04 Маусым, 2010

БАСЫМ БАҒЫТТАРҒА БЕТБҰРЫС

517 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Оңтүстіктің биылғы көктемін түсіну қиындау. Ә дегенде әдеттегіден мол түскен ылғал егіс жұмыстарын ертерек бастауға тұсау болса, сәуір айында әлгі көл-көсір жауын сап тиылып, өкпек жел үрледі де кетті. Тіпті, күрт салқындаған ауа-райы кей аймақтарда шаруалардың етек-жеңдерін еріксіз қымтануға мәжбүрледі. Дегенмен, қол қусырып отыруға болмайды. Көктем реңінің сүреңсіз болғанына қарамастан облыс диқандары дала жұмыс­тарын мамыр айының аяғына дейін созса да, әйтеуір, әупіріммен аяқтап шықты. – Үкіметтің ұстанатын бағыты – өнімді халықтың қажеттілігі мен рыноктың сұраны­сына сай өндіру, – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқарма­сының бастығы Мұрат Әсілбеков. Егін шаруашылығы саласын­дағы сұранысы жоғары жекелеген дақылдарды өсіруге мемле­кет тарапынан басымдық беріліпті. Яғни, Үкі­мет қаулысымен бекітілген ереже талаптарына сәйкес әлгі басымдық берілген дақылдар егіл­ген алқаптардың әрбір гектарына шағу жолы­мен республикалық бюджеттен тікелей транс­ферттер арқылы субсидия төленіп келеді екен. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында таяудағы онжылдықта экономиканың дамуы жедел әртараптандыру және ұлттық эконо­мика­ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебі­нен қамтамасыз етілетіндігін, ал бұл міндет өндіріске инновациялар енгізу арқылы ғана шешілетіндігін атап өткені белгілі. Бұл орайда әртараптандырудың маңызды сегменттерінің бірі – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту екендігі, ал оның дамуы негізгі 3 бағытта жүруі керектігі ерекше аталып өтті. Оның біріншісі – еңбек өнімділігін арт­тыру. Ал еңбек өнімділігі – өндірілген өнім­дердің көлемін арттырып, сапасын жақсарту­мен бағаланады. Сондықтан, ауыл шаруашы­лығы тауарларын өндірушілерді бәсекеге қа­білетті, сапасы мен сұранысы жоғары,  Үкімет тарапынан басымдық берілген өнімдерді өндіруге ынталандыратын  мемлекеттік қолдау шаралары жылдан-жылға жақсарып келеді. Екінші міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл міндетке сай, 2014 жылы ішкі рыноктағы өтімділігі жоғары азық-түлік тауарларының 80 пайызын отандық өнімдер құрауы тиіс. Атап айтқанда, барлық астық өнімдері – нан, тоқаш, кеспе, макарон өнімдерімен, жеміс-көкөніспен, қант өнімдерімен, өсімдік майымен және басқа да азық-түлікпен өзімізді қамтамасыз етуді 2014 жылға қарай 80 пайыз көлеміне жеткізу қажет. Жолдау арқылы алға қойылып отырған үшінші міндет – өндірген өнімдердің экспорт­тық әлеуетін көтеріп, олардың шетел рынокта­рына шығуына жол ашу. Бұл міндет те сұранысы мен бәсекеге қабілеттілігі жоғары, рынокта өтімді өнімдер өндірумен жүзеге асатын шара. Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашы­лығы басқармасының бастығы Мұрат Әсілбе­ковтің айтуынша, облыс агроөнеркәсіп кешені алдына қойылған осынау міндеттерді жүйелі атқарып, орындау мақсатында салада өрке­ниет­тік дамуға бейімделген көптеген жаңа­шылдықтарды жүзеге асыру жұмыстары жүргі­зілуде екен. Оның ішінде тұқым шаруашы­лығын дамыту, жеміс-көкөніс өнімдері мен басқа да дақылдарды өндіру үшін тамшылатып суару технологиясын пайдалану, жылыжайлар, жеміс-көкөніс сақтайтын қоймалар салу, ауыл­дық тұтынушылар