Суретті түсірген Азамат ҚҰСАЙЫНОВ
БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Алматыдағы Достық үйінде «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, кәсіби журналистиканың келешегіне қатысты мазмұнды әңгіме өрбіді. Қазақ медиа қауымдастығының ұйытқы болуымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен жиында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Думан Анаш Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау лебізін жеткізді. Құттықтауда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген 2 ақпанды «Ұлттық баспасөз күні» деп атау туралы бастама көтерілгені айтылады.
Отандық БАҚ-тың болашағы мен беталысы талқыланған отырыста тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова басылымның бір жылдығына орай жарияланған «2-ші феурал» деген бас мақалада тәуекел деп газет шығаруды бастағанда, басылымның небәрі 750 сом қаражаты болғанын, жабылуға шақ қалғанда қалталы азаматтар жұмыла көтермелеп, жәрдем бергенін алға тартты. Ал бұл деректі «Жұрт азаматтарының бір сыпыралары пұл жағынан, бір сыпыралары қаламмен, білім жағынан, бір сыпыралары екі жағынан да жәрдем етті» деп, «Қазақ» газеті атынан алғыс жазған Ахмет Байтұрсынұлының жазбасы дәйектейді.
Ғалым Светлана Смағұлова «Қазақ» газетінің бейресми энциклопедиялық басылым болғанын, бұрын 264 данасы шыққан газеттің Мәмбет Қойгелдінің зерттеуімен тағы 2 саны табылғанын, яғни барлығы 266 нөмірі шыққанын, редакция сан рет қуғындалса да сол кезеңдегі қоғамның күнделікті тыныс-тіршілігінен толық хабар бергенін жеткізді.
Десек те, әлі де тағдыр талайы таусылмай келе жатқан қазақ басылымдарының бүгінгі ахуалы нендей десек, Думан Анаш «Қазақ» газеті мен «Қазақ газеттері» ЖШС арасындағы үзілмеген жалғастық «Ұшқынға» ұласқанын, қазіргі «Egemen Qazaqstan»-ның «Қазақ» газетінің баспахана құралдарын пайдалана отырып алғаш рет жарық көргенін еске сала келе, қазіргі дәстүрлі басылымдарды қоғам сұранысына сай жетілдіру, әлеуметтік желімен интеграциялау мен жазылым науқанын ұйымдастыру, қаржылық жағдайы да бұрынғыша өзекті екендігін атады. Бүгінде «Қазақ газеттерінің» құрамына 12 басылым, 3 интернет портал кіреді. «Қазіргі басылымдар – «Қазақ» газетінің мұрагерлері. Кейбіреулер «Мерзімді баспасөз керек пе?» дейді. Әрине, керек. Баспасөзге жарнама беру бұрынғыдан азайды. Сол үшін әлеуметтік желідегі арналарымызды дамытуға күш салып жатырмыз», деді Думан Анаш.
Белгілі журналист, медиаменеджер Серік Жанболат ақпараттық шайқас соғыс деңгейінен де асып кеткен қазіргі кезеңде ақпараттық саясатқа жіті көңіл бөлу керегін, бірақ кейбір қадамдар қазақ газеттерін өсіруге емес, өшіруге, мәселен «Қазпошта» банктермен бәсекеге түсіп кеткенін, шетелдік ақпараттық акциялардың үлесін кеміту жөнінде мәселе көтерді. Журналист «Қазақ» газеті де кезінде қыспақ көріп қана қоймай, қуғынға ұшырап, айыппұл төлеп отыруға мәжбүр болғанын еске салды. Газеттің қызықты тарихын мына дерекпен де дәйектеуге болады. Ғасырдан астам уақыт бұрын жарық көрген басылым сол заманда «Титаниктің» суға батқаны туралы да ақпарат берген екен.
«Міржақып Дулатұлы тақыр жерден «Қазақ» газетін бес жыл бойы шығарған Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына орай жариялаған өмірбаяндық очеркінде басылым жарық көрген жылдары елдегі келеңсіз жайттарды, парақорлықты, алаяқтықты айқын сынға алғаны үшін бірнеше рет патша әкімшілігі тарапынан салынған айыппұлдарды төлеуге мәжбүр болғанын келтіреді. Осыдан кейін «Қазақ» газеті патша әкімшілігінің қатаң бақылауына ілігіп, әрбір жарияланған мақала жіті тексеруден өткені, алайда 1918 жылы ұлтшыл бағытты ұстанған басылым жабылып тынғаны белгілі», дейді ғалым Светлана Смағұлова.
Ал бізді ойландыратыны – ендігі ақпараттық саясаттың тұтастығына, ауызбіршілікке, елдік мүддеге бүгінгі БАҚ қалай ықпал етеді, қандай қызмет атқарады деген сауал. Бұл сұрақ ақпарат айдынындағы тәжірибелі журналистерді де толғандырады.
