Аймақтар • 29 Маусым, 2023

Қыстың қамын жаз ойла

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» қы­­раулы да қатал қыс әрдайым біз­дің өңір тұрғындарын абыржыта, сескендіре келетіні бар. Өт­кеннен сабақ алуға селқостық басым.

Қыстың қамын жаз ойла

Өткен жылы Степногорск қала­сы­ның­­ тұр­ғындары қыс бойы алаң­дап шықты. Қала­да­ғы жылу электр орталығы сонау 1966 жылы пай­­да­­лануға берілген. Содан бері жіті кө­ңіл­ бөлі­ніп, күрделі жөндеу жасалмап­ты.­ Жылу электр орталығы мен шаһар арасындағы 21 шақырым, ал қала ішіндегі жүздеген ша­қы­рым­дық жылу құбырының 60 па­йыздан астамы қа­у­сап, тозып тұр. Қыс­та қысым көбейген кезде желі бойын­да­ғы апаттың жиі болатындығы да сон­­дықтан. Бұл туралы облыс әкімінің таяу­да өткі­зген баспасөз конференциясында да айтылды.

Былтыр ағымдағы жөндеу жұмысын жүр­гізуге 3 миллиард теңге қаражат жұм­сал­са, биыл осы мақсатқа 5 мил­лиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Жылу электр орталығының бір бөлігі қала­лық шаруашылық балансына алынған. Қазір­гі күні ең тозығы жеткен құрылғылар жөн­делу үстінде.

Орталықтың үш қазандығы және су қыз­дыратын қазандығы күрделі жөн­деу­ден өткі­зілген. 2021 жылы жалпы көлемі 2 миллиард теңгеге жылу электр орта­лығының негізгі және қосымша жабдықтары жөндеуден өткізілгенімен, қала тұрғындарын жылумен толық әрі сапалы қамтамасыз ете алмай отыр. Өткен қыста қала тұрғындары тарапынан арыз-шағым үзілмеді. Арнайы комиссия құрылып, мән-жайды анықтағанымен, қыраулы қыста қол қысқа. Сондықтан «қатал сыншының» тезіне төтеп беруді жазда ойлаған дұрыс. Сол кезде қала әкімдігі тарапынан жылу электр орталығының қондырғылары тозуы­мен қатар, кадр тапшылығы туралы да уәж айтылған. Мәселен, жылу беру маусымында 88 маманның орны бос тұрды. Атап айтқанда, қазандық машинистері, турбина және қазандық операторлары тәрізді бесаспап мамандар қасқалдақтың қанындай тапшы болып тұр. Білікті сантехниктерді күндіз қолыңа шам алып іздесең де таба алмайсың. Бұрынғы он саусағынан өнер тамған мамандар әлдеқашан зейнет демалысына шығып кеткен. Олардың орнын толтыратын жас буын бейнеті көп, еңбекақысы аз мамандыққа қызығушылық танытпайды. Маман болмаған соң іс алға жылжыр ма?! Оның үстіне қаладағы көпқабатты үйлердің басым көпшілігі осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Жертөлелердегі жылу тарататын жүйенің де тозығы жеткен. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, тозығы жеткен дүние уақытылы жөндеу көрмеген. Әрине, пәтер иелері кооперативтері мен көп қабатты үйдің тұрғындары бұл мәселені өздері шешу керек. Екіншіден, қаланың ішкі жылу желілерімен жылу электр орталығынан келетін 21 шақырымдық желіні түгел ауыстырмай болмайтын тәрізді.

Биыл жаз шыға қала басшылығы қа­уырт қимылға көшкен. Әрине, Үкі­мет­ қорынан бөлінген қаржының кө­ме­гімен коммуналдық меншікке алын­ған 29 шақырымдық жылу желісі жөн­делуде. Бұл жұмысқа 2 миллиард тең­­ге қаражат қарастырылып отыр. Жұ­­мысты атқарушы мердігер – «УК Строй» серіктестігі. Серіктестікке ал­­дын-ала төлем ретінде 600 миллион­ те­ң­ге қаражат бағытталған. 160 метр­лік­ ор қазылды. Қажетті құ­бырлар мау­сымның 14-нен 17 шіл­деге де­йін­ жеткізілмек. Өзге де қа­жет­ті құ­рыл­ғы­лар­ екі аптаның ішінде Степ­но­горскіге әке­лінеді деп жоспарла­ну­да.

Мұндай мәселе облыс орталығында да бар. Өйткені Көкшетау қаласында көпқабатты жаңа тұрғын үйлердің құ­ры­лысы қарқынды жүргізілді. Ал, бұ­рын­ғы қазандықтар мұншалықты кө­лемді жылумен қамтамасыз ете алмайды. Көкшетау – шын мә­нін­де­ жылу және электр энергия­сын өн­дір­мейтін жалғыз облыс орталығы. Қала екі қазандықпен жылыты­ла­ды.­­ Көмірмен бірге мазут та жа­ғы­ла­­­ды. Шығын көп болғандықтан, тө­ле­­­м­­ақының өсуі де ықтимал. Ал бұл тұр­­ғындардың орынды өкпе-рені­шін ту­­дырады. 617 миллион теңге Үкі­мет­­ қорынан бөлініп, ұзындығы 3,3 ша­­қырым болатын жылу желісі жаң­ар­­­тылмақ. Оның үстіне қақаған қыс­­та жылу шығыны болмауы үшін ж­ы­лу желісі арнайы материалдармен қам­тыл­мақ. Бұл жұмысты атқару үшін жо­ға­рыда аталған серіктестікпен 585,2 мил­лион теңгеге келісімшарт жаса­лып­ отыр. Ескі желіні қопарып алу жұ­мыстары басталды. Қажетті құбыр­лар­ жеткізілді. Сондай-ақ «Кат Тех­но­­лод­жии» серіктестігімен сусорғыларды ал­мас­тыруға келісімшарт жасал­ды­.­ 32,45 миллион теңгеге үш сусорғы алын­бақ.

Бірінші және екінші аудандық қа­зан­дық­тардың түтін мұржасын жөн­деу­ден өт­кізу жоспарлануда. №7 су жы­лытатын қазан­дық­қа ағымдағы жөн­деу­ жасалады. №8, 9 және 10-ыншы жы­лу агрегаттары ағымдағы жөн­деу­ден­ өткізілмек. Бұл жұмысқа 2 мил­лиард­ теңге қаражат қарастырылған. Бү­­гінгі таңда №8 жылу агрегатының құ­­рыл­ғы­ларын ауыс­тыру жұмыстары жүр­гі­­­з­і­луде. Барлық көлемнің 90 пайызға жуық­ жұмысы атқарылды. Күрделі істі­ «Пром­ЭнергоНаладка» серіктестігі қол­ға­ алған.

Қысқа қапысыз қамдансақ қана сы­нақ­­тан сүрінбей өтетіндігіміз белгілі. Де­мек­ арқаны кеңге салудың еш реті жоқ.­

 

Ақмола облысы