кооперативтері мен сервис­тік-дайындау орталықтарын құру, шаруашы­лықтарды ірілендіру, қайта өңдеу кәсіпорын­дарын модернизациялап, қайта құру секілді және тағы басқа да нақты жұмыстар жүргізіліп отырғанын айту керек. Бұл тарап­тағы шараларға мемлекет тарапынан, сондай-ақ әр түрлі қаржы институттары арқылы көптеген қолдау шаралары да қарасты­рылыпты. Мысалы, облыстың агроөнеркәсіп кешені саласындағы барша жұмыстарды қолдауға 2009 жылы барлық көздерден 7 млрд. теңгеден аса қар­жы ресурстары (оның ішінде республи­ка­лық бюджеттен тікелей трансферттер түрінде 1,7 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 12,0 млн. теңге) бөлініп, игерілген болса, 2010 жылға  саланың тұрақты дамуына барлық көздерден  11 млрд. теңге (оның ішінде республикалық бюджеттен тікелей транс­ферттер түрінде 1,8 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 162,0 млн. теңге) қаралғаны осы сөзімізге дәлел. Жоғарыда аталған міндеттерді шешу үшін облыста егін шаруашылығындағы әртараптан­дыру аясында 2010 жылдан бастап күздік бидай алқаптарын біршама қысқарту есебінен басым бағыттағы майлы дақылдар: соя, рапс, қант қызылшасы, жеміс-көкөніс, мал азығы дақылдары және басқа да экономикалық жағынан тиімді дақылдардың көлемі көбейтіліпті. Бұл да батыл бетбұрыстардың бірі. Өткен  жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары егілген алқаптар көлемі 471,2 мың гектарды құраса, 2010 жылы олар 520,2 мың гектарға орналастырылған. Ал оның 156,9 мың гектарын күздік бидай алқаптары, 102 мың гектарын бұрынғы жылдары егілген көпжылдық шөптер құраған. Биыл көктемде бұлармен қатар  96,3 мың га жаздық масақты дақылдар,  59,4 мың га  майлы дақылдар, 6 мың га  қант қызылшасы, 5,4 мың га картоп, 11,1 мың га дәндік жүгері, 12,3 мың га көпжылдық шөптер, 17,8 мың га біржылдық шөптер, 24,8 мың га көкөніс-бақша өнімдері мен басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып, жүзеге асырылған. Облыста жыл сайын орта есеппен өндірі­летін 200 мың тоннадан аса азықтық бидайдың 66,1 пайызы өңделіп, қалғандары шаруашы­лықтардың өз қажеттілігіне жұмсалады. Соған қарамастан, облысқа нан, тоқаш және басқа да кондитер тағамдарын өндіруге қажетті сапалы ұн солтүстік облыстардан тасымалданады. Өйткені, Жамбыл облысында өсірілетін бидай мен одан тартылатын ұнның сапасы солтүстік облыстармен салыстырғанда төмен. Бұл алдағы уақытта диқандар қауымы қауырт қолға алып, оң шешімін табуға тырысатын мәселенің бірі. Сонымен бірге гектары “қысқарған” астық дақылдарының орнына бүгінгі күні қауырт көбейіп келе жатқан төрт түлікке қажетті  арпа, тритикали, жүгері сияқты мал азығы да­қыл­дарын, сондай-ақ өсімдік майын шығаруға қажетті  майлы дақылдарды, қант пен шекер шығаруға қажетті  қант қызылша­сының және сұранысы әрдайым жоғары  жеміс-жидек, көкөніс дақылдарының көлемі ұлғайып келе жатқанын да мақұлдамасқа болмайды. Бұл қадам  макарон, түрлі жармалар, нан-тоқаш, кондитерлік тағамдар, өсімдік майлары, қант-шекер, консервіленген жемістер мен көкөніс­тер, құрамажем өнімдерін өндіру бойынша облыста бұрыннан жұмыс істеп тұрған және жаңадан іске қосылып жатқан өндіріс орын­дарын  қажетті шикізат өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз етуге жол ашады деп күтілуде. Тұрғындарды отандық қант өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз етуді жолға қою үшін облыста қант қызылшасын өсіру қайта қолға алынып, оны дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Қазір республика бойынша шығары­латын қанттың 97 пайызы импорттық шикізат – қант құрағынан, яғни тростниктен өндірі­леді. Ал азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына сәйкес өзімізде өндірілген қанттың 20 пайызына отандық шикізат пайдаланылуы тиіс. Осы мақсатта үстіміздегі жылы облыстағы 2 қант зауыты - Тараз қаласындағы “Қант” АҚ пен Меркі ауданындағы “Меркі қант зауыты” ЖШС-ін  қант қызылшасы шикізатымен жеткілікті қамтамасыз ету үшін облыс бойынша қант қызылшасы алқаптары 6 мың гектарға жеткізіліп отыр. Алдағы жылдары ол 12-14 мың гектарға жеткізілмекші екен. Ал көкөніс өнімдері облыс халқының сұраны­сын толық өтеп қана қоймай, сонымен бірге еліміздің солтүстік өңірлеріне шығарып, сатуға  толық жетеді. Мысалы, жамбылдық көкөнісшілер республика бойынша жалпы өндірілетін көкөніс өнімдерінің 30 пайызға жуығын өсіреді. Мәселен, 2009 жылы көкөніс өнімдері 381,1 мың тонна көлемінде өсіріліп, облыс халқының қажеттілігінен 5 есеге артық болды. Дегенмен, облыс халқын көкөніс өнімде­рімен жыл бойы қамтамасыз ету мақсатында бұрнағы жылы облыс бойынша жалпы көлемі 2,86 га 65 жылыжай іске қосылса, өткен  жылы  5,7 га құрайтын 100 жылыжайдың құрылысы аяқталғанынан хабардармыз. Оның ішінде Жамбыл ауданында Жамбыл облысы инновациялық қорының  қаржыландыруымен жалпы көлемі 5,15 га құрайтын 92 жылыжай іске қосылғаны белгілі. Қазір облыста жалпы көлемі 15,2 га құрайтын әр түрлі көкөністер өсірілетін 199 жылыжай бар. Алдағы өнім жинау маусымында бұл жылыжайлардан шамамен 680 тонна көкөніс өнімдерін алу жоспарланып отырған көрінеді. Дей тұрсақта, облыста жеміс-жидек, жүзім өнімдерінің жеткіліксіздігі сезіледі. Бұл өнімдер жыл сайын 8-10 мың тонна көлемінде ғана өндіріліп, облыс халқының жалпы қажеттілігінің 70 пайызға жуығын ғана қамтамасыз етіп отыр.  Сондықтан, облыс рыноктары  жеміс-жидек және жүзім өнімдеріне келгенде ылғи сыртқа тәуелді. Облыс халқын өз жеміс-жидек және жүзім өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында  2008 жылы 1138 га жеміс және 23,1 га жүзім көшеттері отырғызылса, 2009 жылы 1013,8 мың гектарға жеміс дақылдары мен 22,2 га жүзімдіктер  отырғызылған. Биыл бұл дақыл­дарды 115 гектарға орналастыру жоспарланған. Біз сөз етіп отырған басым бағыттағы дақылдардың барлығы да суды көп қажет етеді. Су тапшылығына байланысты оларды ағын сумен мелдектетіп суаруға мүмкіндік жоқ. Сондықтан ауылшаруашылық дақылдарын суаруда үнемдеу технологияларын пайдалану мақсатында 2008 жылы облыста 303 гектар алқапқа, 2009 жылы 900 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, тәп-тәуір нәтиже берген болатын. Басқарма бастығының айтуынша, алдағы жылдары облыс бойынша бұл көрсеткішті 2 мың гектарға жеткізу межеленіп отыр екен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, облыс диқандары тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралардың барлығы да түптеп келгенде, ішкі және сыртқы рынокта өтімді, басым бағыттағы дақылдарды жеткілікті егіп, олардан сапалы да, мол өнім алуға жол ашпақ. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.