Жиын модераторы, Қазақ медиа қауымдастығы жетекшісінің орынбасары Өміржан Әбдіхалықұлы ақпараттық мәдениет пен ақпаратты тұтыну мәдениетіне көңіл аудара отырып, ұлттық баспасөз ұғымын енгізу, іргелі баспасөзге ұлттық мәртебе беру, әлеуметтік желіде қазақша контент өндірудің өзектілігін қоғамға жан-жақты жеткізу жайын әңгімеледі.
«Qazaq» газеті болып қазір қайта шығып жатқан басылымның редакторы Жасұлан Мәуленұлы биыл 2 ақпанда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне «Қазақ» газетінің 1916, 1917, 1918 жылдардағы саны көптомдық ретінде жинақталып тұрса да, оны басуға қаржы қолбайлау болып тұрғаны мәселе ретінде жеткізілгенін, аталған көптомдық Сұлтан хан Аққұлұлы жетекшілік ететін институттан жақында шығарылатынын жеткізіп, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
«Dalanews.kz»-тің бас редакторы Думан Бықай «Нью-Йорк Таймс» газетінің әлеуметтік желіде 7 миллионнан астам жазылушысы бар екенін, қазір кейбір блогерлердің семинарына 90 мың теңгесін аямайтын азаматтар дәстүрлі медиаға 900 теңгесін қимайтынын, сондықтан аудиторияның психологиясын түсіну мен оны зерттеу қажеттігін, басылымдар мемлекетпен жұмыс істеу, оқырманмен байланыс орнату және нарықтан табыс табу сынды ошақтың үш бұтындай қағидамен қарекет етуге тиіс екенін алға тартты. Сондықтан әлеуметтік желіде қамту аясы ауқымды болғанымен, ықпал ету аясының аздығы факторын да айта кеткен абзал.
Осы орайда Думан Анаш та соңғы үш жылда талай дүниенің құны шарықтап, баспахана мен қағаздың құны қымбаттап, мерзімді басылымдарды жеткізу әлдеқайда өскенімен, жазылу бағасы сол күйінде қалғанын айта келе, осы тығырықтан шығудың жолдарына қатысты сөз қозғады. Ал «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп газеттер экономикалық жағынан тәуелсіз болса ғана тәуелсіз басылым деп айтуға болатынын, ал талай қазақ баспасөзі бұл жағынан әлі де қауқарлы еместігін, қаржылық мүмкіндігі шектеулі екенін жеткізді. Өз кезегінде Думан Бықай: «Басылымдар таралымын көтеруге мәжбүрлеу жоқ. Бірақ жазылушы, өнімді сатып алушы жоқ», десе, «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева «Жұрт газетке құқықтық көмек алу үшін көп жүгінсе де, жазылуды ойламайды», дегенді алға тартты.
Мұнан кейін сөз алған «Алатау-ақпарат» медиа холдингінің басшысы Ержан Төлек дөңгелек үстелдегі көтерілген мәселелер дәстүрлі медиаға сенімнің азаюы салдарынан туындағанын, сол себепті дәстүрлі медиа мен жаңа медианы үйлестіру керегін, салалық контенттерді жетілдіруге қаржы бөлу, ақпараттың ластығынан арылу мақсатында жұмыс жүргізілуі қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Ерғалиұлы, «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева, «Адырна» интернет-порталының бас редакторы Арман Әубәкір сияқты әріптестеріміздің орынды пікірлері ретімен тиісті мекемелер тарапынан шешім табатынына сенеміз.
Халықтың әлеуметтік тіршілігі, талғамы мен табысы өз дегенін жасап отырғанын мойындау керек. Мәселенің бір ұшы халықтың қалтасына, тіл мәселесіне де барып тірелетіні айтылмай қалған жоқ. Экономиканың тілі қазақша болмай, шешім қабылдайтын адамдар қазақша сөйлемей, жарнама берушілер мемлекеттік тілдің өркендеуіне мүдделілік танытпай, ұлттық БАҚ-тың бағы жануы неғайбіл. Осы орайда іскерлік журналистиканы ішінен білетін Серік Жанболат «Оқырман газет, журналға жазылу, оқу үшін барлық сегментте табыс пен табысты адамдар көбеюі керек», деді.
Жиын модераторы Өміржан Әбдіхалықұлы отырыста айтылған сөз айтылған жерінде қалмай, құзырлы мекемелерге жүйеленіп, жинақталып жеткізілетінін айта келе: «Қазақ» газетінің 266 саны толық зерттелген. Соңғы екі саны кітап болып басылмақ. Бұрынғы және кейінгі тарихи қазақ баспасөзінің электронды каталогін жасау мәселесін кезекті рет қозғап отырмыз. Бүгінгі басқосу – Қазақ медиа қауымдастығы ұйымдастырып отырған алғашқы іс-шара. Алдағы уақытта қазақтілді медианың бүгіні мен болашағы сөз болатын мұндай алқалы отырыстарды жалғастырмыз», деді.
АЛМАТЫ