеулер аясында жоспарлау қажет.
Ойымызды мына бір тұжырыммен аяқтағым келеді. Шежірені кешенді зерттеу – ұлт тарихын, алыс-жақын көрші халықтармен тамырлас туыстығымызды және мәдени мұрамызды терең білу. Кешегі тарих, ауызша жеткен шежіре, генетика және заманауи ғылым ұлттық болмысты тануда бағдар бола алады.
Мақсат ЖАБАҒИН,
Ұлттық биотехнология орталығы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі,
Ұлттық құрылтай мүшесі