Ұлттық өнер – төл тарихтың бір бұтағы іспетті. Оны сындырып алуға болмайды. Ғалымдар қазақ қуыршақ өнерінің тарихы Ортекеден бастау алады дегенді құптайды. Себебі Ортекенің қимылында қуыршақ театрының элементтері бар. Алайда ресми түрде елде қуыршақ театры 1935 жылы Алматы қаласында ашылған. Содан бері қуыршақ театрының майталмандары ұлттық құндылықтарымызды айшықтайтын қаншама төл туындының тұсауын кесті.
Енді орайы келгенде фестиваль тарихына да аз-кем тоқталсақ. Халықаралық деңгейдегі іс-шара алғаш 2015 жылы өткен. Кейін араға екі жыл салып, қайта түндігін түрген. Астана қуыршақ театры ашылған күннен бастап әлемдік театрлармен тығыз байланыс орнатыпты. Театр ұжымы екі мәрте фестиваль өткізумен шектелмей, халықаралық театр додаларына да қатысып, шетелдік көрермендерін тәнті етіп жүр. Фестивальдың ашылу салтанатынан кейін Астана қуыршақ театрының ұжымы көрерменге қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратованың «Әжемнің ертегісі» қойылымын ұсынған. Себебі аталған фестивальдың өзі өнер майталманы Құралай Ешмұратованың есімімен аталды. Қала күніне орай өтіп жатқан халықаралық фестивальға Астана қаласы әкімдігімен қатар Мәдениет басқармасы қолдау көрсеткен.
I Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестиваліне Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Түркия, Тәжікстан, Италия, Тунис, Бельгия, Босния және Герцеговина сияқты біршама мемлекеттің өнерпаздары қатысқан. Осынау мерекеде алыс-жақын елдегі өнерпаздар «Eurasia puppet» – қуыршақ театрлары ассоциациясын құру жөнінде меморандумға қол қойған. Осы меморандум театрлар арасындағы байланысты нығайтуға септескен. Содан бері елдің қуыршақ театры әлемдік ұжымдармен достық қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдаудан қол үзбеген.
Астанадағы қуыршақ театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып еңбек ететін Қуат Ежембектің айтуынша, ел және әлем өнерпаздарының шығармаларын тамашалауға келген балалардың санында шек жоқ.
– Фестивальдың әуелгі мақсаты – өнерпаздардың шығармашылығын шыңдап, әріптестермен тәжірибе алмасу. Әлі де осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Астанада қуыршақ театры 2007 жылы Жастар театрының жанынан құрылса, 2010 жылы өз алдына бөлек ұжым болып ашылды. Осындай халықаралық дәрежедегі фестивальдардан байқағанымыз, әр ұлттың қуыршақ театрының өзіндік ұлттық айшықтары бар. Актерлердің де ерекшеліктері бірден байқалады. Мысалы, қазақ актерлері темпераментті болып келеді. Қытай қуыршақ театрының 4-5 мың жылдық тарихы бар деседі. Олардың да қойылымынан ұлттық болмыс сезіліп тұрады. Біз де өзге елдердің актерлерінен қалыспаймыз. Небір шеберлеріміз бар. Фестиваль аясында барлық қойылым тегін көрсетіліп жатыр. Көрермен тек ұйымдастырушыларға алдын ала хабарласып, орынды сайлап қойса жеткілікті. 25 маусымнан, яғни фестиваль басталғаннан шоқтығы биік қойылымдарды тамашалауға келіп жатқан көрермен көп. Олардың арасында отбасымен келген бүлдіршіндер де бар. Өзім 2015 жылы қуыршақ театрына жұмысқа барғанымда орыс тіліндегі қойылымдарға көрермен көп келетінін байқадым. Қазір қазақ тіліндегі қойылымдарды тамашалауға келетін балалар олардан асып түседі десем артық айтқаным емес. Бұл бізді қуантады. Өнерпаздарды шабыттандырады, – дейді ол.
Осы тұста Қуат Ежембек қуыршақ театрында сахналанған шоқтығы биік туындылардың көп екенін айтып қалды. Бөлім меңгерушісі Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы желісіндегі қойылымды, Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесінің желісі бойынша сахналанған «Атамекен» қойылымына тоқталып, балаларға арналған тағылымды шығармаларды да тізіп өтті.
Осы жолы қуыршақ театрлары фестиваліне Қытай, Перу, Түркия, Сербия, Эстония, Ресей, Өзбекстаннан және Астанамен қоса есептегенде Алматы, Шымкент, Ақтау, Қостанай, Петропавл қалаларынан келген 13 ұжым қатысып жатыр. Фестиваль аясында әріптестер шеберлік сабақтарын өткізуге де ниет білдірген. Енді 29 маусымға дейін қуыршақ театрларының өнерпаздары балаларға қайталанбас туындыларын ұсынады. Кейін, дарабоздардың ішінде дараланған қойылымдарды театр түлектері мен озат оқушылардан құралған қазылар алқасы бағалайды.