Әжесінің тәрбиесін көрген, үлкендердің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен Дәмір өз ауылындағы №23-мектепте оқыды. Бұл мектеп аудандағы барлық мектептердің ішіндегі ең үлкен үш тілде оқытылатын (қазақ, өзбек, орыс) мектебі еді. Дәмір қазақ сыныбында оқыды. Алдымен әжесінің айтуымен, кейіннен өзінің қызығушылығымен әдеби-көркем шығармаларды, халық ертегілерін, аңыз-әңгімелерді, батырлар жырын көп оқитын. Әжесінің тамаша әңгімелері мен қызық ертегілері Дәмірдің жан дүниесін байытты. Ұлттық салт-дәстүрді, ұлтжандылықты, отан сүйгіштік қасиеттерді санасына сіңдіріп өсті. Онымен қоса Дәмір еңбексүйгіштігімен де өзге қатарлас достарынан ерекшеленді. Он екі жасынан бастап сол кезде байланыс бөлімінде істейтін шешесіне көмекші болып, газет-журнал таратты. Ауылға келетін бар газет-журнал оның көз алдынан өтетін. Ол кезде ел ішінде баспасөзге деген қызығушылық өте күшті болды. Сол кездегі әйгілі басылымдар – «Балдырған», «Мәдениет және тұрмыс», «Ара» журналдарын, «Білім және еңбек», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газеттерін бір-бірлеп оқып шығатын.
Кейіннен Дәмірдің осы қызығушылығы өз жемісін берді. Алдымен аудандық «Суръат-Қарқын» газетіне қарапайым еңбек адамы, оның күнделікті өмірі жайлы, ал республикалық «Достық туы», кейіннен «Нұрлы жол» газеттеріне елді ынтымақ-бірлікке шақыратын, түрлі мәдени шараларға, елге еңбегі сіңген тұлғалардың мерейтойларына арналған мақалалар жазатын болды.
1970 жылы орта мектепті аяқтаған соң Дәмір арман қуып Алматыға мал-дәрігерлік институтына құжатын тапсырып, оқуға түсе алмады, бірақ екі жыл өткен соң өз білімін күн-түн шыңдап, ҚазМУ–дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Бірінші семестірді аяқтап, үйіне демалысқа келеді, 82 жасқа келген әжесін, оның қартайып «ақ үрпек ана» болып сыр бере бастағанын көріп, әжесін тастап Алматыға қайтып кетуге көзі қимады. Оқуды тастап әжесіне қамқоршы болатын келін әкеледі. Осылайша Теша ананың қызы Гүлсіммен табысып, отбасы құрады. Ал Алматыдағы оқу арман болып қала берді.
Ал Гүлсім апай 15 жыл бойы Қыздығой әженің алғысына бөленіп жүрді. Бүгінгі таңда 50 жылдан бері Дәмір Қалдыбаевтар әулетінде «ақбұрым әже» атанып, 15 немере ортасында келінге бас болып «бақытқа шомылып» жүрген жайы бар.
Жаңа отбасы құрған Дәмір өзінің еңбек жолын 1972 жылы Ташкент уәлиятындағы «ауылдық транспорт арнайы құрылысы» трестінде қарапайым жұмысшы болып бастайды. Осы жерде 15 жыл жұмыс істеген соң, 1989 жылы Ташкент қаласында ашылған қазақ мәдени орталығында референт болып қызмет ете бастайды.
«Аққа қара жоқ, қараға шара жоқ» демекші Дәмір 34 жыл ішінде мәдени орталықтың жұмысын ойдағыдай алып бару үшін бар күш-жігерін, білімін, өмірлік тәжірибесін аянбай келеді. Түрлі қарама-қайшылықтарды өзінің сабырлығы мен төзімділігінің арқасында жеңе білді. Қазіргі біздің Дәмір туралы жоғарыда айтқандарымыз оның орындап жатқан жұмыстарының бір парағы ғана. Әр тұлғаға кемінде үш рет барып келген болса үш жүз рет жолда жүрген болады. Алла нәсіп етсе, Дәмірдің алдында өзі жоспарлап қойған талай жұмыстары бар, ел болып, жұрт болып соның барлығын орындау нәсіп етсін дейміз.
Грек философы Эпикур «Жастарды емес, бәлкім өмірін жақсы жасап жатқан қарт адамдарды бақытты санау қажет» демекші өз өмірін жақсы жасап қарттар қатарына кірмекші болып жатқан Дәмір Ергешұлы бақытты дегіміз келеді.
Қай жерде жұмыс істемесін ол ешқашан «мен жақсымын, мен мынадай жұмыс атқардым» деп міндетсінбеді. Ол ұйымдастырушылығы мен ұлтжандылығынан танбады. Ана тілімізде шығатын «Нұрлы жолға» жазылуды үгіт-насихаттаудан жалықпады, өзі де кө мақала жазған жанның бірі. Ол «Мектебім» өлеңін, «Абай есімі ардақты», «Мін тағыспайық, тіл табысайық», «Көсегеміз қайтсек көгереді?», «Ауыл приглашает гостей» деген мақалалары республикалық басылымдарда жарық көрген. Біз тек мысалға ғана бірен саранын атадық.
Дәмірдің тағы бір жақсы қасиеті - ұқыптылығы. Оның жеке архивінен орталықтың құрылуына, тарихына тиісті кез-келген құжаттыоп-оңай таба аласыз. Газета-журналдарда жарық көрген материалдардың түп нұсқасы да, көшірмесі де ретімен жинақталған, тіптң іздесеңіз де таптырмайтын фотосуреттерді, дисктерді, қысқасы әрбір сұрағыңызға толық жауап аласыз.
«Алмас тастың қыры көп» демекші Дәмірдің де қыры мен сыры көп. Оның әкелік қамқорлығы бір төбе, ұлдары – Жақсылық, Қуаныш, Жандос, Айдос. Бүгінде бір-бір үлгілі жанұяның басшысы. Үш ұлы жоғары білімді, кенжесі эстрада колледжін бітірген, бүгінде ансамбльде өнер көрсетіп жүр. Сол ұлдарынан өрбіген немерелерінің қызығын Гүлсім Теша қызымен көріп отыр.
2019 жыл 30 ноябрде Ташкент уәлияты қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы болып сайланған Дәмір Ергешұлы Қалдыбаев бүгінгі таңға дейін осы жұмысты республика уәлаятттары арасындағы кәріс, тәжік, орыс, қырғыз, әзербайжан, ұйғыр ұлттары мәдени орталықтарының жұмысын жоғары рейтингке көтерді десек дәл айтқан боламыз.
Өзбек пен қазақ халқының арасындағы достыққа дәнекер, жақсылыққа себепкер болып келе жатқан Дәмір Ергешұлы биыл 20-шы мамырда 70-ші көктемін қарсы алып отыр. Физика заңы бойынша адам жасайтын үйдің ысылту желісінде ыстық су мен суық судың кездесуі және оларға оттың жанып тұруы сулардың әрекет жасап, қозғалып тұруы сияқты адамзатта ар-намыстысы мен намыссызының кездесуі әрекет жасауға әкеліп соғады. Дәмірдің ешқашан әлеуметтік белсенділігі тоқтамасын, өзіндік ұстанымы бар Дәмір Ергешұлы сияқты тұлғалардың өмір жолымен танысып, өзімізге үлгі боларлық өнеге алсақ арзиды.