Аталған іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш, химия ғылымдарының докторы, академик Арыстан Ғазалиев, алаштанушы ғалым Сұлтан хан Жүсіп, алашордалық дәрігер Бақтығали Бисеновтің қызы Роза Бисенова және тағы басқа танымал тұлғалар қатысып, қор иесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Әлихан Хамзаұлы еңбек жолын 1966 жылы Алматы қаласындағы №2 қалалық клиникалық аурухананың хирургия бөлімінен бастап, Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында еңбек жолын жалғастырыпты. Зейнет жасына шыққанға дейін отандық медицина саласында абыройлы еңбегімен еленіп, көптеген ғылыми еңбек жазды. Оның сыртында медицина ғылымдарының докторы, профессор деңгейіне көтерілді.
Ол кәсіби дәрігер ретінде онкология және радиология ғылыми зерттеу институты ғалымдары жүргізген ғылыми жұмыстардың қорытындыларын тәжірибеге енгізу, ауыр науқастарды тиімді емдеу тәсілін жүзеге асырумен қатар, қатерлі ісіктердің сәулелік терапиясымен айналысатын үш құрылымды ірі клиникалық радиология бөліміне жетекшілік жасаған.
Осылай отандық медицина саласына жартығасырлық еңбек сіңіріп, ұлт денсаулығын жақсарту және елімізде медицина ғылымын дамыту жолында тер төкті. Нәтижесінде, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен және «Құрмет» орденімен марапатталып, медицина ғылымының дамуына қосқан маңызды үлесі үшін халықаралық «Hippocrat», «Avicenna», «Пирогов» ордендерінің иегері атанды. Сонымен қатар П.М.Поспелов атындағы және Ұлттық медицина қауымдастығы медалін алып «Алтын дәрігер» атағы берілді.
Әлихан Хамзаұлының отандық медицина тарихына қатысты жазған құнды туындыларының бірі – «Алғашқы Алаш дәрігерлері» атты кітабы. Бұның бастапқы бөлігі 70-80 жылдары жазылып, кеңестік цензура тарапынан жойылғаны белгілі. Қазіргі нұсқасы ұлттық медицинаның дамуы мен қалыптасуы жолындағы алғашқы біртуар дәрігерлердің қайраткерлігі мен мұрасын баяндайды.