Иә, әркім әртүрлі бейнеде қабылдайтын Шыңғысханның дәуірінен кейін қанша қоғам ауысса да, билеуші хақындағы қайшы ой-пікірлер де, аңыз әңгімелер де толастар емес. Бірі оны «ұлы көсем» десе, енді бірі «талай жанның қанын суша шашқан қанішер, жауыз» деп сипаттайды. Әлем оны моңғол деп таныды, ал атақты тарихшылар мен ғалымдар ханды түркі тайпасынан шыққан деседі. Әрине, әр тараптың өз шындығы бар. Десек те, ақиқат – жалқы. Сол ақиқат өз ағысымен арада қаншама жыл өтсе де, тың зерттеулер мен көркем туындыларда там-тұмдап көрініп келеді.
Өткен аптада ел Президентінен бастап, еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген зиялы қауым – өнерге жаны құмар көрермен Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына ағылды. Сахнада – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Думан Рамазанның алғаш рет қойылып отырған «Жошы хан» тарихи драмасы. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
Спектакльге музыканы композитор, этномузыкант Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқымбетов жазған. Қойылымның суретшісі ретінде Ерлан Тұяқов шақырылған. Ал хореографы – Салтанат Сұңғат, сахна сайысын Абылай Салимханов қойды.
Бірнеше күнге созылған премьераға келушілерді санап жатпадық. Бірақ, қаншалықты аншлагпен өткенін түгесілген билет пен орын таппай дағдарған халыққа қарап бағамдай беріңіз. Бейне бір Астанаға Жошының өзі келген бе дерсіз.
Спектакль «Шыңғыс ордасы» мен «Қазақ ордасы» атты бөлімдерден тұрады. Үргеніш шаһарын басып алу кезінде Шағатай мен Жошы арасындағы текетірес хандық ішіндегі дауға ұласуға шақ қалады. Шыңғыс ханның ұлдары арасындағы алауыздықты шешіп, сыртқы жаулардың қитұрқы ойларының жүзеге асуына жол бермеу оқиғалары суреттеледі. Сондай-ақ Шыңғыс ханның өз қарамағындағы жерлерін төрт ұлы арасында ұлыстарға бөлу сахнасы арқылы оның көрегендігі мен сарабдал саясаткерлігін байқайсың. Автор заңғар таулардан асып, терең теңіздерді кешіп, таралғы созылғанша, үзеңгі қажалғанша тыным таппай, қаншама халықты қарамағына қаратып, бір ұлысқа ұйыстырған хан әке мен оғлан Жошының ел билеу жөніндегі ой ерекшеліктері, талғам-түйсіктерін де ерекшелеп өтеді. Кей сәттерде әке шешіміне қатысты өз пікірін ашық айтатын Жошы оғлан бейнесі бүгінгі Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуының ежелгі шарт-талаптарын негіздеуші тұлға Жошы хан бейнесіне дейін көтеріледі.
Түркі баласын бір тудың астына жинап, артынан ерген елдің тыныштығы мен біртұтастығын ойлаған оғлан, Шыңғыс ханнан кейін қаны түркі баласын бір шаңырақтың астына бас қосқызып, бір қазаннан дәм татқызған, тағдырын бір қазыққа байлаған Жошы өмірі – елдің елдігін, ділдің бастауын көрсететін құндылық.
Спектакльде Жошы хан рөлін театрдың жас актері Қайыржан Садықов сомдады. Шыңғыс хан бейнесін екі құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асылбек Қапаев пен Жанқалдыбек Төленабаев ойнады. Қойылымда негізгі, қосалқы рөлдермен қатар көпшілік сахналарында 43 әртіс өнер көрсетті.
Туынды авторы Думан Рамазан хандар тақырыбына бұған дейін де қалам тартып жүргенін білеміз. Атап айтсақ, драматург «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек» тарихи драмаларын жазды. Бәрі де сахналанды. Бұл жолғы шығарманың да өзегі тереңде, жаттанды тарих емес, философиялық ойға жетелейтін сәттері көп екенін байқадық. Санада сұрақ көп: қалай жазылды, қандай деректерге сүйенді, режиссер автордың үмітін ақтады ма? Премьера соңында авторды аз-кем әңгімеге тарттық. Жазушы хандар тақырыбын – қазақ халқының тарихы туралы туындылар деп түсінген абзал дейді.
«Жошы – қазақ хандарының түп атасы. Жошы құрған мемлекет – бүгінгі Қазақстан. Ендеше, Жошы ұлысы туралы жазғанда, бұрынғы тілмен айтқанда, «қыпшақтар», «Қыпшақ хандығы», «Қыпшақ мемлекеті» деп, ал қазіргіше «қазақтар», «Қазақ мемлекеті», «Қазақ хандығы» деп жазсақ, еш қателеспейміз. Шындықтан қашып құтыла алмаймыз. Жошы ұлысы – протоқазақ мемлекеті. Жошы ұлысы мен Алтын Орданың құрылуы – қазақ мемлекеттігінің бастауы. Қазақ хандығының тарихын Керей мен Жәнібектен емес, Жошыдан бастау керек», дейді драматург.
Сондай-ақ ол пьесаның жазылу барысына да тоқталды. «Жазамын деген жанға тақырып табылады. Ал дәл қазіргі сәтте біздің қоғамға өз тарихымызға оралу, оның көркем бейнесін жасап, өскелең ұрпаққа таныстыру ең өзекті мәселе. Пьесаны екі айда жазып шықтым. Жазу қиын болған жоқ, ізденіс пен ойлану кезеңі көп уақытымды алды. Жазуға кіріспес бұрын Шыңғыс хан мен Жошыға қатысты барлық мәліметпен таныстым. Байқағаным, Шыңғыс хан туралы дерек көп болғанымен, Жошы туралы еңбек тым аз. Сонда бар тарихты жиып-теріп, ерекше дүние жасағымыз келді. Пьесаның алғашқы нұсқасында Бөрте ханым болды. Бірақ Дулат Исабековтің «Бөрте» спектаклі қойылған соң қайталамауға тырысып, алып тастадық. Оның орнына Шыңғыс ханның тоқалы Құлан қатын мен Жошының бәйбішесі Бектумышты шығардық».
Иә, Жошының айналасында оқиға көп: таққа талас, хан әкенің қаһары, етектен алған жау, іштен шыққан сатқын... Алайда автор көркем туындыда мұндай сұрқай көріністерді көп суреттемеуге тырысыпты.
«Бұл шығарманы жазуда негізінен философия мен ойға құрдым. Көбінесе іс-әрекет пен қимылға емес, астарындағы ойға, көрерменнің санасына жететін ойға баса мән бердім. Сондықтан пьесаны сахналамас бұрын режиссермен келісіп алдым. Сахнада атыс-шабыс, соғыстан гөрі қазаққа, ұлтқа қажетті ой айтайық дедім. Болат Ұзақов та мені толық құптады. Халыққа рухани нәр беретін ерекше туынды жасағымыз келді. Енді шын бағасын көрермен берер», дейді Думан Рамазан.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьераға барғанда өнер ордасына ұлттық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Тиісті Жарлық қазан айында Республика күні қарсаңында жарияланады.