Жәдігер • 26 Маусым, 2023

«Әкем тіріліп келгендей қуандым». Есенғали Раушановтың естелігінен

3640 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқырман назарына біртуар ақын марқұм Есенғали Раушановтың біраз жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатынан бір үзік естелікті ұсынамыз.

«Әкем тіріліп келгендей қуандым». Есенғали Раушановтың естелігінен

Бір қызық жағдайды әң­гіме­леп берейін. Біздің үйде ар­­ғы аталарымыздан қалған кү­міс ер, жиегі алтын жіппен әдіп­­телген ақ жабу, кемер белбеу,­ неге жаупері дейтінін әлі­ күнге білмеймін, жаупері пышақ, күміс құндақ бесатар мылтық, шешемнің алтын біле­зігі мен балдақты сырғасы, сал­пыншақ күміс өңіржиегі болды. Жасауымен келген екен. Сол заттарды 1970 жылдардың басында, мен ол кезде мектепте оқимын, Ал­матыдан Құлахмет Қожықов деген суретші бастаған топ келіп «Ұлт­тық музей ұйымдастырып жа­тырмыз» деп қолқаласын. Құ­лахмет ақсақал біздің елге күйеу екен, кезінде КазЦИК-тің төрағасы болған Жалау Мың­баев көкеміздің қызына үй­ленген. Соны бұлдап әкеме: «Әбе­ке, күйеу мен жиеннің назасы жаман болады, бермесеңіз өкпелеймін», деп жатып ал­ды. Бауыры Сұлтанахмет Қожы­қов «Қыз Жібек» деген фильм түсір­мекші екен, соған керек деп тағы айт­ты. Фильм жарыққа шыққан соң ол заттардан біз көз жазып қал­дық. Алматыда ешкімнің ад­ресін де алмаппыз. Содан ауылы­мыз атақоныс Маңғыстауға қай­та көшті. Кімнің қолында ненің кеткенін білмейміз. Әкей қай­тыс болды. Мен болсам сол бұйымдарды ұзақ уақыт іздеу­мен жүрдім. Әсіресе, күміс ерді. Кей­де түсіме кіретін. Сондайда анам: «Қойшы, іздеме. Керек емес. Бар пәле сонымен кетсін. Үкі­метке тиіспе, құрысын. Сол шаруаға басыңды сұқпашы, тыныш жүрші» дей беретін. Кәм­пескені көзімен көрген шай­лықпалы жүрек қой ол. Музей­лерден сұрап жүрдім, ұшты-күй­лі жоқ. Бірде тәуекел деп Құл­ахмет ақсақалды іздеп барып: «Мен баяғы Раушанов Әб­діжаппар деген кісінің баласымын» деп жөнімді айттым. Ол бол­са маған: «Сенің әкең сол жо­лы деңмент белбеуді бермей қалды. Милиция жіберіп алдыртам. Оның тоғасынан ілдір­месіне дейін ішкі қабатына қа­тарлап хантеңге деген қызыл алтын тыққанын білеміз» деп қыңырайды. Орысшалап «контра» деп қойды тағы. Шешеме айтып келдім. «Күйеу деп, аяқ ас­тынан туыс тауып едіңдер, туыс­тарың осылай деп жатыр» демеймін бе? «Айттым ғой саған тыныш жүр деп. Басың пә­леге қалады дегенім жоқ па? Атаңа қайырсыз болған мал саған қайдан абырой әпереді?!» деп сарыуайымға салсын-ай келіп. Содан қайтып ол заттарды біз іздемедік. Балалық қой, аңқаулық тағы бар, шешем менен өткен аңқау, күйеудің қайын жұртына қалжыңы болатынын қайдан білейін, шынымен бір пәлені бастап отыр деп сеніппін. Оны маған тағы бір жездеміз, профессор, түрколог Ғұбайдолла Айдаров айтты. «Әй, ол әзіл ғой, баламысың деген, сен соны шын көргенсің. Жарайды, мен өзім сөйлесемін» деп жұбатқан. Сөйтіп жүргенде екі жездекем де қайтыс боп кетті. Сұрайтын ешкім қалмады.

Бір есімде қалғаны, сол жо­лы Қожықовтың жанына ай де­се­ ауызы, күн десе көзі бар сұ­л­у қыз еріп келген. Аты Баян се­кіл­ді еді. Енді мен Баянды іздейін. Министрліктен бастап, осы біледі-ау дегендердің талай мазасын алдым. Өнердің маңындағы жігіттер музей саласында білікті өнертанушы Баян Әсембайқызы Алдабергенова деген кісі бар деген соң іздеп жүріп оны да таптым. Жолықтым. Сөйлестім. «Иә, сендердің үйле­ріңе Құлахмет ағаға еріп барған мен болатынмын» дегенде, жү­ре­гім жарылып кетер ме екен деп ойладым. Өзі орыстілді екен. Қазір 72-ге келіпті. Бірақ, бәрі­ есінде, адамның көзі өзгер­мейді ғой, тани кеттім, ойы бұл­дырамапты. «Құранды ер, ал­тын білезік, күміс өңіржиекті сендердің үйден алғанбыз. Барлық құжатты өз қолыммен тол­тырғам. Ештеңе жоғалған жоқ. Ол заттар қазақтың сол за­ман­дағы асыл бұйымдары ретінде Ә.Қастеев атындағы му­зейге апарып қойылды. Қа­зір сол музейдің қорында сақ­­таулы тұр. Астындағы әй­некке «Әбдіжаппаровтардан алын­ды»­ деп жазылған», дей­ді. Суреттері альбомдарға да шығыпты. Қырық жылдан ас­там уақыттан соң әкем тіріліп кел­гендей қуандым. Бір кезде ренжіген Құлахмет ақсақалға іштей рахметімді айттым. Баян тәтеміз мені заңды мұрагер ретінде құнды дүниелерді өзіне қайтарып алғысы келеді деп ойласа керек, маған ол енді халықтың мүлкі екенін түсіндіре бастағанда, күлдім. Мамамның «атаңа қайыр бермеген мал саған қайдан бұйырсын» дегенін есіме түсірдім. Неге қайыр бермеді, халыққа қайыр бергені маған да қайырлы болғаны емес пе? Оны даулап қайтем мен? Ол енді елдің мүлкі. Музейге келушілер бір кезде қазақтың Әбдіжаппар деген шалы мен Әуехан деген кемпірінің ата мұраларын көріп қуанса, менің де қуанғаным. Ал сен байлық дейсің, айналайын...