Ұлттық және әлемдік танымал классикалық жауһар шығармаларды, қазақтың ән-күй өнерін әлем халықтарына насихаттап жүрген ғасырға жуық тарихы бар оркестр Италия жеріне жоспарлаған «Көшпелілер әуені» атты гастрольдік сапарын аяқтады. Гастрольдік концерт Еуропаның мәдени-тарихи орталығының Рим, Неаполь қалаларында аншлагпен өтті. Рим қаласындағы әйгілі Санта-Чичилия Мемлекеттік музыкалық консерваториясында және Неаполь қаласындағы «Teatro Diana» ғимаратына жиылған қалың жұртшылық, италиялық талғампаз көрермен, өнерсүйер қауым қазақ музыкасы мен ұлттық аспаптардың сазды үніне тамсанып, таңданыстарын жеткізді.
Концерттен бөлек Құрманғазы оркестрі әлемнің жаңа жеті кереметінің қатарына кіретін, Италиядағы ең ірі Колизей мұнарасының алдында жергілікті тұрғындарға қазақтың күйлерінен жинақталған шағын концерттік бағдарламасын ұсынды. Италия көгін әнмен әуелетіп, күймен тербеген Ұлттық оркестр Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстанның Италиядағы елшілігіне, Неаполь қаласындағы Қазақстан консулдығына, Санта-Чечилия Мемлекеттік музыкалық консерваториясының ұжымына алғысын білдірді.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қазақ мәдениетін, төл музыкасын әлемге танытудағы ерен еңбегін еліміз мақтан етеді.